№6003-25-00-2к/4887
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 2 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, прокурор Л.Е.Жоламанованың, талап қоюшы өкілі Х.А.Карабаевтың, жауапкер өкілі Н.М.Касымбековтың,
үшінші тұлға өкілі Н.М.Керімбековтың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 17 сәуірдегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы «Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Венера»» шаруа қожалығына қағида талаптары сақталмағандықтан бөлінген субсидия сомасын мемлекет кірісіне өндіру жайлы электрондық азаматтық ісін қарап,
«Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) сотқа талап қоюмен жүгініп, онда Қағида талаптары сақталмағандықтан жауапкер «Венера» шаруа қожалығынан (бұдан әрі-Қожалық) мемлекет кірісіне 20 978 000 теңге бөлінген субсидия қаражатын өндіруді сұраған.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 17 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған, Қожалықтан мемлекет кірісіне 16 978 000 теңге субсидия қаражаты өндіріліп, талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот шығыстары тиісінше бөлінген. Талап қоюдың ішінара қанағаттандырылуына, бірінші сатыдағы соттың Қожалықпен берілген субсидиялау жөніндегі 5 өтінімнің 3 бойынша мал басын сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемесі орындалмағаны туралы тұжырымға келуі негіз болған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз, Қожалықтың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкердің кассациялық шағымы, соттармен материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, үлгі өтінішке сәйкес мал басының өтінім берушінің меншігінде болуы міндетті шарт болып табылмайтынына, қағидада мал басын бір жыл сақтау міндеті көзделмегеніне,
мал басының жыл бойы сақталғанына, талап қою мерзімі өтіп кеткеніне негізделіп, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығару сұралған.
Талап қоюшы кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, жауапкердің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайлары іс құжаттарымен жоққа шығарылғандықтан, шағым берілген сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 271бабына сәйкес мiндеттемелер осы Кодекстiң 7-бабында көрсетiлген шарттан, зиян келтiруден немесе өзге де негiздерден пайда болады.
АК-тің 272-бабының талабы бойынша мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығымен бектіліген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» қағидасының талаптарына сәйкес, тауар өндіруші субсидияланған аналық және еркек мал басының табиғи кему нормалары шегіндегі өлім-жітімді, жарамсыздарын қоспағанда, белгіленген мерзім ішінде, яғни, отандық немесе шет елден сатып алған малын - 2 жыл, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу кезінде қатыстырған аналық мал бастарын - 1 жыл сақталуын қамтамасыз етуге, ал осы талап орындалмаған жағдайда алынған субсидияларды сақталмаған ауылшаруашылығы жануарларының бастарына сәйкес қайтаруға міндеттеме қабылдайды.
Соттармен анықталғаны, Қожалықпен осы Қағида аясында субсидиялай өтінімдері негізінде:
2019 жылғы 26 маусымдағы №0101001659 100 бас ірі қара малдың тауарлық аналық бастарымен селекциялық жұмыстарын жүргізуге 1 000 000 теңге;
2020 жылғы 31 наурыздағы №0901003509 сыйымдылығы бір уақытта кемінде 1 000 бас болатын бордақылау алаңдарына бордақылау үшін 118 бас бұқашықты өткізу үшін 6 993 000 теңге;
2020 жылғы 5 мамырдағы №0501009131 ақ басты 20 бас асыл тұқымды бұқаларды сатып алуына 3 000 000 теңге;
2020 жылғы 25 қарашадағы №037002002536 2020 жылы қойлардың тауарлық аналық бастарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге 4 995 000 теңге;
2021 жылғы 29 сәуірдегі №012001007384 499 бас ірі қара малдың тауарлық аналық бастарымен селекциялық жұмыстар жүргізуге 4 990 000 теңге, барлығы 20 978 000 теңге субсидия қаражаты берілген.
Олардың ішінен сотта істі қарауда №0901003509 өтінімі бойынша 118 бас бұқашықтар дерекқор базасына 2019 жылғы 14 желтоқсанда кіріске алынып, 2019 жылғы 15 желтоқсанда дерекқор базасынан шығарылғаны;
№037002002536 өтінімі бойынша дерекқор базасына мал басы 2020 жылғы 10 қарашада кіріске алынып, 2021 жылғы 6 тамызда дерекқор базасынан шығарылып, 2021 жылғы 12 тамызда кіріске қайта алынып, 2022 жылғы 14 маусымда қайта шығарылғаны;
№012001007384 санды өтінімі бойынша, өтінімде көрсетілген сырға белгілері бойынша дерекқор базасына 2020 жылғы 9 шілдеде кіріске алынып, 2022 жылғы 23 тамызда дерекқор базасынан шығарылғаны анықталған.
Одан бөлек, Қожалықпен №0101001659 өтінімі берілген уақытында субсидия алу үшін ұсынған құжаттарында көрсетілген деректердің дұрыс еместігі анықталған.
Аталған мән-жайлар құзырлы орган болып табылатын Түркістан облысы ветеринария басқармасының «Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен берілген мәліметімен, құжаттарымен (2025 жылғы 28 наурыздағы №5156-25-5-21/4218) расталған, олар жауапкермен жоққа шығарылмаған.
Сәкесінше жауапкер тарапынан аталған өтінімдер бойынша Қағида талаптарының бұзылуына жол беріліп, белгіленген мерзім ішінде мал басының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемесі орындалмаған.
Жоғарыда аталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот соттардың бұл тұжырымдарымен келіседі, себебі олар жауапкермен АПК-тің 72-бабының талабына сәйкес іске қатысты, анық және жол беруге болатын дәлелдемелер жиынтығымен жоққа шығарылмаған.
Жауапкермен АК-тің 179-бабының 2-тармағының талабына сәйкес сот шешім шығарға дейін талап мерзiмiн қолдану туралы мәлiмделмеген.
Кассациялық шағымда қайталап келтірілген уәждерге шағым берілген сот актілерінде тиісті және дұрыс құқықтық баға берілген.
Соттардың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.
Сондықтан бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Қаулы жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.