Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4359 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4359

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 9 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы өкілі Ж.Масеновтың,

жауапкер өкілі Н.Ж.Елтаеваның қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Даурен Жубанышович Масеновтың жауапкер «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» акционерлік қоғамына бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру және бос жүруге мәжбүр болған күндеріне жалақасын өндіру жайлы электрондық азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Д.Ж.Масенов сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Жезқазған қалалық сотының 2024 жылғы 29 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Қоғам) 2024 жылғы 4 сәуірдегі № 385-т және 11 сәуірдегі № 262-к бұйрықтары заңсыз деп танылып күші жойылып, Д.Ж.Масенов Қоғамының бас директорының орынбасары лауазымына қайта орналастырылған.

Қоғамнан Д.Ж.Масеновтың пайдасына бос жүруге мәжбүр болған күндеріне 2 984 158 тенге жалақы өндіріліп, сот шешімінің үш айға 1 911 753 теңге жалақы өндіру туралы дереу орындауға жолданған.

Сот шығыстары тиісінше бөлінген.

Бірінші сатыдағы сот Қоғамда шын мәнінде штат санының қысқаруы жүргізілмегені жайлы тұжырымға келген.

Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жайлы жаңа шешім шығарылған.

Апелляциялық сатыдағы сотпен іс бойынша жаңа шешім қабылдануына, жұмыс беруші тарапынан жұмыскермен еңбек шартын тоқтатуда еңбек заңнамасының талаптарының сақталуы, Қоғамда шын мәнінде штат санының қысқаруы орын алуы, талап қоюшының орнына басқа адамның жұмысқа қабылданбағаны негіз болған.

Талап қоюшы кассациялық шағымын, сот түйіндерінің істің мәнжайларына сәйкес келмеуіне, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, өзінің қудалауға үшырап заңсыз бірнеше рет тәртіптік жазаларға тартылғанына, мәселенің директорлар кеңесінің заңсыз құрамында қаралғанына, штат саны қысқартылғанан кейін жұмысқа бірнеше

қызметкердің қабылданғанына негіздеп, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, еңбек шартын бұзуда барлық материалдық нормалардың талаптары сақталғандықтан дауланған сот актісін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотымен жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі- Кодекс) 52бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайда жұмыс берушінің бастамасымен бұзуға жатады.

«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының № 9 нормативтік қаулысының 13-тармағы бойынша, соттар жұмыс берушінің (заңды тұлғаның) таратылуына, жұмыс беруші (жеке тұлға) қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқартылуына (Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшалары) байланысты еңбек шарты бұзылған адамдарды жұмысқа қайта алу туралы істерді қарай отырып, ұйымның (заңды тұлғаның) таратылғантаратылмағанын, жұмыс беруші (жеке тұлға) қызметінің тоқтатылғантоқтатылмағанын, жұмыскерлер санын немесе штатын қысқарту шын мәнінде жүргізілген-жүргізілмегенін, заңнамалық актілерде көзделген жұмыскерлерді босату тәртібінің сақталған-сақталмағанын, олардың орнына басқа адамдардың алынған-алынбағанын тексеруге міндетті.

Іс құжаттарына қарағанда, жауапкердің 2024 жылғы 4 сәуірдегі №385-Т бұйрығымен 2024 жылдың 6 мамырдан бастап бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасарының штат бірлігі – бір бірлікке қысқартылған. Д.Ж.Масенов ұсынылған басқа бос қызметтерге ауысудан бас тартуына байланысты, 2024 жылғы 11 сәуірдегі №262-к бұйрығымен жұмыс берушінің бастамасымен 2024 жылғы 6 мамырдан бастап еңбек шарты бұзылған.

Кодекстің 53-бабының 1-тармағына сәйкес жауапкермен 2024 жылғы 4 сәуірдегі №12-843 хатымен талап қоюшыға бас директордың жалпы мәселелер

жөніндегі орынбасарының лауазымын қысқарту туралы хабарлама бір ай бұрын жолданған.

2024 жылғы 5 сәуірдегі №12-869 хатымен Жезқазған қаласының «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 103-бабының 2-тармағы 2) тармақшасына сәйкес ақпарат жіберілген.

Аталған мән-жайлар Д.Ж.Масеновпен АПК-тің 72-бабының талабына сәйкес іске қатысты, жол беруге болатын дәлелдемелер жиынтығымен жоққа шығарылмаған.

Яғни, талап қоюшымен еңбек шарты еңбек заңнамасының талаптарына сай бұзылған.

Апелляциялық сатыдағы сотының тұжырымдары сот қаулысында ашып көрсетілген, кассациялық сотқа бұрын соңды зеттелмеген жаңа дәлелдер ұсынылмағандықтан олар қосымша уәждеуді қажет етпейді.

Осы мән-жайларға байланысты сот қаулысына өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін заңда көзделген негіздердің болмауына байланысты, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар Н.Ормаханов

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.