ҚАУЛЫ
2025 жылғы 23 қазан 6003-25-00-4к/595 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев, судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,
ашық сот отырысында талап қоюшы Бахыт Кыдырбаевич Худайбергеновтың жауапкер жеке сот орындаушысы Иса Келдибаевич Сансызбаевқа жылжымайтын мүлікті тыйымнан босатуды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешіміне және жеке ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысына және ұйғарымына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Б.К.Худайбергенов жеке сот орындаушысы И.К.Сансызбаевқа (бұдан әрі – сот орындаушысы) жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Жеке сот орындаушысы И.К.Сансызбаевқа Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылы, Есқожаев көшесі, №300/9, №300/33 учаскелерінде орналасқан Б.К.Худайбергеновтың жеке меншігіндегі жылжымайтын мүліктерді тыйымнан босату міндеттелген.
Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған. Сонымен бірге жауапкерге қатысты жеке ұйғарым шығарылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысы және үйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында төменгі сатыдағы соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар мен мүдделі тұлғалардың өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттармен анықталғаны, Б.Худайбергенов пен Р.Атабаева 1992 жылы 20 наурызда некеге тұрған. Аталған некелері 2024 жылғы 5 желтоқсандағы Түпқараған аудандық сотының шешімімен бұзылған.
Осы некеде 4 автокөлік, оның ішінде мемлекеттік нөмірі 066AGH12 «Hyundai Palisade» автокөлігі бар, және Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылы, Есқожаев көшесі, №300/9 (кадастрлық нөмірі 13-199-002-5063), №300/33 (кадастрлық нөмірі 13-199-002-5087) жер учаскелерінде орналасқан жылжымайтын мүліктер сатып алынған.
Төрелік сотының 2024 жылғы 12 маусымдағы шешімі негізінде Р.Атабаевадан «R-Finance» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) пайдасына 11377588 теңге қарыз сомасы, 18460 теңге сот шығыны өндірілген.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 4 шілдедегі ұйғарымы негізінде серіктестікке атқару парағы беріліп, жауапкердің 2024 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен №621/24-47-6288 атқарушылық ісі қозғалған.
Жауапкердің 2024 жылғы 5 тамыздағы қаулылары негізінде жоғарыда көрсетілген мүлікке тыйым салынған.
Атқарушылық іс-жүргізу барысында Р.Атабаеваның иелігінде болған «Hyundai Palisade» көлігі 2024 жылғы 31 қазанда сауда саттық арқылы сатылған. Осылайша, борышкердің серіктестікке қалған берешегі 2439166,54 теңгені құраған.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 62-бабының 1 және 2 тармақтарына сәйкес, сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне, оның ішінде заңда көзделген жағдайларда прокурордың санкциясымен тыйым салуға міндетті. Бұл ретте сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін өндіріліп алынатын сомаға мөлшерлес, борышкерге тиесілі бүкіл мүлікке бір мезгілде тыйым салуға құқылы.
Борышкердiң мүлкiне тыйым салу осы мүлiкке иелік етуге тыйым салудан, сондай-ақ борышкердiң банктердегi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақша сомаларын пайдалануға және оларға иелік етуге тыйым салынғанын хабарлаудан тұрады, бұл жөнiнде борышкердiң мүлкiне тыйым салу туралы қаулы шығарылады.
Сот орындаушысы Р.Атабаеваға тиесілі 4 автокөлікке және талап қоюшының атына тіркелген жер учаскелерінде орналасқан жылжымайтын мүлікке тыйым салған. «Hyundai Palisade» автокөлігі сатылғаннан кейін борышкер Р.Атабаевағаның серіктестікке 2439166,54 теңге берешегі қалған. Бұл атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету шарасының өндірілуге жататын сомаға мөлшерлес емес екенін көрсетеді. Одан бөлек, сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу барысында сегіз айдан астам мерзімде бұрынғы ерлі-зайыптылардың үлестерін айқындау үшін әрекет жасамаған.
Басқа 3 көліктің кімде болғаны, олардың құны анықталмаған, тек қана оларға іздеу жариялаумен шектелген.
Осы мән-жайларды ескере отырып, төменгі сатыдағы соттар Б.Худайбергеновке тиесілі жылжымайтын мүліктерді тыйымнан босатуды сот орындаушысына дұрыс міндеттеген.
АПК-нің 270-бабының бірінші бөлігіне сай, заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Осы нормаға сәйкес заңбұзушылықты анықтаған бірінші сатыдағы сот жеке ұйғарымды негізді шығарған.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімі мен жеке ұйғарымы, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысы және ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер жеке сот орындаушысы И.К.Сансызбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші:
Е. Төлеев
Р. Айнакулова
Судьялар: Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.