6001-24-00-3Г/6214
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 25 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Молдахметова Т.Ә.,
талап қоюшы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің (бұдан əрі – Министрлік) жауапкер жеке нотариус Л.А.Жумагулованы лицензиядан айыру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған,
Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысына жауапкердің өкілі Р.Б.Наурызбаевтың келтірген өтінішхатын азаматтық істі сұратып алдыру арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Министрлік сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Қосшы қалалық сотының 2024 жылғы 5 маусымдағы шешімімен Министрліктің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысымен шешімнің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Жумагулова Л.А. Министрлікпен 2022 жылғы 19 қаңтарда берілген № 22000692 лицензиядан айырылған.
Жауапкердің өкілі Наурызбаев Р.Б. өтінішхатта, материалдық жəне процесстік құқық нормаларының бұзылуына байланысты іс бойынша қабылданған сот актісінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Іс құжаттарынан анықталғандай, 2022 жылғы 19 қаңтарда Л.А.Жумагуловаға Министрлікпен № 22000692 нотариаттық қызметпен айналысу құқығы көзделген лицензия берілген.
2022 жылғы 6 маусымдағы № 9 хаттамамен Жумагулова Л.А. Астана қаласының нотариаттық палатасының мүшесі ретінде тіркеліп, сол кезден бастап нотариус ретінде қызмет атқарған.
2023 жылғы 6 маусымдағы № 7 хаттамамен Жумагулова Л.А. өз еркі бойынша Астана қаласының нотариаттық палатасының мүшелігінен шыққан.
2023 жылдың 3 тамызындағы № 17 хаттамамен Ақмола облысы нотариаттық палатасының мүшесі ретінде тіркелген.
Астана қаласының Әділет департаментіне (бұдан əрі – Департамент) Министрліктен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныспен бірге атқарушылық жазбаларды жасау кезінде заңдылықты сақтау мəселелері бойынша ұсыныс келіп түскен.
Департаментпен архив материалдарын қарау барысында жеке нотариус Л.А.Жумагуловамен «Микроқаржы ұйымы «Robokesh.KZ» ЖШС-нің пайдасына берешекті өндіріп алуға 198 атқарушылық жазбалары борышкерлер берешек сомасын жазбаша мойындамаған жағдайда жасалғаны, оның ішінде 22 атқарушылық жазбасын жасау кезінде қызмет ету аумағының сақталмағаны анықталған.
2024 жылдың 15 ақпанынан бастап Министрліктің № 124 бұйрығымен
Л.А.Жумагулованың лицензиясының қолданысы тоқтатылған.
Министрлік осы талап қоюмен сотқа жүгініп, Л.А.Жумагулованы
лицензиясынан айыруды сұраған.
Бірінші сатыдағы сот, талаптың негізсіздігіне сілтеме жасап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.
Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, жеке нотариусты лицензиясынан айыру туралы шешімге келген.
Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» заңының (бұдан əрі – Заң) 11-бабының 3) тармақшасында, прокуратура органдарының, не Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң, не Республикалық нотариаттық палатаның талап қоюы бойынша сот шешiмiмен нотариус нотариаттық iс-əрекеттер жасаған кезде Қазақстан Республикасының заңдарын бiрнеше мəрте бұзғанда не мемлекеттiң, жеке жəне заңды тұлғалардың мүдделерiне зиян келтiрiп, заңдарды бұзғанда нотариус лицензиясы кері қайтарылып алынады.
Өтінішхат иесі апелляциялық сот алқасының тұжырымымен келіспей,
өтінішхатында төмендегі уəждерге назар аударуды сұраған.
Нотариус Жумагулова Л.А. қандай да бір тəртіптік жауапкершілікке тартылмаған, нотариустың шығарған атқарушылық жазбалары дауланбаған жəне барлық атқарушылық жазбалары заңды күшінде жəне бұл тұрғыда қандай да бір құқық туралы дау туындамаған.
Атқарушылық жазбалар шығарылғаннан кейін, тараптармен несие шартының атқарушылық жазбалары нотариустың орналасқан жері бойынша шығару бөлігі дауланбаған жəне күші жойылмаған.
Нотариаттық iс-əрекеттер жасау кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын «қайталап» бұзу белгiсi бiр оқиғадан кейiн ғана қайталау ретiнде болуы мүмкiн. Қайталау бұрын тəртіптік жауапкершілікке тартылған нотариус (алғашқы бұзушылықтан кейін) қайтадан заң бұзушылыққа жол берген жағдайда байқалады.
Заң нотариусты лицензиядан айырудан басқа жазаның баламалы түрлерін жəне олардың неғұрлым жеңіл түрін тағайындау мүмкіндігін қарастырады, жəне де Заңда белгiленген тəртiппен нотариаттық палатаның тəртiптiк комиссиясында талқылауға жатады.
Сондықтан нотариусты лицензиядан айыру мəселесі уақтынан бұрын қойылған.
Бұдан бөлек, Заңда белгіленген тəртіппен атқару жазбаларының заңсыздығы расталмаған.
Борышкерлердің қарсылығы бойынша нотариустардың өздері күшін жойғандарды қоспағанда, атқарушылық жазбалар заңды күшіне енген жəне сот орындаушыларымен орындалуда.
Прокурор атқару парақтарын жою туралы сотқа талап қоймаған.
Мұндай жағдайда нотариустың іс-əрекетінде заң бұзушылық бар деуге заңды негіз жоқ, өйткені соттың атқару құжатының күшін жою туралы сот шешімі шығарылмаған.
Сонымен қатар, борышкерлерге несие беру барысында несие алушы мен «Микроқаржы ұйымы «Robokesh.KZ» ЖШС-нің арасында микрокредит беру туралы шарт жасалған. Аталған шарттың 3.4 тармағына сəйкес, микрокредиттік ұйым несие алушы өз қарсылықтарын ұсынбаған жағдайда, қарыз алушының келісімін алмай, нотариустың атарушылық жазбасының негізінде, негізгі борышты, сыйақыны жəне тұрақсыздық айыбын қоса алғанда, микрокредит бойынша берешекті өндіріп алуға құқылы.
Нотариус атқарушылық жазбаларды қабылдау барысында өндіріп алушының ұсынылған құжаттар мен тараптардың арасында жасалған шарттарды негізге алған. Аса мəн беретін жағдай, бұл Республика соттарымен осы талап қоюға тектес бірнеше азаматтық істер қаралып, соттар нотариустармен атқару жазбаларын жасау кезінде Заңның 11-бабы 3) тармақшасының талаптарының бірнеше рет бұзғандығы туралы дəлел ұсынбауына байланысты Министрліктің талап қоюларын қанағаттандырусыз қалдырған.
Судья өтінішхатта көрсетілген уəждердің іс үшін маңызы бар екендігін жəне даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-нің 444-бабының 1 бөлігі 1)-тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы өтінішхат Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының кассациялық сатыдағы азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья Т. Молдахметова Көшірмесі дұрыс Судья Т. Молдахметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.