ҚАУЛЫ
2026 жылғы 5 наурыз 6003-25-00-4к/2833 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Н.Е.Нуралыева, Л.Каирбаева, прокурор А.Е.Кадылбековтың, талап қоюшының өкілі Е.С.Акбердиевтің, жауапкердің өкілі Т.Х.Шиныбаевтың қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Бәсекелістікті қорғау және дамыту агенттігі» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 4 желтоқсандағы бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасын заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 мамырдағы ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Талап қоюшы ««Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Министрлік) сотқа жүгініп, ««Қазақстан Республикасы Бәсекелістікті қорғау және дамыту агенттігі» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Агенттік) 2024 жылғы 4 желтоқсандағы бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасын заңсыз деп тануды сұраған.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 мамырдағы ұйғарымымен Министрліктің талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартылып, талап қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 15)-тармақшасына сәйкес қайтарылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымында талап қоюшы соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, ұйғарымдардың күшін жоюды сұраған.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот тараптардың өкілдерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, Агенттікпен 2024 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды 2025 жылғы 31 қантарға дейін жою туралы нұсқамасы Министрлікке табысталған.
Министрлік 2025 жылғы 6 желтоқсанда жауапкерге нұсқаманы орындау мерзімін ұзартуды сұрап хат жолдаған, алайда 2025 жылғы 30 қаңтарда Агенттікпен бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған.
Министрлік 2025 жылғы 4 наурызда Агенттікке нұсқамаға шағым келтірген, ал жауапкер оған нұсқаманы орындау туралы жауабын 2025 жылғы 1 сәуірде жолдаған.
ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Даулы нұсқама талап қоюшыға 2024 жылы 4 желтоқсанда табысталған. Осыған қарамастан, Министрлік сотқа талап қоюымен төрт айдан астам мерзім өткеннен кейін ғана, яғни 2025 жылы 9 сәуірде жүгінген.
Төменгі сатыдағы соттар талап қоюшының Агенттікке шағыммен жүгінгені талап қою мерзімін қалпына келтіруге негіз болмайды деген тұжырымы дұрыс, өйткені жауапкердің әкімшілік актілеріне, әрекеттеріне шағымды қарайтын жоғары тұрған әкімшілік орган немесе лауазымды тұлға жоқ.
Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 мамырдағы ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші:
Е. Төлеев
Судьялар:
Н. Нуралыева
Л. Каирбаева
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.