ВС РК - Постановление от 20.11.2020 по делу 6001-20-00-6кп/65 (Об административном правонарушении)

көшірмесі

6кп-65-20

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 19 қараша Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы А. Қыдырбаева,

судьялар А. Рахметулин, Ж. Ермағамбетова,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],

құқық бұзушы К[...] (K[...]) және оның адвокаты К[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында мобилді бейнеконференц байланыс арқылы Алматы облысы Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуымен келіп түскен

К[...] (K[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Алматы облысы Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен К[...] ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды көрсетілген.

Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі прокурордың қорытындысын, К[...] және оның адвокаты К[...] түсініктемелерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.

ӘҚБтК-нің 840-бабының 4) тармақшасы бойынша тағайындалған әкімшілік жаза жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатына, жеке басына сәйкес келмеген жағдайда сот қаулысын өзгертуге негіз болады.

Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматшасы К[...] 2019 жылғы 25 қазанға дейінгі мерзімге тіркелген, көрсетілген мерзім өткеннен соң, үш тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан Республикасынан кетуден жалтарған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.

Бірінші сатыдағы сот К[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған. Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.

ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Іс материалдары бойынша К[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін және жүкті болғанын көрсеткен. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танып, жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта туу туралы куәлік бойынша К[...] баласы Е[...] 21 ақпан 2020 жылы Қазақстан Республикасында дүниеге келген. Әке болуды анықтау туралы куәлігіне сәйкес Қазақстан Републикасының азаматы Н[...] баланың әкесі болып танылған.

Іс бойынша сот қаулысы некені, отбасы мен баланы қорғау қағидаттарына сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.

Сонымен бірге, сотпен тағайындаған жаза Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңда бекітілген балалардың қажетті өмір сүру деңгейіне, өз ата-аналарынан күтіпбағу, отбасында тұру және тәрбиелену, ата-аналарымен бірге тұру құқықтарын бұзады.

ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу түріндегі әкімшілік жаза қолдану көзделген.

К[...] көрсетілген жазалардың ішінде әкімшілік жолмен шығарып жіберу жөнінде сот қатаң жаза тағайындаған.

Сондықтан алқа К[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, жаза ретінде 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды дұрыс деп есептейді.

Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік айыппұлдың мөлшерінің отыз пайызынан асырмай қысқартуға болады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтКнің 840-бабы 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша К[...] (K[...]) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Алматы облысы Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысы өзгертілсін.

К[...] (K[...]) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 26 513 (жиырма алты мың бес жүз он үш) теңге айыппұл салынсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева А. Рахметулин Ж. Ермағамбетова А. Қыдырбаева

Судьялар

Көшірмесі дұрыс, Төрағалық етуші

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.