6001-23-00-6ап/1379
2024 жылғы 13 ақпан
ҚАУЛЫ
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар - Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қ2[...]» шаруа қожалығының басшысы Ж[...] жауапкерлер Қобда ауданының әкімдігіне, «Қобда аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Ж[...] қатынастар бөлімі), «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақтөбе облысы бойынша филиалының Қобда аудандық тіркеу және кадастр бөліміне (бұдан әрі – Кадастр бөлімі) 2021 жылғы 11 мамырдағы № 181 қаулыны, 2021 жылғы 11 мамырдағы № 74 бұйрықты заңсыз деп тану, №[...] және [...] кадастрлық нөмірімен тіркелген уақытша жер пайдалану құқығын жою іс әрекетін, 2022 жылғы 6 сәуірдегі тіркеуді заңсыз деп тану, 2021 жылғы 5 мамырдағы № 175 қаулыны заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қарашадағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының өкілі [...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«Қ2[...]» шаруа қожалығының басшысы Ж[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қарашадағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Осы соттың 2022 жылғы 22 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюшының жерге орналастыру жобасын заңсыз деп тану туралы талап қоюы қайтарылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Осы соттың 2023 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша қойылған талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұраған.
ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол бермеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, талап қоюшыға Қобда аудандық әкімдігінің шешімдері бойынша Бұлақ ауылдық округінде орналасқан жер учаскелері берілген. Талап қоюшыға тиесілі жер учаскелерінің жалпы көлемі біріктірілгенге дейін 2829,6 га құраған.
2021 жылғы 29 қаңтардағы елді мекендерінің жерлерін ұлғайтып, шаруа қожалықтарына тиесілі жер учаскелерін бір жерге біріктіру мәселесі қозғалып, кездесу барысында осы елді мекенде тіркелген 8 шаруа қожалығының басшылары (талап қоюшыны қосқанда) келісімге келген. Қабылданған шешім бойынша хаттама рәсімделіп, шаруа қожалықтарының басшылары, Бұлақ ауылдық округінің әкімі және жер қатынастары бөлімінің басшысы қолдарын қойған.
Осы ортақ шешімді орындау мақсатында талап қоюшы аудан әкіміне 2021 жылғы 29 қаңтарда жер учаскелерін біріктіру туралы өтініші мен жер учаскесінің схемасын тапсырған.
Бұл өтініш 2021 жылғы 10 ақпанда аудандық жер комиссиясының отырысында қаралып, қанағаттандырған.
Талап қоюшы 2021 жылғы 5 наурызда Кадастр бөлімінен жерге орналастыру жобасын әзiрлеуді өтінген.
Ж[...] қатынастар бөлімінің 2021 жылғы 11 мамырдағы № 74 бұйрығымен талап қоюшының арызы негізінде жерге орналастыру жобасы бекітілген.
Қобда аудандық әкімдігінің 2021 жылғы 11 мамырдағы № 181 қаулысымен жер учаскелерін нақтылау кезінде өзгеріс болуына байланысты талап қоюшыға келісілген схемаға сәйкес 3075 га жер учаскесі уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен 48 жылға берілген.
Осы қаулы негізінде талап қоюшымен Ж[...] қатынастар бөлімі арасында 2021 жылғы 11 мамырда № 116 жер пайдалану шарты жасалған.
Талап қоюшының аталған талап қоюмен жүгінудің басты уәжі ол даулы әкімшілік актімен 3075 га бөлінгенімен, нақты ол жер учаскесі 2829,6 га құрайды деп көрсеткен.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, жауапкер тарапынан Қазақстан Республикасы Ж[...] кодексінің 43-бабының 1- тармағымен көзделген міндеттер орындалып, талап қоюшыға қолайлы әкімшілік акт қабылданғаны туралы тұжырымға келген. Себебі талап қоюшыға берілген жер учаскесі 2829,6 гектардан 3075 гектарға дейін ұлғайған.
Бұл жәйт жерге орналастыру схемасымен бірге 2022 жылғы 18 қарашадағы Кадастр бөлімінің қорытындысымен расталған.
Осыған қоса, «Т[...]» шаруа қожалығына бұрын талап қоюшымен шекаралас болған 357,2 га жер учаскесінің орнына осы өлшемде басқа жер телімі берілген.
Жауапкерлер тарапынан «Қ2[...]» шаруа қожалығынан жер телімдері алынбаған, талап қоюшының келісімі және арызы негізінде оның жер учаскелері біріктіріліп, бір учаскеге айналдырылған және осы учаскеге бір кадастрлық нөмір берілгендіктен бұрынғы жер телімдерінің кадастрлық нөмірлері жойылған.
Бұл жағдайда соттар Ж[...] қатынастар бөлімі тарапынан жерге орналастыру жобасын бекіту бойынша әрекеті заңды және негізді деген дұрыс тұжырымға келген. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қарашадағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі [...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.