6001-20-00-3г/7130
2020 жылғы 21 желтоқсан
Қ А У Л Ы
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы А[...] жауапкер «Түркістан облыстық полиция департаменті» ММ-ге бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Түркістан облыстық полиция департаменті» ММ-нің өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
А[...] сотқа «Түркістан облыстық полиция департаменті» ММ-нің ( бұдан әрі – Полиция департаменті / жұмыс беруші ) 2020 жылғы 28 ақпандағы № 268 бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою, Сарыағаш аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің ( бұдан әрі – Полиция бөлімі ) учаскелік полиция инспекторы қызметіне жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен жүгінген.
Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 03 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған, іс бойынша талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған:
Полиция департаментінің 2020 жылғы 28 ақпандағы № 268 ж/қ бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған;
Ж.А[...] бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметіне қайта орналастырылған;
жауапкерден талап қоюшының пайдасына амалсыз бос жүрген уақыты үшін 1574624 теңге өндірілген;
шешімнің жұмыскерді бұрынғы қызметіне қайта орналастыру және амалсыз бос жүрген уақыты үшін үш айлык жалақы өндіру туралы бөлігі дереу орындауға жолданған.
Өтінішхат беруші іс бойынша Түркістан облыстық сотымен материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын, соттың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсетіп, іс бойынша дау айтылған 2020 жылғы 15 қыркүйектегі қаулының күшін жойып, Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 03 шілдедегі шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ( бұдан әрі – АПК ) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Іс бойынша анықталғандай, 2015 жылғы 22 маусымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің (қазіргі уақытта – Полиция департаменті) № 164 ж/қ бұйрығымен Ж.А[...] бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметіне тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің ( бұдан әрі – Әдеп кодекс ) 5-тармағының 2), 11) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілер адал, әділ болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануы тиіс. 2019 жылғы 07 қарашада Полиция бөлімінің ақпараттарды есепке алу кітабында азаматша У[...] өзін жұбайы С[...] ұрып-соққаны туралы арызы № 195154030006680 реттілігімен тіркелген.
Аталған арызды учаскелік полиция инспекторы А[...] өндірісіне қабылдап, 2019 жылғы 08 қарашада У[...] қатысты сот-дәрігерлік сараптама тағайындау туралы қаулы шығарған, алайда арызданушы сараптамадан өтуден бас тартқан.
2019 жылғы желтоқсанда (күні көрсетілмеген) А[...] С[...] қатысты Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің ( бұдан әрі – ӘҚБтК ) 73-2-бабының 1-бөлігімен ( тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау ) хаттама жасақтаған. Аталған баппен көзделген құқық бұзушылық үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы көзделген.
ӘҚБтК-нің 808-бабына сәйкес жасалғаны үшiн жауаптылық әкiмшiлiк қамаққа алуды қолдануға әкеп соғуы мүмкiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалғанынан кейiн судьяға дереу жiберiледi.
Алайда А[...] ӘҚБтК-нің 808-бабының талаптарын орындамай, С[...] қатысты хаттаманы қарау үшін судьяға дереу жiбермеген.
Полиция бөлімінің 2020 жылғы 06 қаңтардағы бұйрығы негізінде А[...] және тағы да басқа қызметкерлер 2020 жылғы 04-13 қаңтар аралығында Түркістан қаласының аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін іс-сапарға жолданған.
С[...] қатысты жинақталған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы құжаттар А[...] іс-сапарда болған уақытта 2020 жылғы 09 қаңтарда сотқа жолданған.
Сарыағаш ауданының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 09 қаңтардағы қаулысымен С[...] қатысты әкімшілік іс әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екі ай өтуіне байланысты ӘҚБтК-нің 62-бабының 1-бөлігіне сәйкес өндірісінен тоқтатылып, С[...] әкімшілік жауапкершіліктен босатылған.
Осы факті бойынша Полиция бөлімімен қызметтік тексеру жүргізіліп, 2020 жылғы 26 ақпанда тәртіптік комиссиямен А[...] қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту жариялау туралы ұсыныс енгізілген.
«Құқық қорғау қызметі» туралы Қазақстан Республикасының Заңының ( әрі қарай – № 380 Заң ) 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес қызметкерлер қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмыстан шығарылады.
Полиция департаменті тәртіптік комиссияның ұсынымымен келіспей, 2020 жылғы 28 ақпандағы № 268 ж/қ бұйрығымен А[...] № 380 Заңның 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасы негізінде ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарған.
Түркістан қалалық соты талап қою арызды қанағаттандырудан бас тартқанда, А[...] С[...] қатысты жасақталған әкімшілік хаттаманы уақытында сотқа қарау үшін жібермеген салдарынан әкімшілік іс өндірістің заңмен белгіленген екі ай өтуіне байланысты тоқтатылуына әкеп соққан деп тұжырымдаған.
Түркістан облыстық соты бірінші сатыдағы соттың іс бойынша анықталған мән-жайларға дұрыс баға бермегенін және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсеткен.
ӘҚБтК-нің 62-бабының 1-бөлігімен тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екi ай өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатпайды. Яғни, С[...] қатысты әкімшілік іс құжаттары сотқа 2019 жылғы 06 қаңтарға дейін жолданып, қаралу тиіс еді.
Апелляциялық сот алқасы У[...] қатысты құқық бұзушылық оқиға 2019 жылғы 06 қарашада орын алғанын, оның арызы Полиция бөліміне 2019 жылғы 07 қарашада түскенінін, алайда С[...] тұрғылықты мекенжайы 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгісіз болғанын, ал 2020 жылғы 04-13 қаңтар аралығында, яғни ӘҚБтК-нің 62-бабының 1-бөлігімен белгіленген екі айлық мерзім аяқталған кезде, А[...] Түркістан қаласында іс-сапарда болғанын атап көрсеткен.
Сонымен қатар, А[...] іс-сапарға жіберілген кезде С[...] әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімі шықпағанын, Полиция департаменті мен Полиция бөлімімен аталған учаскелік полиция инспекторының өндірісіндегі істерді басқа қызметкерге тапсыруын қамтамасыз етуді ұйымдастырмағанын, талап қоюшының С[...] сыйымыз қолдау көрсету салдарынан құқық бұзушының әкімшілік жауаптылыққа тартылмауына әкеп соққаны өз дәлелін таппағанын көрсетіп, Түркістан облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, Полиция департаментінің даулы бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою, А[...] бұрыңғы жұмысына қайта орналастыру және оның пайдасына Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 160-бабына сәйкес амалсыз бос жүрген уақыты үшін жалақы өндіру туралы жаңа шешім қабылдаған.
Полиция департаменті өтінішхатында құқық бұзушы С[...] қатысты әкімшілік іс құжаттары сотқа уақытында жолданбау фактісі бойынша жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесінде азаматша У[...] арызы Полиция бөліміне 2019 жылғы 07 қарашада түскенін, алайда А[...] әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама нақты күні көрсетілмей 2019 жылғы желтоқсан айында толтырылғанын, заңда көзделген мерзім ішінде құжаттар сотқа жолданбау себебі басшылыққа баяндалмағанын көрсеткен.
А[...] ӘҚБтК-нің 806-бабының 1, 7-бөліктерінің талаптарын сақтамай, өз қызметтік міндеттеріне немқұрайлықпен қарау салдарынан С[...] қатысты әкімшілік іс өндірістен тоқтатылғанын, аталған жағдай А[...] тарапынан Әдеп кодексімен көзделген қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалану туралы талаптардың бұзылуына және құқық бұзушыға шешімді дайындау мен қабылдау кезінде құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетілуіне жол берілген деп санайтынын жазған.
Өтінішхат иесі А[...] С[...] қатысты құжаттарды сотқа жолдауға екі ай мерзімде, соның ішінде 2020 жылғы 04 қаңтарда іс-сапарға жіберілгенге дейін жеткілікті уақыты болғанын атап айтқан. С[...] тұрғылықты мекен-жайында 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгілі болмауы, оған қатысты әкімшілік істі сотқа жолдамауға негіз болмайтынына, құқық бұзушыдан аталған күні түсініктеме алып, оны «мереке қарсаңында сот жұмыс жасамайды» деген сылтаумен жіберіп қойғанына, яғни заңмен белгіленген тиісті шараларды және қызметтік міндеттерін атқармай, қозғалған әкімшілік істі созбалаңдыққа салғанына назар аударған.
Сонымен қатар, С[...] қатысты әкімшілік іс бойынша тиісті құжаттар жинақталмағанын, оның мекен-жайында болмағаны туралы актілер және түсініктемелер тиісті баянаттармен Полиция бөлімінде тіркеуден өтпегендерін ескеруді сұраған.
«Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында қызмет өткерудің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2011 жылғы 27 мамырдағы № 246 бұйрығының 1-тармағы 16) тармақшасымен бекітілген ( Әділет министрлігінде № 7032 санатымен 2011 жылдың 24 маусымында тіркелген ) «Ішкі істер органдарындағы қызметін тоқтатқан қызметкерлерді Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының кадрынан шығару қағидаларының» 14-тармағында қызметтік тәртіптің өрескел бұзылуының түсінігі берілген.
Өтінішхатта 2020 жылдың басынан бастап тақырыптық жоспарға сәйкес жеке құрам қызметкерлеріне әскери-қызметтік және әлеуметтік құқықтық дайындық сабақтары жүргізілгенін, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау жөнінде дәрістер оқылғанын, алайда А[...] тәрбиелік мәні бар жұмыстарды тиісті деңгейде игермей, өрескел тәртіптік теріс қылықтың орын алуына жол беріп, соның
салдарынан мемлекеттік қызметке кір келтіргені және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын іс-әрекеттерге жол бергені туралы уәждер келтірілген.
Сонымен бірге, А[...] тәртіптік жаза қолдану кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында кадр саясатын іске асырудың кейбір мәселелері туралы» Жарлығына сәйкес оның бұрын тәртіптік жауаптылыққа тартылуы, қызметтік мінездемесі, қызметке қатыстылығы, құжаттарды рәсімдеудегі және қызметтегі орындаушылық тәртібі, теріс қылықты қасақана жасауы және тағы да басқа мән-жайлар ескерілгені туралы көрсеткен. Соның ішінде, жұмыс берушінің 2020 жылғы 16 қаңтардағы № 38 ж/қ бұйрығы негізінде А[...] азаматшалар М[...] ( Ж.А[...] қатысты қылмыстық іс бойынша ) және У[...] ( жолдасы С[...] қатысты ) арыздары бойынша уақытша қызметтен шеттетілгенін, кейін У[...] арызы бойынша оны ішкі істер органдары қатарынан шығару туралы шешім қабылдануына байланысты, М[...] арызы бойынша мәселе осы шешіммен шектелгенін атап айтқан.
Бірінші сатыдағы соттың шешімі 2020 жылғы 03 шілдеде жарияланып, түпкілікті нысанда 15 шілдеде дайын болуына қарамастан, прокурордың апелляциялық наразылықты заңмен белгіленген бір ай мерзімі өткеннен кейін, яғни 24 тамызда енгізгені, ал апелляциялық сот алқасы аталған жағдайға баға бермеуі және де оны өндірісіне қабылдап, қанағаттандыру туралы шешім қабылдауы өтінішхат иесінің пікірінше заңға қайшы келеді.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья Е.Исмаилов Көшірмесі дұрыс.Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.