Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/842 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 15 сәуір №6003-26-00-2к/842 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова, судьялар М.Ибрагимова, А.Токсанбаев,

талап қоюшының өкілі Т.Сайтгалиев, жауапкердің өкілі Ж.Сарсенова, үшінші тұлғаның өкілі А.Аншыбаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Гульмира Тыныштыковна Есенгалиеваның жауапкер «Юпитер строй сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне пәтер беруді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 6 тамыздағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қарашадағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Г.Есенгалиева жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 6 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер «Юпитер строй сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі талап қоюшы Г.Есенгалиеваға Маңғыстау облысы Ақтау қаласы, 14 шағынаудан, №84/1 телімінен жалпы ауданы 63,25 шаршы метр пәтер беруге міндеттелген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қарашадағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына өкілдің көмегіне төленген 200 000 теңге сот шығыны өндірілген.

Кассациялық шағымында жауапкер жергілікті соттармен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанына байланысты сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Істі қарау барысында жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бергені анықталды.

2020 жылғы 20 тамызда «RICH AQTAU» ЖШС-гі мен Г.Есенгалиева - арасында пәтерді сатып алу-сату туралы №74 алдын ала келісім шарты жасалған (бұдан әрі-шарт), ол бойынша талап қоюшы «RICH AQTAU» ЖШС-нен Ақтау қаласы, 14 шағын ауданы №4/1 жер телімінде орналасқан көп пәтерлі тұрғын үй кешенінен ауданы 63,25 шаршы метр, 6 қабатынан, 1 бөлмелі, №23 пәтерді сатып алуға келіскен.

Шарттың 1.6. тармағына сәйкес, сатушы пәтерді (мүмкін құрылысты) 2021 жылғы қарашаға дейін аяқтауға міндеттенген.

Шарттың 3.1 тармағына сай пәтердің 1 шаршы метрі 130 000 теңгені, ал жалпы құны 8 190 000 теңгені құрайды. Бұл сома талап қоюшымен 2020 жылы толығымен төленген.

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 15-бабы 2,3-тармағының талаптарына сәйкес үлескердің міндеттемелері ол үлестің құнын толық көлемде төлеген және оны көп пәтерлі тұрғын үйден немесе жеке тұрғын үйлер кешенінен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа сәйкес қабылдап алған кезден бастап орындалған болып есептеледі.

Құрылыс салушының және (немесе) уәкілетті компанияның көп пәтерлі тұрғын үйдегі немесе жеке тұрғын үйлер кешеніндегі үлесті беру жөніндегі міндеттемесі көп пәтерлі тұрғын үй немесе жеке тұрғын үйлер кешені пайдалануға қабылданған, тараптар көп пәтерлі тұрғын үйдегі немесе жеке тұрғын үйлер кешеніндегі үлесті беру туралы шартқа қол қойған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес іс-шаралар жүргізілген кезден бастап орындалды деп есептеледі.

«RICH AQTAU» ЖШС-гі аталған жер телімінде көп пәтерлі үй құрылысын бастап, аяқтамаған, шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған.

2022 жылғы 31 қаңтардағы, 2 маусымдағы, 28 қазандағы және 2024 жылғы 30 шілдедегі заңды күшіне енген Ақтау қалалық сотының үкімдерімен «RICH AQTAU» ЖШС-нің лауазымды тұлғасы Ф.Р.Валиева Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі –ҚР ҚК) 190-бабы 3, 4- бөліктерімен кінәлі деп танылып, әр түрлі уақытқа бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылған.

2022 жылғы 10 қаңтарда «RICH AQTAU» ЖШС-нің лауазымды - тұлғасының әрекетінен «Rich Aqtau» ЖШС-мен алдын ала шартқа тұрып, тұрғын үй құрылысына қаражат аударып, пәтерсіз қалған үлескерлердің мүддесін қорғау мақсатында «Ақтау қаласының әкімдігі» мемлекеттік мекемесі және «Юпитер строй сервис» ЖШС-нің араларында үлескерлерге көмек көрсету, қоғамдық ахуалды тұрақтандыру мақсатында меморандум жасалған.

Аталған меморандумға сәйкес «Юпитер строй сервис» ЖШС-і «Premir» тұрғын үй кешенінде жүріп жатқан тұрғын үй құрылысын аяқтап, «RICH AQTAU» ЖШС-мен алданған үлескерлерді пәтермен қамтамасыз етуге міндеттенген. меморандумға №1 қосымшаға сәйкес үлескерлердің тізімі жасалған.

Бұдан соң, 2023 жылғы 17 мамырда жасалған сатып алу-сату шарттарына сәйкес, жауапкер «Юпитер строй сервис» ЖШС-гі «RICH AQTAU» ЖШС-нен «2023 жылғы 25 тамызғы дейін жалдау құқығын сату шартымен 6 жыл мерзімге жер теліміне уақытша өтеулі (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) Маңғыстау облысы Ақтау қаласы, 14 шағын аудан, №4/1 телімін, кадастрлық номері 13-200-014-528 жалпы ауданы 0,0780 га, нысаналы мақсаты: «әкімшілік – тұрғын кешенін салу және пайдалану үшін» жер пайдалану құқығымен жер телімін 644 218 теңгеге, ал Ақтау қаласы, 14 шағын аудан, №4/2 телімін, кадастрлық номері 13-200-014-529 жалпы ауданы 0,0794 га, нысаналы мақсаты: «әкімшілік –тұрғын кешенінің аумағын абаттандыру үшін» салу және пайдалану үшін» жер телімін 655 782 теңгеге сатып алған.

Кейіннен құзырлы органның 2023 жылғы 12 қыркүйектегі №11-07/1540 қаулысымен жауапкерге бұл жерлерді уақытша өтеулі пайдалану мерзімдері ұзартылған және 2023 жылғы 13 қыркүйектегі жер телімдерін жалдау туралы келісім шарттар жасалған.

Одан басқа, жауапкер «Юпитер строй сервис» ЖШС-нің көрсетілген жер телімдеріне іргелес 14 шағын ауданында, №84/1 телімдерінде балалар алаңы, аллея саябағы, футбол алаңын, көлік тоқтамасын ұйымдастыру және пайдалану, тұрғын үйдің аумағын кеңейту үшін көлемі 1,600 га жер телімдері болған, оған қатысты уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы Ақтау қаласының әкімдігінің 2025 жылғы 10 қаңтардағы қаулысымен үш жылға ұзартылып, жауапкер және «Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің араларында жер телімінің уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалға алудың) келісім шарты жасалған.

«Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 19 маусымдағы бұйрығымен жоғарыда көрсетілген №№4/1,4/2 және 84/1 жер телімдері жалпы ауданы 1,7574 га болып біріктірілген.

Қазіргі уақытта бұл жер телімінде жауапкер «Юпитер строй сервис» ЖШС-мен «Premiеr» тұрғын үй кешені салынған.

« 2025 жылғы 22 қазанда тапсырыс беруші Юпитер строй сервис» ЖШСмен көрсетілген жер телімінде «Premiеr» тұрғын үй кешені құрылысы аяқталып, «Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесімен есепке алынған. Нысанды пайдалануға қабылдау актісіне сәйкес, тұрғын үйде 219 пәтер бар. Сонымен бірге, тұрғын үй термо жігі арқылы жалғанып, 3 блоктан, шетіндегі 2 блоктары 9 қабаттан, ал ортасындағы 1 блогы 12 қабаттан тұрады.

«RICH AQTAU» ЖШС-нің лауазымды тұлғасы Ф.Валиеваға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша 4 сот үкімі шыққан және осы үкіммен «RICH AQTAU» ЖШС-нен барлық үлескерлердің пайдасына, соның ішінде талап қоюшы да бар, «Rich Aqtau» ЖШС-не аударған ақшаның көлеміне қарай материалдық шығын өндірілген.

Дегенмен, Ф.Валиеваға қатысты шығарылған сот үкімдерімен 43 жәбірленушінің пайдасына материалдық шығындар өндіру бойынша

материалдық шығында өтеуге жауапты тұлға еместігіне қарамастан жоғарыда көрсетілген меморандумға сәйкес «Юпитер Строй Сервис» ЖШС-гі 43 үлескер алдындағы «RICH AQTAU» ЖШС-нің міндеттемелерін орындаған. Нақты айтқанда, «Юпитер Строй Сервис» ЖШС-гі 43 үлескердің 16 үлескеріне төлем тапсырмалары негізінде пәтер алу үшін төлеген қаражаттарын олардың қалауы бойынша қайтарып берілген. Ал, 27 үлескерге бұрын «Rich Aqtau» ЖШС-не төлеген қаражаттары пәтердің ішінара бағасын өтеуге есептеліп, олардың өз еріктерімен жасалған жаңа шарттар негізінде пәтерлер берілген.

Ал, талап қоюшы Г.Есенгалиеваның пәтермен қамтамасыз ету туралы өтініші екі рет қанағаттандырусыз қалдырған.

Нақты айтқанда, жауапкер талап қоюшыға пәтер беруден бас тартуға бірінші рет оның Ф.Р.Валиеваға қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болып табылмайтынын негіз еткен.

Осыған байланысты талап қоюшының арызы бойынша «RICH AQTAU» ЖШС-нің директоры Ф.Валиеваға ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1)тармағымен қылмыстық іс қозғалып, Г.Есенгалиева жәбірленуші болып танылған. Ф.Валиеваға Ақтау қалалық сотының 2024 жылғы 30 шілдедегі үкімімен түпкілікті өтеуге 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, одан Г.Есенгалиеваның пайдасына 8 190 000 теңге өндірілген. Атқарушылық парақ жазылмаған, мәжбүрлі түрде орындауға жолданбаған.

Одан кейін, талап қоюшының қайтара келтірген пәтермен қамтамасыз ету туралы өтінішіне жауапкер «Юпитер строй сервис» ЖШС-гі 2024 жылы 14 қазандағы №45/2024 хатымен оның Меморандумға №1 қосымшадағы үлескерлер тізімінде болмауына байланысты бас тартқан.

Талап қоюшы Г.Есенгалиева сотқа берген талап қоюында жауапкер «Юпитер строй сервис» ЖШС-не Маңғыстау облысы Ақтау қаласы, 14 шағын аудан, №84/1 телімінен жалпы ауданы 63,25 шаршы метр пәтерді беруге міндеттеуді сұраған. Талап қоюды жауапкер жер телімін әкімнің қаулысымен тегін алғанын, «RICH AQTAU» ЖШС-нің міндеттемесін аяқтауға ниет білдіріп, жауапкершілігін мойынына алуы осы құрылысқа ақша салған салымшылардың талаптарын орындау болып табылатынын, азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әділеті әрекет жасауы көзделгенімен негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот АК-нің 7-9-баптарының, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі –АПК) 6- бабының 5-бөлігінің талаптарын басшылыққа алып, талап қоюшының жауапкермен құрылысы аяқталған көп пәтерлі тұрғын үйге өз қаражатын құйған үлескер екенін, «RICH AQTAU» ЖШС-нің лауазымды тұлғасының әрекетінен жәбір көрген жәбірленушілердің бірі екенін, жауапкердің «RICH AQTAU» ЖШС-нің құрылысын бастаған көп пәтерлі тұрғын үйді аяқтауға, үлескерлерге пәтер беруге міндеттенгенін ескеріп, талап қоюды

қанағаттандырған.

Апелляциялық сатыдағы сот шешімімен келісіп, тек меморандумға енгізілгені немесе енгізілмегені бойынша азаматтарды бөлектеу, жоғарыда көрсетілген заң талаптарына қайшы келетінін, талап қоюшының құқықтық жағдайы өзге үлескерлермен бірдей бола тұра, оны тек мерзімдік себеппен, яғни өтініштің кеш берілгенімен шеттету – заң алдындағы теңдікті бұзатынымен негіздеген.

АК-нің 7-бабына сәйкес, азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатады.

Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер:

  1. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардан және өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ азаматтық заңнамада көзделмегенімен, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн мәмiлелерден;

  2. Қазақстан Республикасы заңнамасының күшімен азаматтыққұқықтық салдарларға алып келетін әкiмшiлiк актілерден;

  3. азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеген сот шешiмiнен; 4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған негiздер бойынша мүлiктi жасау, жою, сатып алу немесе оны иеліктен шығару, сондай-ақ мүлікке құқықтан бас тарту нәтижесiнде;

  4. өнертабыстарды, өнеркәсiптiк үлгiлерді, ғылым, әдебиет және өнер туындыларын және зияткерлік қызметтiң өзге де нәтижелерiн жасау салдарынан;

  5. басқа тұлғаға зиян келтiру салдарынан, сол сияқты басқа тұлға есебiнен мүлiктi негiзсiз сатып алу немесе жинау (негiзсiз баю) салдарынан;

  6. азаматтар мен заңды тұлғалардың өзге де әрекеттерi салдарынан;

  7. Қазақстан Республикасының заңнамасы азаматтық-құқықтық салдарлардың басталуын байланыстыратын оқиғалар салдарынан пайда болады, өзгереді және тоқтатылады. АК-нің 272-бабына сәйкес мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс. Шартқа осы Кодекстiң 4-тарауында көзделген екi жақты және көпжақты мәмiлелер туралы ережелер қолданылады. Шарттан мiндеттемелiк, заттық, авторлық немесе өзге құқықтық қатынастар туындауы мүмкiн. Шарттан туындаған мiндеттемелерге, осы тараудың ережелерiнде және осы Кодексте аталған шарттардың кейбiр түрлерi туралы ережелерiнде өзгеше көзделмегендiктен, мiндеттемелер жөнiндегi жалпы ережелер қолданылады

(осы Кодекстiң 268-377-баптары).

АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс. Сот шешiмдi тараптар ұсынған және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.

Жергілікті соттар талап қоюшының жауапкерді пәтерді беруді міндеттеу туралы талабын қанағаттандырғанда, жауапкердің материалдық зиян келтіруінен, шарттан немесе заң талаптарынан туындаған міндеттемелермен негіздемеген. Мұндай негіздемелер талап қоюында да көрсетілмеген.

АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімдерде келтіруге тиіс.

Тараптардың арасында шарт жасалмаған. Жоғарыда аталған меморандумның қосымшасына талап қоюшы кірмеген. Жауапкер талап қоюды мойындамайды. Жауапкер «Юпитер строй сервис» ЖШС-гі «RICH AQTAU» ЖШС-нің құқықтық мирасқоры болып табылмаған. Талап қоюшы жауапкердің шарттан, iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан, сот актісімен анықталған құқыққа қарсы әрекеттен, материалдық зиян келтіруден туындаған міндеттемелер пайда болғанын бекітетін жеткілікті жарамды дәлелдемелер ұсынбаған.

Мұндай жағдайда талап қоюшының жауапкерге пәтерді беруді міндеттеу туралы талабы негізсіз болып табылады.

Жергілікті соттармен материалдық құқықтық нормаларын дұрыс қолданбауы заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан. Сонымен қатар, сот жоғарыда аталған сот үкімімен «RICH AQTAU» ЖШС-нің директоры Ф.Р.Валиевадан талап қоюшының пайдасына материалдық зиян өндірілгенін, соңғы атқару парағын алып, орындауға беруге құқығы бар екенін ескеріп, оның құқықтары заңда көзделген тәртіпте қорғалғанын назарға алады.

Кассациялық сот мәжілісінде жауапкер тарапынан талап қоюшының талап етіп отырған пәтердің жоқтығына байланысты, сатуда тұрған алаңдары үлкен пәтерлерді ұсынған, алайда талап қоюшы қосымша қаражат жұмсалатын болғандықтан бұл ұсыныстардан бас тартқан.

Көрсетілгендердің негізінде, сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылады, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылады.

Сәйкесінше, АПК-нің 109-бабы 1-бөлігіне сәйкес талап қоюшыдан жауапкердің пайдасына төленген мемлекеттік баж - 2 163 теңге және жолға жұмсалған шығыны - 126 613 теңге өндіріледі, жауапкер тарапынан өтінішті бекітетін дәлелдемелер - түбіртек пен әуе билеттер сотқа ұсынылған.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 8)-тармағын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 6 тамыздағы шешімінің және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы Гульмира Тыныштыковна Есенгалиеваның жауапкер "Юпитер строй сервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Маңғыстау облысы Ақтау қаласы, 14 шағынаудан, №84/1 учаскесінен жалпы ауданы 63,25 шаршы метр пәтерді беруге міндеттеу жөніндегі талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

Талап қоюшы Гульмира Тыныштыковна Есенгалиевадан жауапкер "Юпитер строй сервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына төленген мемлекеттік баж - 2 163 (екі мың бір жүз алпыс үш) теңге және жолға жұмсалған шығыны - 126 613 (жүз жиырма алты мың алты жүз он үш) теңге өндірілсін.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын .

А.Даненова

М.Ибрагимова

Судьялар

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.