КСАД РК - Постановление от 30.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1800 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 30 қазан 6003-25-00-4к/1800 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева,

ашық сот отырысында талап қоюшы Кудратулла Бекжанович Назаровтың жауапкер «Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, мүдделі тұлға ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалын тарта отырып, 2024 жылғы 9 желтоқсандағы сұраныс хатына жауап берген әрекетін заңсыз деп тану туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 26 ақпандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысына түскен талап қоюшының кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 26 ақпандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімнің күші жойылып, талап қоюшының талап қоюы арызы кері қайтарылған. Сот шығындарының тағдыры шешілген.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Басқа іске қатысушылар сотқа келмеді, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы 2024 жылғы 20 қарашада «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ-не (бұдан әрі -жауапкер, Басқарма) мемлекеттік мекемесіне өтінішхат жолдаған, онда Шымкент қаласы Ақниет шағын ауданының құрылыс салу жобасы немесе аумақтық жер шаруашылық орналастыру жобасының көшірмесін беруді және «Ақниет» шағын ауданы № 774 жер учаскесі қандай көшеде орналасқаны туралы мәліметті сұраған.

2024 жылғы 9 желтоқсандағы №ЖТ-2024-06033451 жауабында, Шымкент қаласы Ақниет шағын ауданының жер бөлу сызбасы Басқарманың мұрағатында сақталмағанын, Ақниет шағын ауданы №774 учаскесі «Бас жоспар» бойынша орналасқан көшесіне қатысты мәліметті «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалынан ситуациялық сызбасы, кадастрлық номері немесе координаттары ұсынылған жағдайда анықталатыны туралы хабарланған.

Жауап берген әрекетімен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгініп, талап қоюда 2024 жылғы 9 желтоқсандағы №ЖТ-2024-06033451 жауабын заңсыз деп тануды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот, талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып төмендегідей тұжырымға келген.

Жауапкер сұраныста аталған жер учаскесінің ситуациялық сызбасы, кадастрлық номері немесе координаттары ұсынылған жағдайда анықталатыны туралы хабарлаған.

2007 жылғы 13 ақпандағы жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның №14517 шешімі негізінде К.Назаровқа Шымкент қаласы Ақниет мөлтек ауданы №774 учаскесі тиесілі екені сотта анықталған.

«Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шілдедегі Заңның 7-бабының 9- бөлігіне сәйкес жария етiлетiн мүлiк жөнiнде табыс етiлетiн мәлiметтердiң толықтығы мен дұрыстығы үшiн жария ету субъектiлерi жауапты болады.

Мүдделі тұлғаның өкілі сотта аталған жер учаскесіне кадастр ісі жасақталмағанын көрсеткен.

Яғни, Ақниет шағын ауданы №774 жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы жасалынбаған, осыған орай жер учаскесінің орналасқан орны, соның ішінде көшесін анықтау мүмкін емес екенін ескеріп, сот жауапкердің сұраныс хатта жауап берген әрекеті ӘРПК-тің талаптарына сәйкес өз құзыреті шегінде деп тапқан. Алайда, бірінші сатыдағы соттың аталған тұжырымдарымен апелляциялық сатыдағы сот келіспей, төмендегіні көрсеткен.

ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 4),5)-тармақшаларына сәйкес, әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).

ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.

Демек, талап қоюшы даулап отырған жауап хат әкімшілік акт немесе әкімшілік әрекет болып табылмайды, себебі талап қоюшы мен жауапкердің арасында жария-құқықтық қатынастар туындамаған, аталған даулы хат құқықтар мен міндеттерді іске асырмайды, тек түсіндірме сипатындағы хабарлама болып табылады.

Осыған байланысты К.Б.Назаровтың талап қоюы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген уәждер келтірген.

Кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіседі, олар материалдық құқық нормалары мен істің мән-жайларына дұрыс негізделген.

ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес сот іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса талап қою қайтарылады.

Осыған байланысты, бұл дау жария-құқықтық қатынастардан туындамайтындықтан, ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасы негізінде апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, талап қоюшының арызын дұрыс және заңды қайтарған.

Сондықтан, бірінші сатыдағы соттың шешімін бұзуға, қайтадан қарауға жіберуге негіз жоқ деп кассациялық сот санайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотта жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал талап қоюшы тарапынан сотттардың тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Е. Нұралиев

Л. Кудекова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.