Қ А У Л Ы
2026 жылғы 12 ақпан №6003-25-00-2к/4669 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Д.Е.Орманбектың, жауапкер Д.С.Ниеталиевтың және оның өкілі Ғ.А.Есентаевтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер жеке кәсіпкер Дулат Сангильбаевич Ниеталиевты (бұдан әрі - Кәсіпкер) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Кәсіпкердің Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қазандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Кәсіпкер тарапынан конкурстық құжаттамада анық емес ақпарат берілгенімен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Кәсіпкер мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған және мемлекет пайдасына сот шығыны 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Кәсіпкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.
Себебі, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген.
Қағиданың 4-тармағына сәйкес біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесіне кіреді.
Анықталғаны, Басқармамен Қызылода облысының «№156 Н.Бекежанов атындағы орта мектебі», «№155 Д.Шыныбеков атындағы орта мектебі», «Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің №181 орта мектебі», «№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейі», «Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің №150 орта мектебі», «№159 «Еңбекші» орта мектебі», «№244 Ы.Жақаев атындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемелер үшін балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі қызметі бойынша мемлекеттік сатып алу арқылы ашық конкурстар жарияланып, оларға қатысу үшін өзге әлеуетті өнім берушілермен бірге Кәсіпкер өтінімін ұсынған.
Конкурстық өтінімдерді қарау барысында, Басқарма тарапынан жолданған сұранымға берілген Шымкент қаласы білім басқармасының «Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының 2025 жылғы 3 сәуірдегі №65, 2025 жылғы 8 сәуірдегі №68, 2025 жылғы 28 сәуірдегі №90 жауаптарына қарағанда Кәсіпкермен конкурсқа аспазшылар ретінде ұсынылған М.У.Абилованың, Г.И.Көбентаеваның, А.О.Тажибаеваның, Г.К.Кульжанованың, К.Б.Шораеваның, Ұ.М.Қалкөзованың, Г.Б.Бекбаеваның аталған оқу орнында оқымағандықтары және дипломдар берілмегені, оларға қатысты ешқандай бұйрықтар мен ұлттық білім беру дерекқорында тіркелмегені көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген білім алушыларды тамақтандыруды қызметтерін сатып алу бөлігінде құқықтық қатынастарды реттейтін «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондайақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» 6-қосымшасына сай Кәсіпкер конкурсқа қатысу туралы келісімді қабылдап, оның 4-тарауына сәйкес конкурстық құжаттамамен танысқандығын, сапалық және өзге де сипаттамалары (жеткізілетін тауарды, орындалатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) туралы дұрыс емес мәліметтер бергені үшін жауапкершілігі,
сондай-ақ тиісті заңдық нормаларда көзделген өзге де шектеулерді сақтау туралы хабардар етілгендігін растайтындығы, конкурсқа қатысу өтінімінде және оған қоса берілетін құжаттарда мұндай дұрыс емес мәліметтерді ұсынғаны үшін толық жауапкершілікті өзіне алатындығы туралы келісімін беріп, тиісті түрде электрондық цифрлық қолтаңба қою арқылы оны растаған.
Яғни, Кәсіпкер конкурстық құжаттамада аспазшыларға қатысты дұрыс емес ақпарат берген, бұл ақпарат еңбек ресурсына қатысты біліктілік талаптарына жатады, тиісінше Кәсіпкер конкурстық құжаттамада ұсынған мәліметтердің шынайлылығына жауап беруге міндетті.
Істің мұндай тұрғысында талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қазандағы қаулысы күшінде, жауапкер жеке кәсіпкер Дулат Сангильбаевич Ниеталиевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар М.Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.