Қ А У Л Ы
2026 жылғы 5 ақпан №6003-25-00-2к/391(2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы өкілі С.Ф.Каракуловтың, жауапкер өкілі А.Қиянбекованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Салтанат» атауымен әрекет етуші Айдана Абухасовна Амитова жеке кәсіпкері (бұдан әрі - Кәсіпкер) жауапкер «Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) шартты біржақты бұзуын заңсыз деп тан туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Кәсіпкер сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Басқарма тарапынан шарт заңсыз бұзылғанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, тараптар арасында жария оферта негізінде жасалған шартты Басқарманың 2024 жылғы 20 қыркүйектегі №07-37/1408 хабарлама негізінде біржақты бұзуы заңсыз танылып, тараптар арасындағы шарт қалпына келтірілген және Басқармадан Кәсіпкердің пайдасына сот шығыны төленген мемлекеттік баж алымы 1 846 теңге өндірілген.
Басқаарма кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 157-бабының 1-тармағын, 158-бабының 1-бөлігін, 393, 395-397, 401баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты
және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, Кәсіпкер 2022 жылғы 15-17 ақпан күндері Қызылорда қаласы, Ақмаржан ықшам ауданы, Есет батыр Көкірекұлы көшесі, №37 мекенжайында сурет салу және кескіндеме, ұлттық би және вокал үйірмелері бойынша барлығы үш мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыруға қатысуға өтініш беріп, Басқарманың жариялаған жария офертасына акцепт жасаған, кейіннен аталған қызметті жүзеге асыру мақсатында Кәсіпкер 2024 жылғы 28 мамырдағы жалға алу шартына сай Қызылорда қаласы, Б.Момышұлы көшесі, №84 «Б» мекенжайдағы ғимараттың 250 шаршы метр бөлігін жалға алған, тиісінше бұрын берген өтінімдерін жаңартып, үйірмелердің мекенжайын ауыстырған.
Атап көрсеткенде, Кәсіпкер 2024 жылғы 12 маусымда берілген №87679 өтінім бойынша ұлттық би, №87680 өтінім бойынша вокалдық ансамбль, №87681 өтінім бойынша сурет салу үйірмелерін жүргізген.
Бұл үйірмелердің қызметі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі №122 бұйрығымен бекітілген «Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашалық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу туралы» Қағидамен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.
Басқарма тарапынан 2024 жылғы 28 тамызда, 9 және 16 қыркүйекте аталған үйірмелер орналасқан мекенжайда тексеру жүргізіліп, бір қатар кемшіліктер анықталып, тиісті актілер толтырылған.
Себебі, Шартпен және Қағидамен шығармашылық үйірме өткізілетін ғимаратқа талаптар қойылған, соның ішінде бейне мұрағатты кемінде күнтізбелік 30 күн ішінде сақтау мүмкіндігі бар бейнебақылау камерасымен және өрт қауіпсіздік жүйесімен жабдықталуға міндетті.
2024 жылғы 20 қыркүйекте Басқармамен Кәсіпкерге хабарлама жолданып, онда анықталған кемшіліктердің салдарынан жария офертаның 2.1. және 3.1.-тармақтарының талаптары орындалмаған деген негізбен тараптар арасындағы мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен қызмет көрсету жария офертасының 8-тармағына сай шарт 2024 жылғы 23 қыркүйектен бастап біржақты бұзылатынын хабарланған.
Сотта 9 және 16 қыркүйек күндері Басқарманың мониторинг тобын мүшесі Л.Бактыбаева бастап келгені, зерделеу біржақты жүргізіліп, жұмыс істеп тұрған өрт қауіпсіздік пен бейнебақылау жүйелерін толыққанды жұмыс істемейді деп негізсіз көрсетілгені, шарт осы актінің негізінде бұзылғаны, ғимаратта мониторингтік тексеріс жүргізген тұлға Л.Бактыбаеваның өзі анықтағандарды жою мақсатында Кәсіпкерден 1 900 000 теңге талап ету фактісі бойынша сотқа-дейінгі тергеп тексеру ашылып, қылмыстық іс
тіркелгені, Кәсіпкер осы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болып танылғаны анықталған.
Осы бір біріне қарама қайшы мән-жайларды нақтылау мақсатында бірінші сатыдағы сотпен тараптардың қатысуларымен 2025 жылғы 5 наурызда көшпелі сот отырысы өткізіліп, үйірмелер өткізілетін барлық бөлмелерде өрт қауіпсіздік жүйесі орнатылып, жұмыс жасап тұрғандығы, барлық үйірмелер орналасқан бөлмелерде бейнебақылау камералары орнатылып, бейнебақылау жүйесі бейне мұрағатты кемінде күнтізбелік 30 күн ішінде сақтау мүмкіндігі бар екендігі бекітілген.
Яғни, АК-нің 401-бабының 2-тармағына сай Кәсіпкер шарт талаптарын едәуір түрде бұзғандығы туралы факті дәлелденбеген, тиісінше АПК-тің 72бабына сәйкес тараптар өз уәждерін дәлелдеуге міндетті.
Істің мұндай тұрғысында, яғни Кәсіпкер шарт бойынша өзінің міндеттемелерін тиісті түрде орындағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысы күшінде, жауапкер «Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар М.Кадырова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.