6001-22-00-6ап/2295
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 4 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Қайыпжан Н.Ү., судьялар – Дуйсенбаев Г.Б., Нұрбаев Г.К.,
талап қоюшы С[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы С[...] жауапкерлер Шымкент қаласының жеке сот орындаушылары К[...], Ж[...] 2021 жылғы 6 желтоқсандағы алимент берешегін есептеу жөніндегі қаулының күшін жою және алимент берешегін 2012 жылдың 6 сәуірінен есептеуді міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 мамырдағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 тамыздағы қаулысына талапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы С[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жеке сот орындаушысының алимент берешегін дұрыс есептемегенімен, Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің талаптарын бұзылғанымен негіздеген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 мамырдағы шешімімен С[...] талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
Шымкент қаласының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы К[...] 2021 жылғы 6 желтоқсандағы алимент берешегін есептеу жөніндегі қаулысының күші жойылған.
Талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, істі мәні бойынша қайта қарау үшін бірінші саты сотына жолдауды сұраған.
Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымды қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттары және шағым уәждерін зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, талап қоюшы С[...] Шымкент қаласының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2012 жылғы 6 сәуірдегі сот бұйрығын орындауға қабылдау жайлы өтінішті 2021 жылдың 4 қарашасында берген.
Жеке сот орындаушысы К[...] 2021 жылғы 10 қарашадағы қаулысымен атқарушылық өндірісі қозғап, борышкер Е[...] алимент берешегі 2019 жылдың қаңтар айынан 2021 жылдың қараша айына дейінгі мерзімде 3 132 300 теңге құралғанын анықтаған.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 169-бабының 1-тармағына сай, алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты не осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісім табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі.
Осыған байланысты жергілікті соттардың борышкер Е[...] алимент берешегін 2012 жылдың 6 сәуірінен бастап есептеуді міндеттеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Соттардың бұл тұжырымы материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні жергілікті соттардың сот отырысында берілген түсіндірмелерімен және қорытындыларымен дәйектелген. Бұл дәлелдемелерге жергілікті соттар тиісті құқықтық баға берген.
Кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгерістер енгізуге негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің
- тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 мамырдағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Қайыпжан Н.Ү.
Судьялар Дуйсенбаев Г.Б.
Нұрбаев Г.К.
Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.