ҚАУЛЫ
2023 жылғы 14 ақпан 6001-22-00-6ап/1739 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
талап қоюшы «Ж[...]» шаруа қожалығының (ШҚ) басшысы Ш[...] және оның өкілі А[...],
жауапкер Алакөл ауданы әкімдігінің өкілі – О[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Ж[...]» ШҚ басшысы Ш[...] жауапкерлер Алакөл ауданы әкімдігіне, «Алакөл ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (ММ), «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық акционерлік қоғамына (КеАҚ), «А[...]» ШҚ басшысы М[...] аудандық жер комиссиясының 2005 жылғы 27 шілдедегі №7-451 қорытындысын, Алакөл ауданы әкімінің 29 шілде 2005 жылғы №7-441 қаулысын заңсыз деп тану, №[...] кадастрлық жер нөмірімен тіркелген жалға алу құқығын беретін актісін, «Ж[...]» ШҚ-на ұзақ мерзімге өтеулі жер пайдалану /жалға алу/ құқығына берілген кадастрлық нөмірі [...] жер пайдалану актісін жарамсыз деп тану, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Алматы облысы филиалын талап қоюшыға мемлекеттік акт дайындауға міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 наурыздағы шешіміне, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 тамыздағы қаулысына «А[...]» ШҚ-ның басшысы М[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. «А[...]» ШҚ-ның кадастрлық нөмірі [...] тіркелген жалға алу құқығын беретін мемлекеттік актісі мен «Ж[...]» ШҚ-ның жер учаскесіне ұзақ мерзімге өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығына берілген кадастрлық нөмері [...] жер пайдалану актісі жарамсыз деп танылған.
Жауапкер «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Алматы облысы филиалына талап қоюшыға Алматы облысы, [...] әкімінің 2019 жылы 3 қаңтардағы №3 қаулысының негізінде мемлекеттік акт дайындап беруге міндеттелген.
Талап қою арызының «А[...]» ШҚ-на Ынталы ауылдық округі аумағында орналасқан ауданның жер қорынан 18,0 га суармалы егістік жер телімін беру туралы Алакөл аудандық жер комиссиясының 27 шілде 2005 жылғы №7-451 қорытындысын заңсыз деп тану, Алакөл ауданы әкімінің 29 шілде 2005 жылғы №7-441 қаулысын заңсыз деп тану туралы бөліктері қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
«А[...]» ШҚ-ның басшысы М[...] кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұраған.
«Ж[...]» ШҚ-ы, Алакөл ауданы әкімдігі мен «Алакөл ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастар бөлімі» ММ-і өздерінің қарсы пікірлерінде кассациялық шағымды қанағаттандырусыз және сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
«А[...]» ШҚ-ы, «Алакөл ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастар бөлімі» ММ-і және «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның өкілдері сот алқасының мәжілісіне қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ. Бұл жағдай істі олардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшы мен оның өкілінің, жауапкер Алакөл ауданы әкімдігінің өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Алматы облысы, [...] әкімінің 1997 жылғы 27 маусымдағы №1-275 шешімінің негізінде, «Ж[...]» ШҚ-ның төрағасы Ш[...] Ынталы аудандық округі аумағында орналасқан ауданның жер қоры жерлерінен «Ж[...]» ШҚ-ның мүшелерінің жер үлестерінің есебінен 12,0 га жер телімі шаруа қожалығын ұйымдастыру үшін бекітіліп берілген.
Осы шешім негізінде талап қоюшы жер теліміне меншік құқығы тұрақты жер пайдалану құқығын беретін кадастрлық номері [...], №009589 мемлекеттік актісін алған, жер телімін 1997-2021 жылдар аралығында 23 жыл пайдаланып, жыл сайынғы салық төлемін төлеп келген.
«Ж[...]» ШҚ-ның төрағасы Ш[...] зейнеткерлікке шығуына байланысты, 2018 жылғы 19 желтоқсанда қожалық басшысы болып Ш[...] қойылған.
Алакөл ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 3 қаңтардағы №3 қаулысының 2-тармағымен Ш[...] осы 12,0 га суармалы егістік жер учаскесі 28 жыл мерзімге уақытша өтеулі пайдалану құқығымен бекітіліп берілген, мемлекеттік акті тіркеуден 29 қаңтар 2019 жылы өткен.
Жер учаскесінің кадастрлық нөмірі Алматы облысының кодына ауыстырғандықтан бұрынғы №[...]-тен №[...] болып өзгертілген.
«А[...]» ШҚ-на Алакөл ауданы әкімдігінің 2005 жылғы 29 қаңтардағы №7-441 қаулысымен Ынталы ауылдық округі аумағында орналасқан ауданның жер қоры есебінен жалпы көлемі 326,0 га жер, оның ішінде 18,0 га суармалы егістік жер және 308,0 га жайылымдық жер телімі бекітіліп беріліп, кадастрлық нөмірлері [...], [...] беріліп, мемлекеттік тіркеуден 2008 жылғы 3 шілдеде өткен.
Бірінші сатылы сотпен тағайындалған комиссиялық тексеріс қорытындысына сай, аталған шаруа қожалықтарының жер телімдері мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттар жүйесінің (МЖК ААЖ) графикалық деректер базасында бір-бірімен қабаттасу жоқ екені анықталған.
Алайда, «А[...]» ШҚ-на берілген кадастрлық нөмірі [...] жалпы көлемі 18,6 жер телімі «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның Алматы облысы бойынша филиалының жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментімен жер учаскесінің шекараларын орналастыру барысында өлшеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеуі салдарынан бұрынғы «Ж[...]» ШҚ-ның шаруа қожалығының кадастрлық нөмірі [...] болып берілгені, «Ж[...]» ШҚ-ның жер телімін «А[...]» ШҚ-ы 2021 жылы 1 жыл ғана пайдаланғаны анықталған.
Жауапкер Алакөл ауданы әкімдігінің өкілі О[...] сот алқасына берген түсінігінде дауласушы ШҚ-на жер кадастрлерінің номерлері қателесіп берілгенін, сондықтан ШҚ-ның құжаттары бұрын нақты бөлінген жер учаскелеріне сай түзетіліп берілуге жататынын түсіндірді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда соттың жеке ұйғарымы негізінде аудан әкімдігінің 2019 жылғы 3 қаңтардағы №3 қаулысының 2-тармағына сәйкес «Ж[...]» ШҚ-ның 1997 жылдан бері пайдаланып келген жер учаскесіне құжаттары заңдастырылып, жер учаскесіне жаңа акт дайындалып берілгені анықталды.
Соттардың талап қоюды ішінара қанағаттару жайлы негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 наурыздағы шешімі, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«А[...]» шаруа қожалығының басшысы М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.