6001-22-00-6ап/301
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 2 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Н.Ү.Қайыпжан,
судьялар – Г.Б.Дуйсенбаев, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор Д[...],
талап қоюшының өкілі К[...], жауапкердің өкілі Ю[...],
мүдделі тұлғалар: «Кентау қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...],
А[...] өкілі – Е[...] қатысуларымен,
талап қоюшы «Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұған дейін - «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесі, бұдан әрі – Департамент) жауапкер Қарнақ ауылының әкіміне ауылдық округі әкімінің шешімдерін жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 2 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшы Ж[...] инспекциясының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Департамент сотқа Қарнақ ауылының әкіміне ауылдық округі әкімінің шешімдерін жарамсыз деп тану туралы талап қою арызбен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 26 қазандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 2 ақпандағы ұйғарымымен бірінші саты сотының шешімінің күші жойылып, талап қоюшының талап қою арызы кері қайтарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық саты сотының шешімімен келіспейтіндігін көрсете келе, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай оның күшін жойып, шағымды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшының өкілі шағым уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін, мүдделі тұлғалардың даулы ұйғарыммен келісетіндіктері жөнінде түсініктемелерін, прокурордың сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Қарнақ [...] жылғы 23 мамырдағы шешімімен А[...] тұрғын үй құрылысын салу және өзіндік (қосалқы) үй шаруашылығын жүргізу үшін жалпы алаңы 1500 ш.м. (0,1500 га) Құшата елді мекені Сұйіліш батыр көшесі нөмірсіз мекен жайдан жер телімі меншік құқығымен берілген.
Аталған жер учаскесіне кадастрлық №[...] мемлекеттік сәйкестендіру актісі рәсімделген.
Қарнақ [...] жылғы 15 қаңтардағы шешімімен жер телімі екі бөлікке бөлініп, бір бөлігінің нысаналы мақсаты өзгертілген.
Аталған жер учаскелері су қорғау аймағында орналасқандықтан, ал су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органдар А[...] жер беруге келісім бермегендіктен, талап қоюшы сотқа талап қоюмен жүгінген.
Кассациялық саты отырысына талап қоюшы өкілімен атауы өзгертілген мекеменің атынан сенімхат ұсынылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң кейбiр мәселелерi туралы» 2022 жылғы 19 қаңтардағы №21 қаулысының 1-қосымшасының 12 тармағымен «Түркістан облысы әкiмдiгiнiң жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттiк мекемесі республикалық меншікке қабылданып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ж[...] ресурстарын басқару комитетінің қарамағына беріліп, 2-қосымшасының 12 тармағына сәйкес оның атауы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ж[...] ресурстарын басқару комитеті «Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілген.
Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, Департамент жер бөлінген кезде жергілікті атқарушы органмен сол жерге су қорғау аймақтары мен белдеулері бекітілгені туралы және жер бөлінгенде сол жерлер қорғау аймақтарына енгені туралы дәлелдемені сотқа ұсына алмағандығын, даулы шешімнің А[...] жеріне межелес орналасқан көршінің немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынын, өзге тұлғаның жерімен беттеспегенін негізге алған.
Апелляциялық саты соты ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 15) тармақшасында көзделген негіздер бойынша талап қоюды қайтару туралы қорытынды жасап, іс бойынша қабылданған сот шешімінің күшін жойған.
Оған қоса, ӘРПК-нің 136-бабының 2, 5-бөліктерін басшылыққа алып, талап қоюшының даулы шешімге шағым келтіру мерзімін өткізіп алғанын, оны қалпына келтіруге дәлелді себептердің болмағанын, ол туралы бірінші саты соты тиісті ұйғарым шығармағанын негіздеген. Сот алқасы, апелляциялық саты сотының талап қою арызды қайтарудың негіздерімен келіспейді.
ӘРПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Қоғамдық-құқықтық қатынастар - құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің биліктік өкілеттіктерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады. ӘРПК тәртібімен істерді қарау әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) талап қоюшының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған арнайы қағидаттарды қолдануды көздейді.
ӘРПК-нің 4-бабының 33) тармақшасына сәйкес, талап қоюшы өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға.
ӘРПК-нің 31-бабының 3-бөлігіне сәйкес, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюмен әкімшілік іс жүргізуде прокурор жүгінуге құқылы.
Ал, прокурор сотқа басқа тұлғаның құқықтарын қалпына келтіру және мүдделерін қорғау үшін ӘРПК-нің 31-бабының 3-бөлігінде көзделген жағдайларда ғана жүгінуге құқылы.
Өзге тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай өкілеттіктер берілген жағдайларда ғана басқа тұлғаның мүдделері үшін талап қоюмен сотқа жүгіну құқығына ие.
Қазақстан Республикасы Ж[...] кодексінің 147, 148-баптарына сәйкес жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган жер учаскелерін бөлу кезінде заңдылықтың бұзылуы анықталған жағдайда ғана сотқа талап қою беруге құқылы.
Алқаның пікірінше, 2021 жылғы 1 шілдеден, яғни ӘРПК-нің қолданысқа енгізілгеннен бастап, Ж[...] ресурстарын басқару департаменті әкімшілік сот өндірісі шеңберінде жергілікті атқарушы органның шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қоюға құқы жоқ, себебі ауылдық округ әкімі Ж[...] ресурстарын басқару департаментіне қатысты билік өкілеттіктерін жүзеге асырмайды.
Осыған байланысты, сот алқасы ӘРПК-тің 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіз бойынша, яғни іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген негізбен қайтарылу тиіс деген қорытындыға келеді.
Апелляциялық саты соты талап қоюшының арызын заңды түрде қайтарған, алайда іс жүргізу құқығының нормаларын қолдануда қателік жібергендіктен, шағымданған сот актісі өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 2 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының «Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан
Г. Дуйсенбаев
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.