ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 қараша 6003-25-00-4к/2077 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Н.М.Кабдрахманова, Г.Б.Дуйсенбаев
ашық сот отырысында Нуржан Шералиевич Кененбаевтің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара Қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 9 желтоқсандағы шешімнің күшін жою, тұрғын үй төлемдерін қайта есептеу арқылы төлеуді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Н.Кененбаев жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара Қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – департамент) жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінді.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылған.
Н.Кененбаев кассациялық шағымында соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкерден істі оның өкілінің қатысуынсыз қарау туралы өтініш сотқа
түсті.
Тиісті түрде хабарланған талап қоюшының өкілінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Кассациялық сот шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заңбұзушылықтар орын алмаған.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 16 сәуiр 1997 жылғы №94 Заңының (бұдан әрі – Заң) 101-2-бабының 1 және 5- тармақтарына сәйкес, егер осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде өзгеше көзделмесе, әскери қызметшілердің (мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда) тұрғынжай құқығын іске асыруы осы тарауда белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы, жүзеге асырылады.
Әскери қызметшілер әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқартылуына байланысты, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша, өздеріне қатысты келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған жағдайда немесе отбасы жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген кезеңдері үшін:
бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдері;
бұрын Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген немесе әрбір қызмет өткеру орны бойынша меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрған кезеңдері шегеріле отырып, арнаулы мемлекеттік органдарға, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қызметке кірген күннен бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үй төлемдерін алады.
Іс құжаттарына қарағанда, Н.Кененбаев 2011 жылғы 14 қаңтардан бастап 2024 жылғы 18 қарашаға дейін департаментке қарасты әскери бөлімдерде қызмет атқарған.
Департаменттің тұрғын үй комиссиясының 2013 жылғы 6 мамырдағы хаттамалық шешімімен ол тұрғын үйге мұқтаж деп танылған.
Талап қоюшы және отбасы мүшелеріне 2019 жылғы 8 мамырдағы №398 мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйді жалдау шарты негізінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 189 орам, №12 үй, №3 пәтер жалға берілген. Осыған байланысты тұрғын үй комиссиясының 2019 жылғы 8 тамыздағы №4 хаттамасына сәйкес, Н.Кененбаев тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметкерлер қатарынан шығарылған. Талап қоюшы департаменттің Төлеби ауданы бойынша шекара басқармасы техникалық және кәсіптік дайындық бөліміне ауысуына байланысты тұрғын үй комиссиясының 2020 жылғы 14 қазандағы №12 хаттамасымен тұрғын үйге мұқтаж деп танылған.
Алайда талап қоюшының қызмет орны Шымкент қаласында болғандықтан 2021 жылы 18 мамырда тұрғын үй төлемдері тоқтатылған.
2022 жылғы 17 тамыздағы №397-жқ бұйрығына сай Н.Кененбаев Мақтаарал шекара бөлімінің «Найман Бұқарбай» шекара бөлімшесінің аға технигі лауазымына тағайындалған.
Н.Кененбаев 2023 жылы 28 наурызда өзін және отбасы мүшелерін тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы баянатпен жүгінген.
Республика аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілуіне байланысты тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 28 сәуірдегі №45 хаттамалық шешімімен Н.Кененбаевті тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартылған.
2024 жылғы 18 қарашадағы №275 бұйрықпен Н.Кененбаев әскери қызметкерлер қатарынан шығарылған.
Н.Кененбаев 2024 жылы 14 қарашада департаменттен өзіне 2011 жылдың қаңтар айынан 2018 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде тұрғын үймен қамтамасыз етілмегені үшін тұрғын үй төлемдерін тағайындауды сұраған.
Тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 9 желтоқсандағы №79 хаттамалық шешімімен талап қоюшы тұрғын үй төлемдерінің алушысы болмағандықтан оған бұл төлемдерді тағайындаудан бас тартылған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 49 қаулысымен бекітілген Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларының 24-тармағына сәйкес, біржолғы тұрғын үй төлемдері әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алушы болып табылған жағдайда тағайындалады.
Соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшыға мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілгенін, сондықтан тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 28 сәуірдегі №45 хаттамалық шешімімен оны тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартылғанын және бұл шешім заңды күшінде екенін көрсеткен.
Қассациялық сот бұл тұжырымдармен келеседі. Мұндай жағдайда соттар Н.Кененбаевтің талап қоюын қанағаттандырудан дұрыс бас тартқан.
Іске қатысушылардың уәждеріне соттармен тиісті құқықтық баға берілген. Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандыруға жатпайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Н.Кененбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші:
Е. Төлеев
Н. Кабдрахманова
Судьялар:
Г. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.