ҚАУЛЫ
2025 жылғы 15 қазан 6003-25-00-4к/1438 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,
талап қоюшының өкілі Б.С.Аирбекова мен Г.С.Умирбековтың қатысуыларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Хасанали Судиұлы Уйгуттекиннің жауапкер «Талғар ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) сәулет-жоспарлау тапсырмасын бермеуін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы шешіміне, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының өкілінің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмауын алға тарта отырып, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс материалдарына сәйкес, Х.Уйгуттекин Алматы облысы, Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылы, Чукобасов Бекен көшесі, 79 учаскесі мекенжайындағы кадастрлік нөмері 03-051-065-8973, нысаналы мақсаты – «өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін» арналған жер учаскесінің меншік иесі болып жер учаскесінде үй-жәй салуына байланысты Бөлімге сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру туралы арызымен жүгінген.
Бөлімнің дауланып отырған 2024 жылғы 24 шілдедегі жауабымен сәулетжоспарлау тапсырмасын беруден бас тартылған. Бас тарту себебін Бөлім Талғар аудандық мәслихатының 2024 жылғы 26 ақпандағы №18-70 шешімімен бекітілген Тұздыбастау ауылының бас жоспарына сәйкес талап қоюшының жер учаскесі білім беру мекемесінің аумағында орналасқандығымен негіздеген.
Төмен тұрған соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылатындығын назарға алып, талап қоюшы жер теліміне сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмастан бұрын өз бетінше, рұқсатсыз тұрғын үй тұрғызғанын анықтаған.
Кассациялық сот төмен тұрған соттардың тұжырымдарымен келісіп, жауапкердің талап қоюшыға сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруден бас тартқаны заң нормаларына сәйкес деп таниды.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 47бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.
Елдi мекендердiң бас жоспарлары қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекiтiлген бас схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сәйкес әзiрленетiн негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, талап қоюшының жер учаскесіне меншік құқығы 2024 жылғы 25 маусымдағы сату-сатып алу келісім шарты негізінде пайда болған.
Ал Тұздыбастау ауылының бас жоспары Талғар ауданы маслихатының 2024 жылғы 26 ақпандағы №18-70 шешімімен бекітіліп, оған сәйкес, талап қоюшының жер учаскесі білім беру мекемесінің аймағында орналасқан.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 41-тармағына сәйкес, жоспарланған құрылыстың бекітілген бас жоспарға, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына немесе елді мекендерді дамыту мен құрылыс салу схемасына сәйкес келмесе, қызмет көрсетуден бас тартылады деп белгіленген. Салдарынан, Бөлім Қағиданың 41-тармағын басшылыққа ала отырып, сәулет-жоспарлау тапсырмасын берудене негізді себептермен бас тартқан.
Бұдан бөлек, төмен тұрған соттар талап қоюшы аталған жер теліміне сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмастан бұрын өз бетінше, рұқсатсыз тұрғын үй тұрғызғаны анықтап, Заңның 17-бабы 1-тармағының 7) тармақшасының нормаларының бұзылғандығы туралы негізді түрде көрсеткен.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, ал талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК–нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы шешімі, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.