6001-25-00-3г/1059(2)
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 12 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С. Иманиязова
талап қоюшы «Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» РММ-нің (бұдан әрі – Департамент) жауапкер дара кәсіпкер Гүлжайна Мырзағалиқызы Байқазақоваға мақсаты бойынша пайдаланбаған және игерілмеген үшін жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 казандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшының өтінішхатын электрондық істі зерттеу арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жауапкерге қарсы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін жауапкер жағындағы үшінші тұлға Қ.И.Керейтбаев іске қатыстырылған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 6 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 казандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылданған.
Өтінішхат иесі өтінішхатында істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жоюды сұраған.
Іс құжаттарынан көрінгендей, Департамент «Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» КММ-нің 2023 жылғы 13 ақпандағы №127 хаты негізінде дара кәсіпкер Г.М.Байқазақованың Қызылорда қаласы, Саяхат м/а, «Саяхат-19» көшесі, 2А мекенжайында орналасқан, кадастрлық №10-156-001-6634, көлемі 0,3 га «ғимаратқа қызмет көрсету үшін» жер учаскесінде ( Қызылорда қаласы әкімінің 2017 жылғы 13 қарашадағы №9549 қаулысы және 2017 жылғы 13 қарашадағы №183 жер учаскесін сатып алу-сату шарт бойынша берілген) жер заңнамасының сақталуына жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жер учаскесінің мақсаты бойынша пайдаланбағаны және игерілмегені анықтаған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 65-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасына сай жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi, оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендердегі жерлерде функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде –
оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға міндетті.
Сотта анықталғандай, Департамент тарапынан жауапкерге 2023 жылғы 6 наурызда 1 (бір) жыл мерзім ішінде жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалану жөнінде №35 нұсқама берілген.
Нұсқамада белгіленген мерзім өткеннен кейін, Департаментпен жауапкерге Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 152бабының 14-тармағына сәйкес 2024 жылғы 11 наурызда нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты ұсыну қажеттілігі туралы хат жіберілген, алайда, жауап қайтарылмаған.
Өз кезегінде, Департамент тарапынан Г.М.Байқазақоваға қатысты 2024 жылғы 17 сәуірде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі- ӘҚБтК) 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданған.
Сотта әкімшілік іс қаралып, Г.М.Байқазақова ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігімен жауапқа тартылып, соттың 2024 жылғы 16 мамырдағы қаулысымен оған 258 440 теңге айыппұл салынған.
Жауапкердің аталған жер учаскесіне меншік құқығы 2017 жылы туындаған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін 7 (жеті) жылдан астам мақсаты бойынша игеріп пайдаланбағанын өтінішхат иесі уәждерінде атап көрсеткен.
«Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 10-тармағына сәйкес Жер кодексінің 92-бабының 2-тармағының күші уәкілетті орган жер учаскелерін алғашқы берген кезден бастап, сондай-ақ одан кейін азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша иеліктен шығару нысанасы болған жер учаскелеріне қолданылады. Соттар осы санаттағы істерді қарау барысында алғашқы және кейінгі меншік иелерінің жер, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген-жүргізбегенін, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, эскиз жобасына уәкілетті органдардың рұқсаты алынған-алынбағанын тексеруге, жер учаскелерін уақтылы игермеу себептерін тексеруге тиіс.
Алайда, жауапкермен жер учаскесіне тиісті эскиздік жоба жасалмаған, эскиз жобасына уәкілетті органдардың рұқсаты алынбаған, құрылыс жұмыстары жүргізілмеген және құрылыс жұмыстарын жүргізуге уәкілетті органдардың рұқсаты алынбаған, яғни, жер учаскесін игеруге байланысты жұмыстар мүлдем жасалмаған деп, осы жәйіттерге арызданушы назар аударған.
Сондай-ақ жауапкердің Жер кодексінің және нұсқама талаптарын орындамағанын, жер учаскесін игеруге байланысты жұмыстар мүлдем жасалмағандығын апелляциялық сатыдағы сот назардан тыс қалдырғанын өтінішхат беруші атап өткен.
Бұл ретте, жауапкер Жер кодексінің және Департаментпен берілген нұсқама талаптарын орындамауына байланысты жер учаскесі мәжбүрлеп алып қоюға жатады деп өтінішхатта көрсетілген.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 казандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Ш.Иманиязова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.