6001-24-00-3ГП/272
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 26 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Шәріпов Н.К.
судьялар Иманиязова Ш.С., Молдахметова Т.А.,
талап қоюшы Г[...], оның өкілі К[...] қатысуымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Г[...] жауапкер «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Теректі ауданы білім беру бөлімінің «Подстепный №1 жалпы орта білім беретін мектебі» Коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – М[...]) жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, амалсыздан бос жүрген уақытына жалақы және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Г[...] өкілі К[...] өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Г[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық сотының 2023 жылғы 15 тамыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
М[...] директорының 2023 жылғы 16 мамырдағы № 147 бұйрығы заңсыз деп танылған.
Г[...] М[...] «география» пән мұғалімі лауазымына жұмысқа қайта орналастырылған.
М[...] Г[...] амалсыздан бос жүрген күндеріне 1 642 537 теңге еңбекақысынан ұсталынатын міндетті төлемдері алып тасталып (ұстап қалу және аударумен), өндірілген.
М[...] мемлекет пайдасына 16 425 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
М[...] Г[...] пайдасына моральдық зиян үшін 30 000 теңге, өкілдік шығын ретінде 165 000 теңге өндірілген.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 қарашадағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында апелляциялық сот алқасымен материалдық құқық нормаларының бұзылуына жол берілгенін көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы талап қоюшының және оның өкілінің өтінішхаттағы уәждерін қолдаған түсініктерін тыңдап, электронды іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісінің күші төмендегі негіздерге байланысты жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сот сатысымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы М[...] «география» пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасаған.
2023 жылғы 10 қаңтарда Г[...] 2023 жылғы 2-ші тоқсан қорытындысы бойынша білім алушыларды бағалау барысында жіберілген кемшіліктері мен лауазымдық міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасы салынған.
2023 жылғы 3 мамырда Г[...] еңбек тәртібін бұзғаны, яғни сабаққа кешігіп келгені үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. 2023 жылғы 15 мамырда Г[...] Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 64-бабының 1-тармағының 4) тармақшасы негізінде «еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. 2023 жылғы 16 мамырда мектеп директоры Д.И.Б[...] Г[...] Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 16) тармақшасымен жұмыстан босату туралы бұйрық шығарылған. Аталған бұйрық 2023 жылғы 30 мамырдағы келісім комиссиясының шешімімен күшінде қалдырылған.
Г[...], жұмыстан босатылумен келіспей, сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот, жұмыс берушімен талап қоюшыға қатысты тәртіптік жаза қолданған кезде еңбек заңнамасының талаптары сақталмағанын ескеріп, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы шешімге келген.
Апелляциялық сот алқасы бұл шешіммен келіспей, Г[...] жұмыстан босатылуын заңды деп тапқан.
Еңбек кодексінің 52-бабын 1-тармағының 16) тармақшасына сай, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған немесе қайталап тиісінше орындамаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 16-тармағында сот, Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасында көзделген негіз бойынша жұмыстан шығарылған адамды бұрынғы жұмысына қайта алу туралы талап қоюды шешу кезінде жұмыскердің бұрын сол үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған теріс қылық жасаған-жасамағаны, осы тәртіптік жазаны қолданудың заңнамалық актілерде белгіленген тәртібі мен мерзімдерінің сақталған-сақталмағаны, жұмыскердің еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап орындамау немесе қайталап тиісінше орындамау белгісінің бар-жоғы туралы дәлелдемелерді зерттеуге міндетті. Егер сот істі қарау кезінде адамды бұрын жасалған теріс қылығы үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту заңнаманы бұза отырып жүргізілгенін анықтаса, онда қайталану белгісі алып тасталып, талап қоюшы бұрынғы жұмысына қайта алынуға тиіс. Қайталануды айқындау кезінде жұмыскерде, оның бірінші теріс қылыққа ұқсас қандай тәртіптік теріс қылықты қайталап жасағанына немесе басқа тәртіптік теріс қылық жасағанына қарамастан, тәртіптік жазаның қолданылу кезеңінде оның түрлерінің (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс) біреуінің бар болуын басшылыққа алу қажет. Еңбек шартын бұзудың негізінде жұмыскерге еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап орындамағаны немесе қайталап тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жаза қолдану көзделген.
Анықталғандай, 2023 жылғы 25 шілдедегі «Орал қаласының тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің хатына сәйкес, 2023 жылғы 3 мамыр күні Жайық өзені арқылы өтетін М-32 сол жақ жайылмасы көпіріне жол жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты жол жабық болған.
Демек, Г[...] 2023 жылғы 3 мамырда жұмысқа кешігіп келуінің дәлелді себептері болған.
Істің мұндай тұрғысында, бірінші сатыдағы сот, Г[...] әрекетінен еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап тиісінше орындамау, қайталап орындамау белгісі алынып тасталуға жатады деген дұрыс қорытындыға келген. Бұл тұрғыда, облыстық соттың апелляциялық қаулысын заңды деп тануға болмайды, сондықтан оның күші жойылуға, ал бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛ Ы ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 қарашадағы қаулысының күші жойылып, Теректі аудандық сотының 2023 жылғы 15 тамыздағы шешімі күшінде қалдырылсын. Г[...] өкілі К[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Шәріпов Судьялар Ш. Иманиязова
Т. Молдахметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.