ҚАУЛЫ
2026 жылғы 11 маусым 6003-26-00-4к/632 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
талап қоюшы И[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында, талап қоюшы И[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімі» РММ тұрғын үй комиссиясының хаттамасын заңсыз деп танып күшін жою, ақшалай өтемақы төлеуге міндеттеу туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,
Семей гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 27 маусымдағы шешіміне, Қазақстан Республикасы Әскери соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысына, талап қоюшының берген кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыдағы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Семей гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 27 маусымдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан толығымен бас тартылған.
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот, талап қоюшының пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Қазақстан Республикасы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 55-бабы 6 және 7-тармақтарына сәйкес әскери қызметте күнтізбелік есептеумен жиырма және одан көп жыл болған және жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери
қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайда тұратын және әскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін әскери қызметтен шығарылған адамдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ақшалай өтемақыны жүзеге асыру қағидаларына сәйкес ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.
Әскери қызметте күнтізбелік есептеумен жиырма және одан көп жыл болған, қызметтен шығару кезінде қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген және тұрғынжайды жекешелендіру құқығын бұрын іске асырмаған, әскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде әскери қызметтен шығарылған адамдардың ақшалай өтемақыны жүзеге асыру қағидаларына сәйкес ақшалай өтемақы алуға құқығы бар деп көрсетілген.
« Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 101-2-бабының 4-тармағына сәйкес (сол кезде қолданыста болған) әскери қызметте 2013 жылғы 1 қаңтарға күнтізбелік есептеумен он және одан көп жыл болған, әскери қызмет мерзімі күнтізбелік есептеумен жиырма және одан көп жыл болған және жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайда тұратын әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ақшалай өтемақыны жүзеге асыру қағидаларына сәйкес тұрғын үй төлемдері түрінде өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 50 қаулысымен бекітілген «Ақшалай өтемақыны жүзеге асыру қағидаларының» (бұдан әрі - Қағидалар) 3-тармағына сәйкес ақшалай өтемақыны алушылар:
2013 жылғы 1 қаңтарға күнтізбелік есептеумен он жыл және одан көп әскери қызметте болған және күнтізбелік есептеумен жиырма жыл әскери қызметте болғаннан кейін қызметтік тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіруге құқығы бар, жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайда тұратын әскери қызметшілер;
әскери қызметте күнтізбелік есептеумен жиырма және одан көп жыл болған және жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайда тұратын және әскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін әскери қызметтен
шығарылған адамдар;
- әскери қызметте күнтізбелік есептеумен жиырма және одан көп жыл болған, қызметтен шығару кезінде қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген және тұрғынжайды жекешелендіру құқығын бұрын іске асырмаған, әскери қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде әскери қызметтен шығарылған адамдар болып табылады.
Іс құжаттарынан белгілі болғанындай И[...] 2001 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Қ[...] әскери қызмет атқарып келеді, соңғы қызмет орны Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімі республикалық мемлекеттік мекемесінде 2022 жылдың 25 сәуірінен бастап әскери қызмет атқарады.
Қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген, 2022 жылдың 29 сәуірінен бастап тұрғын үйге мұқтаждар тізімінде тұр, 2022 жылдың 25 сәуірінен бастап ағымдағы тұрғын үй төлемдерін алып келеді, қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алмаған.
2025 жылдың 27 мамырында талап қоюшы жауапкерге қызметтік тұрғын үйдің мүлдем болмауына және қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру мүмкін еместігіне байланысты ақшалай өтемақы төлеу туралы баянатпен жүгінген.
5511 әскери бөлімінің тұрғын үй комиссиясының 2025 жылғы 28 мамырдағы № 9 хаттамалық шешімімен талап қоюшыға қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуіне байланысты ақшалай өтемақы төлеуден бас тартылған.
Қаралып отырған жағдайда, талап қоюшының жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғынжайда тұрмағандығы анықталды.
Жергілікті соттармен Заңның 101-2-бабының 4-тармағымен (сол кезде қолданыста болған) көзделген тұрғын үй төлемдері түрінде өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алу себептері анықталмады.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері бұрын төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның жауапкердің тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш себеп жоқ. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Семей гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 27 маусымдағы шешімі, Қазақстан Республикасы Әскери соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысы осы іс бойынша, күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев.
Судьялар
Л. Кудекова
Ш.Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.