ҚАУЛЫ
2026 жылғы 5 наурыз № 6003-25-00-4к/2871 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова,
судьялар – М.А.Қасымов, Д.Н.Нұрлыбаева болып,
прокурор А.Е. Кадылбековтың, талап қоюшы өкілдері С.М.Бакиров, А.К.Зинтай, жауапкердің өкілі О.К.Оразовтың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлiк қоғамының жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлiк қоғамы (бұдан әрі – Қор) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күші жойылған және әкімшілік талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлiк қоғамына қатысты 2025 жылғы 11 сәуірдегі нұсқамасы заңсыз деп танылған және оның күші жойылған.
Сот алқасының қаулысымен келіспей, жауапкер кассациялық шағымында оны заңсыз деп танып, толық күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрады.
Кассациялық сатыдағы сот прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Департамент 2025 жылғы 4 ақпанда Қорға қатысты аудиторлық іс-шараны (тексеруді) жүргізуге №6 тапсырма (тексеруді тағайындау туралы акт) шығарған.
Мемлекеттік аудиттің түрі: сәйкестік аудиті.
Аудиторлық іс-шарамен (тексерумен) қамтылған кезең: 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 31 қаңтарын қоса алғандағы уақыт.
Аудиторлық іс-шараны (тексеруді) жүргізу мерзімдері: 2025 жылғы
6 – 28 ақпан аралығы болып табылады.
Тексеруді тағайындауға М.Шохановтың өтініші және «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекетік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің №06-16/230 хаты негіз болған.
Тексеруді тағайындау актісі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінде 2025 жылғы 5 ақпанда № 2571000001705012/00005 тіркелді.
Тексеруді тағайындау актісіне сәйкес, 2025 жылғы 6 – 28 ақпан аралығында Департамент Қордың Түркістан облысы бойынша филиалы үшін тұрғын емес үй-жайды жалға алу жөніндегі 2024 жылғы 6 наурыздағы №78 мемлекеттік сатып алу шартын орындау барысын тексеріп, Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына жоспардан тыс аудит өткізді.
2025 жылғы 28 ақпанда тексеру нәтижесі бойынша № 6 аудиторлық есеп қалыптастырылған (бұдан әрі – Аудиторлық есеп).
Аудит барысында Қордың заң бұзушылықтарға жол бергені анықталып, 2025 жылғы 13 наурызда Қор аудиторлық есепке жоғары тұрған орган – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Апелляциялық комиссиясына (бұдан әрі – Апелляциялық комиссия) қарсылық келтірген.
2025 жылғы 8 сәуірде Қордың қарсылығы қанағаттандырусыз қалдырылып, 2025 жылғы 11 сәуірде Департаментпен аудиторлық қорытынды бекітілген.
2025 жылғы 14 сәуірде Департамент Қорға қатысты анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау мақсатында нұсқама (бұдан әрі – нұсқама) шығарды. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, аудиторлық іс-шараның тапсырмада көрсетілген уәкілетті тұлғалармен жүргізілген, аудиторлық есеп, қорытынды және нұсқаманың құзыретті тұлғалармен ресімделіп, шығарылған деген тұжырымға келді. Бірінші сатыдағы соттың шешімін жойып, дауланып отырған нұсқаманы заңсыз деп тану кезінде апелляциялық сатыдағы сот жауапкердің әрекеттерін Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабының талаптарын бұзды деген негізге сүйенді. Кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың бұл қорытындыларын төмендегідей негіздер бойынша негізсіз деп санайды. ӘРПК-нің 1-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді. ӘРПК Қазақстан Республикасының заңдарымен реттелмеген бөлігінде әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді.
Бірінші сатыдағы соттың шешімін жойып, дауланып отырған нұсқаманы заңсыз деп тану кезінде апелляциялық сатыдағы сот жауапкердің әрекеттерін Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабының талаптарын бұзды деген негізге сүйенді.
Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидалардың 99, 101, 104-тармақтарына сәйкес аудиторлық есеп 2 (екі) данада жасалады және мемлекеттік аудит объектісінің басшысына немесе оны алмастыратын тұлғаға танысу үшін ұсынылады, аудиторлық іс-шараны жүргізу мерзімі 15 (он бес) жұмыс күнінен асқан жағдайда, мемлекеттік аудит объектісіндегі аудиторлық іс-шара аяқталатын күнге дейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
Аудиторлық іс-шараның нәтижелерімен келіспеген жағдайда аудиторлық есеп мемлекеттік аудит объектісінің басшылығы тарапынан қарсылықтардың бар екендігі туралы ескертпе жазыла отырып қол қойылады. Мемлекеттік аудит объектісі қол қойылған аудиторлық есеп ұсынылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде аудиторлық есепке қарсылықты уәкілетті орган жанындағы Апелляциялық комиссияға жолдайды. Аудиторлық есепке келіп түскен қарсылықтар, сондай-ақ мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының және (немесе) оның лауазымды тұлғаларының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген шағымдар және оларға берілген дәлелді жауаптар міндетті түрде аудиторлық іс-шара материалдарына тіркеледі.
Аудиторлық есепке қарсылықтарды қарау тәртібі «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 111-тарауында көзделген.
Аудиторлық есепке қол қойылғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде аудиторлық іс-шараны жүргізуге жауапты тұлға ішкі мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша аудиторлық қорытындыны қалыптастырады. Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларының, сондай-ақ оларды іске асыру үшін қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актілерінің бұзушылықтары анықталған жағдайда мемлекеттік аудитор анықталған бұзушылықтарды жою және оларды жіберген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама қалыптастырады (Қағидалардың 107-тармағы).
Қағидалардың 108-тармағына сәйкес аудиторлық қорытынды мен нұсқама аудиторлық қорытынды бекітілгеннен кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудит объектісіне, мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және лауазымды тұлғаларға жолданады.
Іс материалдарынан көрініп тұрғандай, 2025 жылғы 28 ақпандағы №6 аудиторлық есеп мемлекеттік аудит объектісінің басшысына табыс етіліп, оған қол қойылған.
Осылайша, Департамент Қорға аудиторлық қорытынды және түпкілікті әкімшілік акт – нұсқама қабылданғанға дейін анықталған бұзушылықтар бойынша өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік берген, атап айтқанда анықталған бұзушылықтарды теріске шығаратын немесе нақтылайтын өз қарсылықтарын, дәлелдерін және құжаттарын ұсынуға мүмкіндік жасаған, бұл ӘРПК-нің 73-бабында көзделген тыңдалу рәсіміне сәйкес келеді.
Осыған байланысты жауапкердің осы бөліктегі уәждері назар аударуға тұрарлық, өйткені бұл жағдайда жеке тыңдау рәсімін өткізу талап етілмейді.
Іс бойынша дәлелдемелерді жинау және қосымша тексеру талап етілмейтінін ескере отырып, кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын жойып, 2025 жылғы 4 маусымдағы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімін күшінде қалдыру қажет деп санайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешімі күшінде қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Ә.Назарова
Судьялар
М.Қасымов Д.Нурлыбаева
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.