Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 07.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/1048 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 7 қазан 6003-25-00-2к/1048 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші С.К.Нурабай, судьялар Л.С.Алпысова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор О.С.Пернеевтің, талап қоюшының өкілі Ғ.Ө.Әзімбайдың жауапкер Р.И.Слухайдың өкілі З.Ш.Мизамбаеваның, жауапкер В.А.Слухайдың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Раиса Ивановна Слухайға, Виталий Анатольевич Слухайға, Шолпан Мергеновна Слухайға, Григорий Александрович Слухайға, Алан Витальевич Слухайға өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы азаматтық істі жауапкер Р.И.Слухайдың Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешіміне, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған. Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылған. Р.И. Слухайдың жеке меншігіндегі Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, Керегетас көшесі, 5 үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-319-015-062, жалпы ауданы 0,0518 га, жер учаскесін, онда орналасқан жылжымайтын мүлік 39 701 288 теңге ақшалай өтемақыны төлеумен мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Ақшалай өтемақы төленгеннен кейін Р.И.Слухайды, онымен бірге тұрып жатқан В.А.Слухайды, Ш.М.Слухайды, Г.А.Слухайды, А.В.Слухайды Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, Керегетас көшесі, 5 үйден шығаруға шешім етілген. Мемлекет баж мәселесі шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер Р.И.Слухай кассациялық шағымында қайта сараптама тағайындауды немесе өндірілген төлемақы сомасын 45 000 000 теңгеге дейін ұлғайтуды, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді сұрады.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер Р.И.Слухайдың өкілі З.Ш.Мизамбаеваны, жауапкер В.А.Слухайды, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Ғ.Ө. Әзімбайды, шешімді өзгеріссіз қалдыруды сұраған прокурор О.С.Пернеевтің қорытындысын тындап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, жауапкер Р.И.Слухайдың Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, Керегетас көшесі, 5 үй мекенжайында орналасқан, кадастрлік нөмірі 21-319-015-062, жалпы ауданы 0,0518 га, үй меншік құқығына тиесілі болған.

Астана қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 17 мамырдағы №510-1459, 2024 жылғы 19 ақпандағы №510-440 қаулыларына сәйкес Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, Керегетас және Г.Потанин көшелерінің қиылыс ауданының мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,8875 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін «Мектеп» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жататыны анықталған.

Уәкілетті органмен 2024 жылғы 20 ақпанда жауапкерлерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған.

2025 жылғы 13 қаңтарда жауапкер Р.И. Слухайға жер учаскесімен жылжымайтын мүлік үшін «Дом Оценки» тәуелсіз бағалау компаниясы» ЖШС-мен жасаған мүлікті бағалау есебі негізінде 31 592 304 теңге ақшалай өтемақы уәкілетті органмен ұсынылған.

Алайда, жауапкер көрсетілген өтемақы мөлшерімен келіспеген, өтемақы мөлшерін 45 000 000 теңгеге дейін ұлғайтуды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот тараптардың арасындағы дауды шешу мақсатында сот сараптамасын тағайындаған. Сарапшы қорытындының шынайылығы үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылғаны туралы ескертілген.

Сот ұйғарымы негізінде 2025 жылғы 12 наурызда жасалған № С-2602.245 сарапшының қорытындысына (бұдан әрі - Сарапшы қорытындысы) сәйкес, жауапкердің жер учаскесінің нарықтық құны 38 831 609 теңгені, құрылыс материалдарының нарықтық құны ретінде көрсетілген мемлекеттік органда тиісті түрде рәсімделмеген және тіркелмеген жылжымайтын мүліктің құны 869 679 теңгені құраған.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі -Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан

жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде Сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі үшін өтемақы мөлшерін 38 831 609 теңге құрылыс материалдарының нарықтық құны ретінде көрсетілген мемлекеттік органда тиісті түрде рәсімделмеген және тіркелмеген жылжымайтын мүліктің құны 869 679 теңге барлығы 39 701 288 теңге деп анықтауы заңды.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешімі, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысы күшінде, жауапкер Р.И.Слухайдың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: С.К.Нурабай

Судьялар:

Л.С.Алпысова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.