ВС РК - Постановление от 25.07.2024 по делу 6001-24-00-6ап/633 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 25 шілде 6001-24-00-6ап/633 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Б.Т.Нажмиденов болып, жауапкерлер өкілі Н.Б.Нарікбаевтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Даурен Жумадилдаулы Омаровтың жауапкер Меркі ауданының әкіміне мүлікті жария ету бойынша комиссияның 2006 жылғы 12 желтоқсандағы шешімінің жер учаскесіне қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Жамбыл облысының Меркі аудандық сотының 2023 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымына, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Жамбыл облысының Меркі аудандық сотының 2023 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Басқа сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасына (бұдан әрі – сот алқасы) келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы жауапкерлер өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда талап қоюшы Д.Ж.Омаров әкесі Д.Омаровтың атына Меркі ауданы, Кеңес ауылы, Құлманбаба көшесіндегі № 3 тұрғын үйді жария еткен рақымшылық жүргізу жөніндегі комиссияның 2006 жылғы 12 желтоқсандағы № 3183 санды шешімін жер учаскесіне қатысты бөлігін заңсыз деп тануды сұрап 2023 жылдың 18 қазанында сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қайтаруын дауланып отырған әкімшілік акті 2006 жылғы 12 желтоқсанда қабылданғанға талап қоюшы әкімшілік рәсімдердің қатысушысы болып табылмайды.

Ол ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сәйкес қалпына келтіруге жатпайтын сотқа талап қоюды берудің бір жылдық мерзімін өткізіп алған деп негіздеген.

Соттардың бұл тұжырымы негізді болып табылады. ӘРПК-ның 136-бабының бесінші бөлігіне сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.

Яғни, талап қоюшы оған тиесілі болмаған жер учаскесін басқа тұлғаға табыстаудың әкімшілік рәсіміне қатысушы болып танылмайды.

Сондықтан соттардың талап қоюшыға сотқа талап қоюды берудің тыйым салынған бір жылдық мерзімін қолдануы негізді болып табылады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысының Меркі аудандық сотының 2023 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымы, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Даурен Жумадилдаулы Омаровтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ғ. Әлжанов Б.Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.