6001-24-00-6ап/1582
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Жарылқапов Талғат Сериковичтің жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына (бұдан әрі - Филиал) 2024 жылғы 30 қаңтардағы жауабын заңсыз деп тану, қолайлы әкімшілік акт қабылдауды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 наурызындағы ұйғарымына және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Т.С. Жарылқапов сотқа аталған талап арызбен жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 наурыздағы ұйғарымымен талап арыз қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және бірінші сатыдағы сотқа басқа құрамда қарауға жолдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған жауапкер өкілдері кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатыны қарастырылған.
ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес, әкімшілік акт - жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.
Яғни әкімшілік іс жүргізу тәртібінде әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт немесе іс-әрекет қаралуға жатады.
ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады. Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы 2024 жылы 28 қаңтарда жауапкер Филиалға Шымкент қаласы, «Ақниет» шағын ауданы мекенжайындағы №59, 59 «А» және №60 жер учаскелерінің орналасу орны мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық деректеріндегі орналасу орнын белгілей отырып сол электрондық картаны жолдауды сұрау жөнінде өтінішпен жүгінген. Аталған өтінішке жауапкер 2024 жылғы 30 қаңтарда талап қоюшыға келесі мазмұндағы дауланып отырған жауапты жолдаған.
Жауап хатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2023 жылғы 5 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңының негізінде жер қатынастары саласындағы қызметтерді көрсету қатынастары «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүліктің кадастры» ақпараттық жүйесіне (БМЖМК АЖ) толығымен көшірілген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 158-бабына сәйкес жер кадастрының мемлекеттік құпия мен өзге де шектеулерді қамтымайтын мәліметтері баршаға қолжетімді болып табылады және мүдделі жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізінде беріледі.
Қазақстан Республикасы жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының 2009 жылғы 10 шілдедегі №118-П бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру және ақпаратын пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа» сәйкес мүдделі жеке және заңды тұлғалар өтініштен басқа кадастрды жүргізетін Мемлекеттік корпорацияға жеке басын куәландыратын құжаттың, құқық белгілейтін құжаттардың, сенімхаттың, заңнамада белгіленген жағдайларда, өкілдің өкілеттігін куәландыратын құжаттың көшірмелері ұсынылады. Өтінішіңіз ХҚКО арқылы тапсыру мүмкіндігі бар екені, сұрап отырған мәліметтерді http://map.gov.4c.kz./egkn «Жылжымайтын Мүліктің Біріңғай Мемлекеттік Кадастры» сайты арқылы «Жария кадастрлық картадан» көруге мүмкіншілік ашылған деген.
Талап қоюшы Т.Жарылқапов берілген жауаппен келіспей, қолайлы әкімшілік акт қабылдауды міндеттеу туралы талаппен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап арызды кері қайтару туралы шешім қабылдағанда, тараптардың арасындағы дау әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген тұжырымдаған. Оған қоса, ӘРПК-нің 87-бабының бірінші бөлігіне сәйкес хабарламаларды, ұсыныстарды, үн қосуларды және сұрау салуларды қарау оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылады.
ӘРПК-нің 89-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасымен әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қарау қорытындылары бойынша жауап, оның ішінде хабардың, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың мәні бойынша ақпарат беру туралы шешім шығарылатындығы көзделген.
Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды, себебі тарап арасындағы дау жария-құқықтық қатынастардан туындамаған, өтінішті қарау оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылған, жауапкердің жауап хаттары ақпараттық-түсіндіру сипатына жатады деп есептейді.
Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 наурызындағы ұйғарымы және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшы Т.С. Жарылгаповтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев Г.К. Нұрбаев Е.Д. Өміралиев Г.К. Нұрбаев
Судьялар
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.