2апк-9-21
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 1 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қ. Қыдырбаева,
судьялар М.Т. Балкен, А.М. Нұрбеков,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының аға прокуроры
К[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған «Ботбай ата» қоғамдық қорының өкілі А[...] қатысуымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы,
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 316-бабының 1-бөлігі бойынша «Ботбай ата» қоғамдық қорына қатысты,
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 19 қазандағы және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 қарашадағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы бойынша келіп түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тәртіппен қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Шымкент қаласының қала құрылысын бақылау басқармасының (бұдан әрі - Басқарма) басшысы Д[...] 2019 жылғы 9 желтоқсандағы №62 санды қаулысымен «Ботабай ата» қоғамдық қоры (бұдан әрі – Қоғамдық қор) ӘҚБтК-нің 316-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, оған 505 000 теңге әкімшілік айыппұл салынған.
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 19 қазандағы қаулысымен уәкілетті органның қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген. Ұсыну дәлелдерін қолдаған қоғамдық қор өкілі А[...] түсініктемелерін, прокурор К[...] қорытындысын тындап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді.
2019 жылғы 26 қарашада Шымкент қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы тарапынан «Ботбай ата» қоғамдық қорына тиесілі Шымкент қаласы, Сайрам тұрғын үй алабы, Абай көшесі № 58 «Б» мекенжайда тексеру жүргізілген.
Тексеру барысында аталған мекен-жайдағы құрылыстың жер учаскесі 2006 жылы 22 наурызда № 202 шешімі негізінде, кадастрлық № [...], алаңы 0,0700 га, нысаналық мақсаты құран оқитын, зиянат ету және шырақты үйі, дәрет үйі ғимаратының құрылысы үшін және 2004 жылы 16 қазандағы № 519 шешімі негізінде, кадастрлық № [...], алаңы 0,05557 га, нысаналық мақсаты ғимарат құрылысы үшін «Ботбай ата» қоғамдық қорына меншік құқығы тіркелгендігі анықталған.
Қоғамдық қор өзіне тиесілі жер учаскесінде құран оқитын ғимараты 1- қабатты құрылыс өлшемі 12,90 х 4,50 метр, құрылыс ауданы 58,05 м2, шырақты үйі [...] құрылыс өлшемі 7,50х4,50 метр, құрылыс алаңы 33,75 м2, дәрет үйі ғимараты 1-қабатты құрылыс өлшемі 12,70х13,00 метр құрылыс алаңы 165,1 м2 және «Ботбай ата» кесенесі 1-қабатты құрылыс өлшемі 6,30х6,60 метр, құрылыс алаңы 41,58 м2 кесенесі 1-қабатты құрылыс өлшемі 6,30х6,60 метр, құрылыс алаңы 41,58 м2 түрде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген.
Басқарма қаулысымен «Ботбай ата» қоғамдық қоры, құрылыс нысанының жобалау құжаттамасын және жұмыс жобасының оң сараптамалық қорытындысын ұсынбаған, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес тиісті құжаттарды рәсімдемеген деп әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 505 000 теңге әкімшілік айыппұл салынған. Соттар уәкілетті орган қаулысының негізділігі туралы қорытындыға келген.
Алайда жергілікті соттардың қаулылары негізсіз және заңсыз болып табылады.
ӘҚБтК-нің 829-10-бабының 1 және 2- бөліктері бойынша сот істі қарауға кіріскенде өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамның түсiнiктемелерiн, iс жүргiзуге қатысатын басқа да адамдардың айғақтарын, маманның түсiндiрмесiн және сарапшының қорытындысын тыңдайды, өзге де дәлелдемелерді зерттейді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қозғалуын, істі толық көлемде тексереді, бұл ретте ол жаңа фактілерді анықтауға және жаңа дәлелдемелерді зерделеуге құқылы.
Іс материалдарында қоғамдық қордың түсiнiктемелерi, жер учаскелеріне арналған құжаттар, ғимараттар құрылысының дәлелі тексерілмеген. Жергілікті соттар объектілерді жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамамен не белгіленген тәртіппен сараптамадан өткізілген жобалау (жобалау- сметалық) құжаттамасы бойынша салу талапатарының негізділігі тексерілмеген. Құрылыс кезеңі және бұзушылықтардың жасалған күні анықталмаған, бұл іс бойынша ескіру мерзімінің сақталуын бағалау үшін маңызды болып табылады. Басқарманың іс материалдарына сәйкес құрылыс жұмыстары 2006-2015 жылдары жүзеге асқан. Сонымен қатар, істегі фотоматериалдар құрылыстың аяқталғанын, құрылыс жұмыстарының жүргізілмегенін көрсетеді.
ӘҚБтК-нің 822-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиіс.
Соттардың қаулылары «Әкімшілік құқық бұзушылық іс бойынша соттың қаулысы туралы» Жоғарғы Соттың 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 5 нормативтік қаулысының талаптарына сәйкес келмейді.
Осыған байланысты жергілікті соттардың қабылданған қаулылары құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайларға ие, ӘҚБтК-тің 851-бабының 5-бөлігі 3) тармақшасына сәйкес қайта қарауды талап етеді.
Іс бойынша қабылданған сот қаулылары бұзылып, апелляциялық саты сотына жаңа сот қарауына жіберілуге жатады. Істі жаңа сот қарауында заң бұзушылықтарды жойып, қажет болған жағдайда қосымша құжаттары сұратып, істі мән-жайы бойынша терең зерттеп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс өндірісі қатысушыларының уәждерін тексеріп, дұрыс құқықтық баға беріп және іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес заңды және негізді қаулы қабылдау қажет.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабы 1-бөлігі бойынша «Ботбай ата» қоғамдық қорына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 19 қазандағы және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 қарашадағы қаулыларының күші күшін жойып, істі жаңа сот қарауына апелляциялық сатыдағы сотына жіберілсін.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
А. Қыдырбаева М. Балкен А. Нұрбеков Көшірмесі дұрыс Судья А. Қыдырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.