ҚАУЛЫ
2022 жылғы 27 қазан 6001-22-00-6ап/837 (2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,
талап қоюшы – «Қ[...]» шаруа қожалығының өкілі И[...],
жауапкерлер – Қарағанды облысы, [...] әкімінің өкілдері К[...], ЖА.Асқарбаевтың,
«Шет ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі
Ж[...],
мүдделі тұлғалар – «ШЖЛ[...]» шаруа қожалығының басшысы А[...] және оның өкілі А[...],
«Т[...]» шаруа қожалығының басышысы Т[...],
аудармашы Е[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Қ[...]» шаруа қожалығының басшысы С[...] жауапкерлер Қарағанды облысы, [...] әкіміне, «Шет ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 2021 жылғы 04 маусымдағы №33/01 әкімнің қаулысының бөліктерінің заңсыз деп тану және күшін жою, жер учаскесіне құжаттарды рәсімдеуге мәжбүр ету туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 ақпандағы қаулысына жауапкер Қарағанды облысы, [...] әкімі мен мүдделі тұлға «ШЖЛ[...]» шаруа қожалығының басшысы А[...] келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қарағанды облысы, [...] жер комиссиясының 2021 жылғы 01 маусымдағы ауыл шаруашылығы мақсатында жер беру жөніндегі хаттамалық шешіміне сәйкес, конкурсқа түскен №150 лот бойынша «ШЖЛ[...]» шаруа қожалығы (басшысы А[...]), №151 лот бойынша «Т[...]» шаруа қожалығы (басшысы Т[...]) конкурс жеңімпаздары болып танылған.
Осы шешімнің негізінде Шет ауданы әкімінің 2021 жылғы 04 маусымдағы №33/01 қаулысымен «Босаға» ауылдық округінен аталған лоттармен бөлінген жерлер конкурс жеңімпаздарына 10 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығында берілген (бұдан әрі – әкімнің қаулысы).
«Шет ауданының жер қатынастары бөлімі» мекемесі осы жеңімпаздармен жер учаскесін жалдау туралы шарттар жасаған.
Талап қоюшы С[...] №150 және №151 лоттарда көрсетілген жерлер өзі басшылық ететін «Қ[...]» шаруа қожалығына (бұдан әрі - «Қ[...]» ШҚ-ы) тиесілі екендін көрсетіп әкімнің қаулысының аталған лоттар бойынша қабылдаған бөліктерін заңсыз деп тану және күшін жою, жер учаскесіне құжаттарды рәсімдеуге мәжбүр ету туралы талап қоюлармен сотқа жүгінген.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021жылғы 9 қазандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 ақпандағы қаулысымен бұл шешім өзгертілген.
Шешімнің әкім қаулысын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігі бұзылып, бұл бөлігін қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Әкім қаулысының Т[...] және А[...] жер учаскелерін шаруа қожалығын жүргізу үшін уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен беру бөлігінде заңсыз деп танылып және күші жойылған. Шешімнің қалған бөлігі күшінде қалдырылған.
Жауапкерлер Шет ауданы әкімі мен мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымдарында апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, осы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Іс бойынша тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот мұндай заң бұзушылықтарға жол берген.
Іс материалдарына қарағанда «Босаға» ауылдық округі әкімінің 1998 жылғы 19 ақпандағы № 25/04 шешімімен және Шет ауданы әкімінің 1998 жылғы 20 қарашадағы № 459/10 шешімімен «Қ[...]» ШҚ-ын ұйымдастыру үшін Т[...] «Босаға» ауылдық округінің жерлерінен ауданы 1904 га жер учаскесі тұрақты жер пайдалануға бөлінген.
«Қ[...]» ШҚ басшысының жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттарды қайта рәсімдеу туралы өтінішіне сәйкес аудандық жер комиссиясы 2005 жылғы 24 ақпанда Т[...] бұрын бөлінген ауданы 1904 га жер учаскесіне 49 жыл мерзімге уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын беру туралы қорытынды шығарған.
Жер комиссиясының қорытындысы бойынша Т[...] жер учаскесiнiң нақты шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн оны пайдалануға жол берілмейтіні туралы ескертілген.
«Қ[...]» ШҚ-ның жалпы жиналысы 2012 жылғы 31 тамызда С[...] шаруа қожалығының басшысы болып тағайындалған.
2019 жылдың 13 қарашасында Шет ауданының жер комиссиясы С[...] өтінішін қарап, бұрын бөлінген ауданы 1904 га жер учаскесіне 10 жыл мерзімге уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын беру туралы қорытынды шығарған.
Көрсетілген қорытындыда да «Қ[...]» ШҚ-ның басшысына жер учаскесінің нақтылы шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн оны пайдалануға жол берілмейтіні туралы түсіндірілген.
Жоғарыда айтылғандай аталған жер учаскесі конкурс нәтижесімен «ШЖЛ[...]» ШҚ-ы мен «Т[...]» ШҚ-на 2021 жылғы 01 маусымдағы әкімнің қаулысымен берілген.
С[...] соттан бұл қаулы заңсыз деп танып және жер учаскесіне құжаттарды рәсімдеуге мәжбүр етуді сұраған.
Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырусыз қалдырғанда жер комиссиясының оң қорытындысы қабылданған күннен бастап талап қоюшы жер пайдалануға берілген құқықты тиісті түрде рәсімдеу бойынша әрекеттер жасамағанын, жер учаскесінің шекарасын белгілеу үшін жүгінбегенін ескерген.
Апелляциялық сатыдағы сот болса бұл тұжырыммен келіспей, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 81 бабының 2 тармағының 3 тармақшасына сәйкес, осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген жағдайларда, мақсатына сай пайдаланылмай отырған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскесiн меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушының жер пайдалану құқығын олардың келісімінсіз мәжбүрлеп алып қоюға болады. Бірақ әкім бұл әрекеттерді жасамай, даулы жер учаскесін конкурс арқылы басқа тұлғаларға беруі заңсыз болып табылады деген қорытындыға келген.
Апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымы қате болып табылады. Жауапкерлер мен бірінші сатыдағы сот өз шешімдерін «Қ[...]» ШҚ-ы жер учаскесін мақсатына сай пайдаланылмай отыр немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылып жүр деп негіздемеген.
Жоғарыда айтылғандай даулы жер учаскесі «Қ[...]» ШҚ-на алғаш рет 1998 жылғы 20 қарашада берілген. Осыдан кейін жер комиссиясы 2005 жылғы 24 ақпанда жер учаскесіне 49 жыл мерзімге, 2019 жылғы 13 қарашада 10 жыл мерзімге жер пайдалану құқығын беру туралы қорытынды шығарған.
Жер комиссиясы өз қорытындыларында жер учаскесінің нақтылы шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн оны пайдалануға жол берілмейтінін көрсетіп отырған.
«Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 8-тармағына орай соттар атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы өз шешімін онда көрсетілген талаптар орындалғанға дейін, мәселен, тұлға жер учаскесіне мемлекеттік акті алғанға дейін, өзгертуі, жоюы мүмкін екенін назарға алуы керек. Аталған құжаттарды алған сәттен бастап жер пайдаланушы жеке меншік, тұрақты немесе уақытша жер пайдалану түріндегі жер пайдалану құқықтарына ие болады.
Кодекстің 43-бабы 1-тармағы 8) және 9) тармақшаларының талаптарына орай жер учаскесіне құқық беру тәртібі жергілікті жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу және жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және берумен аяқталады.
Осы Кодекстің 43-бабы 2-тармағына сәйкес жер комиссиясы оң қорытындысының қолданылу мерзімі қабылданған күнінен бастап бір жылды құрайды және біржылдық мерзімді өткізіп алу жергілікті атқарушы органның жер учаскесiне құқық беруден бас тарту туралы шешiм қабылдауы үшін негіз болып табылады.
Алайда жер комиссиясының оң қорытындысы қабылданған күннен бастап талап қоюшы жер пайдалануға берілген құқықты тиісті түрде рәсімдеу бойынша әрекеттер жасамаған, жергілікті жердегі жер учаскесінің шекарасын белгілеу үшін жүгінбеген.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 4) тармағына сәйкес кемінде бір жыл мерзімге жер пайдалану құқығы құқықтық кадастрда тіркеуге жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) 118-бабы 1, 2-тармақтарына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) туындауы, өзгеруі және тоқтатылуы АК-да және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (әрі қарай – Жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу туралы заң) көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркелуге жатады. Егер АК-да және Жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу туралы Заңда өзгеше белгiленбесе, жылжымайтын мүлiкке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) мемлекеттiк тiркелген кезден бастап туындайды, өзгередi және тоқтатылады.
«Қ[...]» ШҚ-ы уақытша өтеулі жер пайдалану құқығына акті алмаған, яғни оның жер пайдалану құқығы туындамаған. Сондықтан жер учаскесін мақсатына сай пайдаланылмаған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылып жүрген жағдайдың өзінде оны мәжбүрлеп алып қою рәсімін жүргізу қажеттілігі болмаған.
Жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi. Талап қоюшының мелекеттік тіркеуден өткізбеген жеріне салық төлемдерін төлеп келгені оның жер учаскесіне құқығының туындағанын білідірмейді.
Даулап отырған әкімі қаулысы жер учаскелерін алуға өз құқықтарын жүзеге асыру кезінде адал ниетпен әрекет еткен «ШЖЛ[...]» ШҚ-ы мен «Т[...]» ШҚ-на қатысты жағымды әкімшілік акт болып табылады. Сондықтан олардың әкімшілік орган қызметіне деген сенімі қорғауға жатады деген бірінші сатыдағы соттың тұжырымы ӘРПК-нің 13-бабына негізделген.
Бірінші сатыдағы сот тараптардың келтірген барлық уәждеріне дұрыс және заңды баға бере отырып, талап қоюларды қанағаттандырусыз қалдыруы негізді болып табылады. Істің бұл тұрғысында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы өзгертіліп, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға, кассациялық шағымдар қанағаттандырылуға жатады. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 ақпандағы қаулысы өзгертілсін.
Қаулының әкім қаулысын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюын қанағаттандыру туралы бөлігі бұзылып, бұл жөнінде қабылданған Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021жылғы 9 қазандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Қаулының басқа бөлігі күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Қарағанды облысы, [...] әкімінің және мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С.Баймаханов
Судьялар Ш.Даниярова
Е.Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.