6001-21-00-6ап/135
Қ А У Л Ы 2022 жылғы 17 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші Баймаханов С.У.,
судьялар Ермагамбетова Ж.Б., Қайыпжан Н.Ү.,
прокурор Д[...], талап қоюшы «Қызылорда қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» КММ-нің өкілі Б.Ж.Жамбыловтың, жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит Комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департаменті» РММ-нің өкілі Ж[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы «Қызылорда қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» КММ-нің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит Комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департаменті» РММ-не нұсқаманың күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 23 қыркүйектегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 20 қазандағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Қызылорда қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» КММ-сі (бұдан әрі - Жұмыспен қамту бөлімі) сотқа жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит Комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департаменті» РММ-не (бұдан әрі - Аудит департаменті) нұсқаманың күшін жою туралы талап қою арызымен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 23 қыркүйектегі шешімімен әкімшілік талап қанағаттандырылған. Даулы нұсқаманың күші жойылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 20 қазандағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерінің күшін жойып, нұсқаманы заңды деп тану туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, талапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша бірінші және апелляциялық саты соттары аталған заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс материалдарына қарағанда, Жұмыспен қамту бөлімі «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау үшін ыстық тамақ ұйымдастыру» қызметін мемлекеттік сатып алуға №5287479-ГСЗ1 электрондық конкурс жариялаған.
2021 жылғы 25 қаңтардағы қорытынды хаттамаға сәйкес «Сыр Мейірімі» қоғамдық әлеуметтік қоры жеңімпаз болып танылған.
Конкурс қорытындысымен келіспей «Ашық Азаматтық қоғам» ақпараттық-ресурстық орталығы» қоғамдық қоры (бұдан әрі - «ААҚ» АРО» ҚҚ) 2021 жылғы 27 қаңтарда Аудит департаментіне шағым берген.
Аудит департаменті 2021 жылғы 15 ақпанда шағымға жауап жолдап, онда камералдық бақылау нәтижелерімен конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесіне, «Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорында» болуына, тиісті өңірдегі жұмыс тәжірибесіне қатысты бағалау өлшемшарттары бойынша балдардың дұрыс есептелмегені анықталғанын жеткізген.
Осыдан кейін, 2021 жылғы 17 ақпанда, конкурстық комиссия жаңа хаттама жасақтап, конкурс жеңімпазы ретінде «Альтаир-Бөбек» қоғамдық қорын айқындаған.
Бұл шешіммен де келіспей, «ААҚ» АРО» ҚҚ-ры 2021 жылғы 19 ақпанда Аудит комитетіне шағым берген. Шағымында «Альтаир-Бөбек» қоғамдық қорына көтеріңкі балдар қойылғанын келтірген.
Бұл шағым уәждерін Аудит комитеті орынды деп танып, 2021 жылғы 16 наурыздағы хатымен Аудит департаментіне «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі -Аудит туралы заң) көзделген ден қою шараларын қолдануды және қолданылған шаралар жөнінде 25 наурызға дейін хабарлауды тапсырған.
Аудит департаменті 2021 жылғы 25 наурызда Аудит комитетіне жолдаған жауап хатында конкурстық комиссияның қойған балдары негізді екенін, сондықтан даулы конкурс бойынша аудиторлық іс-шара жүргізу тиімсіз екенін хабарлаған.
Аудит комитеті 2021 жылғы 30 наурыздағы хатпен аудиторлық іс-шара жүргізуді қайта тапсырған.
Осыдан кейін, 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап 7 сәуірі аралығында, Аудит департаменті даулы конкурстың Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларының сәйкестігіне жоспардан тыс аудиторлық іс-шара (тексеру) жүргізген.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы №392 бұйрығымен бекітілген Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі уәкілетті органның ішкі мемлекеттік және қаржылық бақылауды жүргізу қағидаларының (бұдан әрі - Аудит жүргізу қағидалары) 7-тармағында жоспардан тыс аудит жүргізудің алғышарттары көрсетілген. Оған сәйкес мемлекеттік аудит объектісіне алдымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №598 бұйрығымен бекітілген Камералдық бақылау жүргізу қағидаларына (бұдан әрі - Камералдық бақылау жүргізу қағидалары) сәйкес камералдық бақылау жүргізу нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберіледі. Осы хабарламаны орындағаннан кейін ғана жоспардан тыс аудит жүргізіледі.
Ал, жауапкер қағиданың аталған талаптарын сақтамаған.
Қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес аудит объектісін тексеру камералдық бақылау немесе аудиторлық іс-шара нысанында жүргізіледі.
«ААҚ» АРО» ҚҚ-ның бастапқы берген шағымы бойынша Аудит департаменті мемлекеттік сатып алудың өткізілу заңдылығына тексеру жүргізген. Алайда жауапкердің бұл тексеруі камералдық бақылау немесе аудиторлық іс-шара ретінде ресімделмеген. Тексеру нәтижесімен анықталған бұзушылықтарды аудит объектісіне хатпен ғана хабарлаған.
Сонымен қатар, Аудит жүргізу қағидаларының 37-39-тармақтарында аудиторлық іс-шараны жүргізу үшін аудиторлық іс-шараны жүргізуге арналған тапсырма (Тексеруді тағайындау туралы акті) (бұдан әрі - тапсырма) негіз болып табылатыны, мұндай тапсырманың әрбір мемлекеттік аудит объектісіне ресімделетіні және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелуге жататыны көрсетілген.
Аудит департаментімен жасақталған аудиторлық есепте аудиторлық іс-шара жүргізуге тапсырма ретінде Аудит комитетінің 2021 жылғы 16 наурыздағы №КВГА-03-КВ/3Г-А-363 хаты көрсетілген. Яғни аудиторлық ісшара хат негізінде жүргізілген және уәкілетті органда тіркелмеген.
Аудит жүргізу қағидаларының 66,68-тармақтарында (Электрондық ішкі мемлекеттік аудит қағидаларының 14-тармағы) келтірілген талаптарға сәйкес ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша анықталған жетіспеушіліктер мен бұзушылықтар аудиторлық есептегі жазулардың дұрыстығын растайтын құжаттардың деректемелеріне, сондай-ақ ережелері бұзылған нормативтік құқықтық актілердің баптарына, тармақтары мен тармақшаларына қажетті сілтемелерді көрсете отырып, объективті және дәл сипатталуы тиіс Аудиторлық есепке тиісті аудиторлық дәлелдемелермен және (немесе) өзге де құжаттармен расталмаған фактілерді, тұжырымдарды енгізуге жол берілмейді.
Жергілікті соттарда, жауапкердің 2021 жылғы 6 сәуірдегі №5 аудиторлық есебі бұл талаптарға сай емес екендігі, онда қате мәліметтер қамтылғаны нақты анықталған. Жұмыспен қамту бөлімі 2021 жылғы 9 сәуірде аудиторлық есепке қарсылық берген.
Аудит туралы заңда (11-1-тарауы) мұндай қарсылықты берудің және оны қараудың нақты мерзімдері белгіленген. Заңға сәйкес мұндай қарсылық он жұмыс күні ішінде беріледі. Онкүндік мерзімнен кешіктіріліп берілген қарсылық қаралуға жатпайды. Қарсылық отыз жұмыс күні ішінде апелляциялық комиссияда қаралады. Мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға және өзге де жеке және заңды тұлғаларға сұрау салу жіберілген жағдайда, қарсылықты қараудың отызкүндік мерзімі жауап алынған кезге дейін тоқтатыла тұрады. Мемлекеттік аудит объектісі қарсылыққа толықтырулар ұсынған жағдайда, қарсылықты қараудың мерзімі он бес жұмыс күніне ұзартылады.
Алайда, дауланып отырған конкурс бойынша талап қоюшының аудиторлық есепке берген 2021 жылғы 9 сәуірдегі қарсылығы бойынша жауап тек 2 шілдеде берілген. Қарсылықты қарау мерзімін тоқтата тұратындай аудиторлық есеп бойынша лауазымды адамдарға және өзге де жеке және заңды тұлғаларға сұрау салу жіберілмеген немесе қарсылықты қараудың мерзімін ұзартатындай аудит объектісі қарсылыққа толықтырулар ұсынбаған. Солай бола тұра қарсылықты қарау мерзімі үш айға жуық уақытқа созылған.
Қарсылықты қарау нәттижесі Аудит комитеті тарапынан қорытынды түрінде ресімделген. Алайда қолданыстағы заңнамада қарсылық бойынша қорытынды беру көзделмеген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 6- бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік рәсімдердің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға алып келеді.
Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттар жауапкердің мемлекеттік сатып алу кезіндегі бұзушылықтарға дер кезінде шара көрмегенін, ден қою шараларын уақытылы және дұрыс қолданбағанын, мемлекеттік сатып алуға қатысушы әлеуеттік өнім берушінің өтінішін қараудың мерзімін бұзғанын негізге алып, даулы нұсқаманың күшін дұрыс жойған.
Сондықтан жергілікті соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігінің, АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 23 қыркүйектегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 20 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит Комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департаменті» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ж. Ермагамбетова Н. Қайыпжан Көшірмесі дұрыс Судья Н. Қайыпжан
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.