ВС РК - Постановление от 17.02.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2127 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 17 ақпан 6001-22-00-6ап/2127 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,

жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (ММ) өкілі – К[...],

мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (РММ) өкілдері – Н[...] мен Б[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «ВС[...]» ЖШС-нің жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-не мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаларды заңсыз деп танып, күшін жойып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 тамыздағы қаулысына жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-нің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 29 шілдедегі шешімімен талап қою толық қанағаттандырылған.

«Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-мен өткізілген 2022 жылғы 25 ақпандағы №6565039-ОК2, №6564995-ОК2, №6563108-ОК2, №6564995-ОК2 және 2022 жылғы 1 наурыздағы №6562959-ОК2, №6563089-ОК2, №6562987-ОК2, №6562947-ОК2, №6563101-ОК2, 6564979-ОК2, №6562998-ОК2, №6562970-ОК2 конкурстарының қорытындылары туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, күші жойылған.

«ҚНЖҚИ[...]» ЖШС-мен жасалған 2022 жылғы 30 наурыздағы №24, 2022 жылғы 28 сәуірдегі №22/16, 2022 жылғы 30 наурыздағы №22/2022, 2022 жылғы 11 наурыздағы №21, 2022 жылғы 11 наурыздағы №4, 2022 жылғы 11 наурыздағы №8, 2022 жылғы 4 сәуірдегі №220020/00, 2022 жылғы 14 наурыздағы №21, 2022 жылғы 5 мамырдағы №16, 2022 жылғы 24 наурыздағы №14, 2022 жылғы 26 сәуірдегі №16 мемлекеттік сатып алу туралы келісім шарттар жарамсыз деп танылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-сі кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған апелляциялық саты сотының сот актісімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, істі қайта қарауға жолдауды сұраған. Талап қоюшы немесе оның өкілі, «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Мүдделі тұлғалар «Электрондық қаржы орталығының» акционерлік қоғамы және «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінен істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат түсті.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-сі өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» РММ-сі өкілдерінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-мен 2022 жылғы қаңтар айында Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты 13 мекеменің мемлекеттік сатып алу конкурстары жариялаған. «ҚНЖҚИ[...]» ЖШС-сі осы конкурстардың келесі қорытынды хаттамаларымен жеңімпаз болып танылған:

-2022 жылғы 25 ақпандағы №6565039-ОК2 «Шымкент қаласының білім басқармасының «А.Макаренко атындағы №41 мектеп лицейі» КММнің ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу;

-2022 жылғы 1 наурыздағы №6562959-ОК2 «Шымкент қаласының білім басқармасының «Хамза атындағы №108 жалпы білім беретін орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу;

-2022 жылғы 1 наурыздағы №6563089-ОК2 «Шымкент қаласының білім басқармасының «№46 мектеп лицейі» КММ-нің ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу;

-2022 жылғы 1 наурыздағы №6562987-ОК2 «Шымкент қаласының білім басқармасының «№99 мектеп гимназия» КММ-нің ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу;

-2022 жылғы 1 наурыздағы №6562947-ОК2 «Шымкент қаласының білім басқармасының №43 «Алмаз» бөбекжай-бақшасы ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу;

-2022 жылғы 25 ақпандағы №6563108-ОК2 «Шымкент қаласының білім басқармасының №98 «Мерей» бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны (әрі қарай-МКҚК) ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу;

-2022 жылғы 1 наурыздағы №6563101-ОК2 «Шымкент қаласының білім басқармасының «Мукими атындағы №13 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-ің ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу;

-2022 жылғы 1 наурыздағы 6564979-ОК2 «Шымкент қаласының білім басқармасының «№26 Жамбыл атындағы мектеп гимназия» КММнің ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу;

-2022 жылғы 1 наурыздағы №6562998-ОК2 «Шымкент қаласының білім басқармасының «№109 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-нің ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу;

-2022 жылғы 25 ақпандағы №6564995-ОК2 «Шымкент қаласының білім басқармасының №80 ІТ мектеп лицейі» КММ-ің ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу;

-2022 жылғы 1 наурыздағы №6562970-ОК2 «Шымкент қаласының білім басқармасының «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешен ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу.

Талап қоюшы «ВС[...]» ЖШС-гі барлық конкурстар бойынша екінші орынды иеленген. 2022 жылғы 16 мамырда талап қоюшы көрсетілген барлық конкурстардың қорытындыларына «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитеті» РММ-не (бұдан әрі – Комитет) және Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне (бұдан әрі – Департамент) шағым берген.

2022 жылғы 30 мамырдағы Департаменттің хатымен шағымды қарау нәтижелері бойынша талап қоюшының шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жергілікті соттар талап қоюшының талабын қанағаттандыру кезінде «ҚНЖҚИ[...]» ЖШС-гі Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 23 ақпандағы қаулысымен, Шымкент қаласының ауданаралық экономикалық сотының шешімімен 2022 жылғы 4 наурыздағы шешімімен екі рет мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған, сондықтан аталған конкурстарға қатысуға жіберілмеуі тиіс болған деген тұжырымдарға келген.

Сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымдарын негізді деп табады.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434 Қазақстан Республикасының Заңының 12-бабының 8-тармағына сәйкес осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген өнім берушілер соттың оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

«ҚНЖҚИ[...]» ЖШС-ің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне кеш енгізілуі, сот актісімен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ден танылған әлеуетті өнім берушіні қойылған шектеулерден босатпайды.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов Ш. Даниярова

Судьялар

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.