6001-24-00-6ап/755
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 21 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Г.Ө. Әлжанов,
судьялар - Б.Т. Нажмиденов, Ж.Б. Ермағамбетова болып, жауапкердің өкілі Д.А. Каимнің қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Тагаева Гулмира Жапбаровна жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (әрі қарайМекеме) ротациялау комиссиясы отырысының хаттамасын ішінара жарамсыз деп танып күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі шешіміне, Шымкент қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қантардағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы Мекемеге қатысты сотқа талап қою арызымен жүгініп, хаттама заң нормаларын өрескел түрде бұза отыра қабылданғанын атап, өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылудан бас тартылған.
Шымкент қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қантардағы қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың актілерін күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрап, оны жергілікті соттардың істің мән-жайларына дұрыс баға берілмегендігімен және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағандығымен негіздеген.
Кассациялық сатыдағы сот отырысына талап қоюшы және оның өкілі келмеді, бұл ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі қарауға кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерделеп, жауапкердің өкілін қарсылығын тыңдап, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілерін күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай - АПК) ережелерімен белгіленеді.
АПК-нің 451-бабының 5-бөлігіне сәйкес, егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтар анықталмады.
Іс құжаттарына сай Түркістан облысы әкімдігінің 2018 жылғы 13 тамыздағы «Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне облыстық коммуналдық заңды тұлғаларды беру туралы» №234 қаулысы және Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 29 тамыздағы «Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне қабылдау туралы» №127 қаулысы негізінде Г.Ж.Тагаева Шымкент қаласының білім басқармасы 2018 жылғы 14 қыркүйектегі №744-ЖҚ бұйрығымен Шымкент қаласы білім басқармасының «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының (әрі қарай-колледж) директоры болып қайта бекітілген.
Ротациялау комиссиясы отырысының 2023 жылғы 27 маусымдағы хаттамасымен ротациялауға жататын 17 бірінші басшының тізімі, оның ішінде Г.Ж.Тагаеваның атқаратын колледж директоры лауазымы ротациялауға ұсынылған.
Г.Ж. Тагаева ротациялауға жататын бірінші басшылардың тізімі қалыптастырылғанға дейін 9 жылдан аса аталған колледжде басшылық лауазымда қызмет атқарып отырған.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңы (бұдан әрі - Заң) 44бабының 3-тармағына сәйкес, лауазымға тағайындау және лауазымынан босату тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жекелеген мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын қоспағанда, білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.
Заңның 44-бабының 5-1 тармағына сай, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау олардың кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу мерзімдері мен шарттары мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларында айқындалады.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау бір елді мекен шегінде жүзеге асырылады. «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімінен кейінгі, қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығына (бұдан әрі - Қағида) сәйкес білім беру ұйымында 7 (жеті) жыл жалпы өтілі бар мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау жүргізілді.
ӘРПК-нің 155-бабы 4-тармағына сәйкес сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
Жергілікті соттар дауды шеше және талап арызды қанағаттандырудан бас тарта отырып, Заңның және Қағидалардың жоғарыда аталған нормаларын басшылыққа ала, 9 жылдан астам колледж директоры лауазымында болған талап қоюшыға қатысты жүргізілген ротацияның заңдылығы туралы дұрыс қорытындыға келді.
Талап қоюшы өткізілетін алдағы ротация туралы тиісті түрде хабарланған, бұл іс материалдарымен расталды.
Талап қоюшы ротация кезеңінде еңбекке уақытша жарамсыз болғанын растайтын дәлелдемелерді ұсынбаған.
Талап қоюшының 2018 жылдың 14 қыркүйегінен бастап қызметке қайта тағайындалуы және 7 жылдық өкілеттік мерзімінің аяқталмауы туралы шағымының дәлелдері даулы хаттаманың заңдылығына әсер етпейді, өйткені, Қағидалардың 5-тармағына сәйкес білім беру ұйымының қайта ұйымдастырылуына (қосылуына, бөлінуіне, бөлініп шығуына, қайта құрылуына), атауының өзгеруіне, сондай-ақ жұмыстан босатылған және сол білім беру ұйымындағы басшы лауазымына қайтарылған мерзімге қарамастан, ротацияға бір білім беру ұйымында 7 (жеті) жыл мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысының жалпы жұмыс өтілі бар бірінші басшылар жатады.
Шымкент қалалық білім бөлімінің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы № 694 бұйрығымен талап қоюшыға бірінші санатты беру, сонымен қатар Колледж директорының міндеттері орындалуы туралы 2023 жылғы 5 қаңтардағы №1 бұйрықтың болуы ротация тәртібіне әсер етпейді. Жергілікті соттармен іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталғандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, алқа сот актілердің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз таппайды.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі шешімі, Шымкент қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қантардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Г.Ж.Тагаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.