6001-21-00-3г/5824
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 8 қараша Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі
сот алқасының судьясы Ж.М. Қашқынбаева талап қоюшы «Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) жауапкер «JG[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «JG[...]» ЖШС), «Б1[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «Б1[...]» ЖШС), «КА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «КА[...]» ЖШС), Қазақстан Республикасы Индустрия және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істер комитетінің «Жобаларды мемлекеттік ведомствадан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі - «Мемсараптама» РМК) нысанның жобалау-сметалық құжаттарында (әрі қарай - ЖСҚ) «Мемсараптама» РМК-нің берген оң қорытындысын қара қиыршық тастың құнын 308 434 402 теңге деп айқындау бөлігінде жарамсыз деп тану, нысанның ЖСҚ-да қара қиыршық тастың құнын 30 977 001 теңге, күрделі жұмыстарының жалпы сметалық құнын 3 210 859 181 теңге мөлшерінде айқындау, 2019 жылғы 14 маусымдағы № 81 сатып алу туралы шарттың құнын 554 915 теңге бөлігінде жарамсыз деп тану, 2019 жылғы 25 маусымдағы № 88 мемлекеттік сатып алу туралы шарттың құнын 2 657 901 теңге мөлшерінде жарамсыз деп тану, 2019 жылғы 22 мамырдағы №70 шарттың құнын 263 315 461 теңге бөлігінде жарамсыз деп тану, «КА[...]» ЖШС-нен 263 315 461 теңге өндіру, «JG[...]» ЖШС-нен 554 915 теңге өндіру, «Б1[...]» ЖШС-нен 2 657 901 теңге өндіру, жауапкерлерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы «КА[...]» ЖШС-нің келтірген өтінішхатын электрондық істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Басқарма сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгініп, оны жобалаушының жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеуде жол берген қателіктер мен заң бұзушылықтары салдарынан мемлекеттік бюджетке материалдық залал келтірілгенімен, жауапкерлерді шарттық міндеттемелерді тиісті түрде орындамаған өнім берушілер ретінде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылуға жататынымен негіздеген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 14 маусымдағы шешімімен талап қоюшының талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.
Шешімнің нысанның ЖСҚ-да «Мемсараптама» РМК-нің берген оң қорытындысын қара қиыршық тастың құнын 308 434 402 теңге деп айқындау бөлігінде жарамсыз деп тану, нысанның ЖСҚ-да қара қиыршық тастың құнын 30 977 001 теңге, күрделі жұмыстарының жалпы сметалық құнын 3 210 859 181 теңге мөлшерінде айқындау, 2019 жылғы 14 маусымдағы № 81 сатып алу туралы шарттың құнын 554 915 теңге бөлігінде жарамсыз деп тану, 2019 жылғы 25 маусымдағы № 88 мемлекеттік сатып алу туралы шарттың құнын 2 657 901 теңге мөлшерінде жарамсыз деп тану, 2019 жылғы 22 мамырдағы № 70 шарттың құнын 263 315 461 теңге бөлігінде жарамсыз деп тану, «КА[...]» ЖШС-нен 263 315 461 теңге өндіру, «JG[...]» ЖШС-нен 554 915 теңге өндіру, «Б1[...]» ЖШС-нен 2 657 901 теңге өндіру туралы талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінде күші жойылған.
Іс бойынша Басқарманың бұл бөлігіндегі талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған:
- -Басқарма мен «JG[...]» ЖШС арасындағы 2019 жылғы 14 маусымдағы
№81 сатып алу туралы шарттың құнын 554 915 теңге бөлігінде;
-Басқарма мен «Б1[...]» ЖШС арасындағы 2019 жылғы 25 маусымдағы
№88 мемлекеттік сатып алу туралы шарттың құнын 2 657 901 теңге бөлігінде;
- -Басқарма мен «БА[...]» ЖШС-не 2019 жылғы 22 мамырдағы
№ 70 шарттың құнын 263 315 461 теңге бөлігінде жарамсыз деп танылған; -«КА[...]» ЖШС-нен мемлекет пайдасына
263 315 461 теңге;
-«JG[...]» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 554 915 теңге;
-«Б1[...]» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 2 657 901 теңге өндірілген.
Жауапкерлер «JG[...]» ЖШС-нен жергілікті бюджетке 16 647 теңге, «Б1[...]» ЖШС-нен – 79 737 теңге, «БА[...]» ЖШС-нен – 7 899 464 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Басқарманың жауапкерлер «JG[...]» ЖШС-не, «Б1[...]» ЖШС-не, «КА[...]» ЖШС-не «Мемсараптама» РМК-мен берген оң қорытындысын қара қиыршық тастың құнын 308 434 402 теңге деп айқындау бөлігінде жарамсыз деп тану, нысанның ЖСҚ-да қара қиыршық тастың құнын 30 977 001 теңге, күрделі жұмыстарының жалпы сметалық құнын 3 210 859 181 теңге мөлшерінде айқындау туралы талап қою арызы бойынша азаматтық іс жүргізу тоқтатылған.
Сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта «КА[...]» ЖШС-і іс бойынша қабылданған сот актісімен келіспей, апелляциялық сатыдағы соттың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Электрондық іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беру керек деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Сот актілерінен анықталғандай, Басқарма (тапсырыс беруші) мен «JG[...]» ЖШС-нің (бұдан әрі - жобалаушы) арасында 2019 жылғы 14 маусымда № 81 (құны 6 244 507 теңге) және 2016 жылғы 9 қыркүйекте №155 жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт түзілген. Шарт бойынша жобалаушы Бәйдібек ауданындағы КХ-2 «Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының 645-675 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстарына (жөндеу жұмыстар) құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетін ЖСҚ әзірлеуге міндеттеме алған.
Сонымен қатар, тапсырыс беруші мен «Мемсараптама» РМК-ның арасында 2017 жылғы 2 қазанда жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт түзілген. Шарт бойынша жөндеу жұмыстарының жобалаушымен әзірленген ЖСҚ-ға заңнама талаптарына сәйкес ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге міндеттеме алған.
«Мемсараптама» РМК-мен ЖСҚ-да жіберілген қателерге баға берілмей, 2017 жылғы 15 желтоқсанда № 19-0449/17 оң қорытындысы берілген.
Басқарма мен «Б1[...]» ЖШС (әрі қарай - техникалық қадағалаушы) арасында жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы 2019 жылғы 25 маусымда № 88 шарт түзілген (құны 32 834 480 теңге). Шарт бойынша техникалық қадағалаушымен күрделі жөндеу жұмыстары барысында талап қоюшы үшін шарт және заңнама талаптарына сәйкес техникалық қадағалауды жүзеге асыру міндеттемені алған.
Тапсырыс беруші мен «КА[...]» ЖШС-нің арасында 2019 жылғы 22 мамырда №70 автомобиль жолдарын күрделі жөндеу туралы құны 3 228 662 248 теңгеге мемлекеттік сатып алу шарты жасалған. Сотта анықталғандай, бүгінгі күнде нысан бойынша жұмыстар орындалған. Барлық тиісті актілерге қол қойылып, қаражат аударылған.
Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудиторлық есебі және соның нәтижесінде Басқармаға жолданған нұсқамасына сәйкес ЖСҚ-ның бастапқы деректерін анықтайтын құжаттың 53-тармағында есепте жобалаушы тарапынан «2» санының орнына «22» санының қате
көрсетілуінің салдарынан ЖҚС-ның «Локальная ресурсная смета №2-4» бөлімінің «Примыкание (конструкция по типу основной дороги)» бөлігінің 45-тармағында жол негізінде қаралған қара қиыршық тастың құны 30 977 001 теңгенің орнына 308 434 402 теңге болып артық есептелгені және айырмасы 277 457 401 теңгені құрайтындығы, нәтижесінде мердігер «Б[...]» ЖШС-не – 263 315 461 теңге, техникалық қадағалаушы «Б1[...]» ЖШС-не – 2 657 901 теңге, авторлық қадағалаушы «JG[...]» ЖШС-не - 554 915 теңге артық төленгені анықталған.
Осы нұсқамада Басқармаға қаражаттарды мемлекет пайдасына қайтару шараларын қарастыру ұсынылған.
Өтініш беруші апелляциялық сатының жоғарыда көрсетілген қаулысын іс үшін маңызы бар сот белгілеген мән-жайлардың дәлелденбеуіне, сондай-ақ апелляциялық сот тұжырымдарының мән-жайларға сәйкес келмеуіне, материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты заңсыз және негізсіз деп санайды.
- Тапсырыс беруші нысанды қабылдап алған соң (атқарылған жұмыстардың бағасы мен жұмсалған шығындардың құны туралы анықтамалар тіркеледі), жолды пайдалануға рұқсат берген (25.11.2020 жылғы қабылдау актісі, техникалық қадағалаушы «Б1[...]» ЖШС-нің құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы 20.11.2021 жылғы қорытындысы тіркелген) және «КА[...]» ЖШС-не 3 228 662 248 теңге көлемінде толық төлем жасаған.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соттың «Шешім туралы» № 5 нормативтік қаулының (әрі қарай – нормативтік қаулы) 16-тармағының, АПК-нің 48–бабы 2-бөлігінің және 225-бабы 2-бөлігінің талаптарын ескере отырып, бірінші сатыдағы сот Басқарманың талап арызын қанағаттандыру мүмкін еместігі туралы шешім қабылдады.
Төлемдерді жасау үшін негіз болған құрылыс-монтаж жұмыстарын қабылдау актілері Басқармамен дауланбаған.
- АПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес азаматтық іс жүргізу қағидаттарын бұзу, оның сипаты мен маңыздылығына байланысты шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.
Азаматтық істерді қарау және шешу кезінде сот Конституцияның, конституциялық заңдардың, АПК-нің және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары қолданылатын басқа нормативтік құқықтық актілердің талаптарын қатаң сақтауға міндетті (АПК-нің 6-бабы, 1-бөлігі).
Сот тараптың дәлелді өтініші бойынша немесе өз бастамасы бойынша іс материалдарын жинау және зерделеу, тараптардың дәлелдерінің негізділігі мен сотқа ұсынылған дәлелдемелердің сенімділігін тексеру бойынша шаралар қабылдайды, сондай-ақ азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған (АПК 15-бабының 4-бөлігі) өзге де әрекеттерді орындайды.
АПК-нің 272-бабы 1-бөлігінің 4-тармағының талаптарына сәйкес сот азаматтық, қылмыстық, әкімшілік сот ісін жүргізуде, сондай-ақ әкімшілік
құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде қаралып жатқан басқа іс шешілгенге дейін бұл істі қарау мүмкін болмаған жағдайларда іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті.
Егер іс азаматтық іс жүргізу тәртібінде қаралмаса, сот іс жүргізуді
тоқтатады (АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасы).
2021 жылдың 15 наурызында «Б1[...]» ЖШС С[...] жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне Басқарманың 263 315 461 теңгені мемлекет қазынасына қайтаруда әрекетсіздік танытып отырғандығы жөнінде (22.05.2019 жылғы №70 шартпен аударылған) арызбен жүгінген.
Бұдан бөлек, 2021 жылғы 30 маусымда Түркістан облысы прокуратурасы тарапынан Бәйдібек ауданындағы КХ-2 «Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының 645-675 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген бюджеттік қаржыны орынды мақсатпен және тиімді жұмсалғанын анықтау үшін сот-құрылыс-экономикалық сараптамасы тағайындалған.
Алайда, сот алқасы жоғарыда көрсетілген ақпаратты елемей АПК-нің 5-бабы 2-бөлігінің, 6-бабы 1-бөлігінің, 15-бабы 4-бөлігінің талаптарын бұзған.
- Азаматтық істі қарау кезінде «КА[...]» ЖШС-і соттардың назарын мердігер өзінің қаражатына ЖСҚ-да көрсетілмеген бірқатар құрылыс жұмыстарын атқарғандығына аударған.
Сондай-ақ, бұл атқарылған құрылыс-монтаждау жұмыстарының міндетті түрде орындалуға жататындығы қолданыстағы заң талаптарымен айқындалған.
«Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 15-бабының 2-тармағына сәйкес жол қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар (Заңның 1-бабының 16-тармағы) жұмысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес орындауға міндетті.
Осы Заңның 19-3-бабының 1-тармағына сәйкес автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу кезінде жобалау-сметалық құжаттаманың, осы Заңның, Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасының және автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігі қамтамасыз етілуге тиіс. Ал, осы баптың 3-тармағы бойынша жол жұмысшыларының және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі қозғалысты ұйымдастыру және жұмыстар жүргізілетін орынды қоршау шараларын қолдану арқылы қамтамасыз етілуге тиіс, олар жұмыстарды жоспарлау барысында қарастырылуға және оларды жүргізу кезінде ұдайы тексерілуге тиіс.
Күрделі жөндеу кезінде атқарылатын жұмыстардың қатарына жөндеу кезінде уақытша айналма жол салу және оны ұстап тұру үшін жатқызылады («Түркістан облысы елді мекендеріндегі көшелерді ұстау, ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстарды атқарудағы жұмыстардың түрінің классификациясы» 35-тармақ 4) тармақшасы Оңтүстік Қазақстан облысы
әкімдігінің 11.03.2016 жылғы № 55 қаулысымен бекітілген, Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментімен 14.04.2016 жылы № 3711 тіркелген). Осы мақсатта:
-заңды талаптарды қатаң сақтау;
-көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету (мемлекеттік және мемлекеттік емес әлеуметтік қызметтерді қосқанда);
-жол қозғалысының қатысушыларының қауіпсіздігі (жаяу жүргіншілер, жолаушылар мен жүргізушілер), сондай-ақ «Корпорациясы «Береке А» ЖШС қызметкерлері мен мамандары;
-жақын маңдағы елді мекендердің азаматтарының наразылығын болдыртпау (халықтың наразылығын қосқанда), «КА[...]» ЖШС өз қаражаты есебінен уақытша айналма жол салды және оны күтіп ұстап тұрды.
«КА[...]» ЖШС уақытша айналма жолдарының құрылысы мен күтіміне өз қаражатынан 124 753 066 теңге сомасындағы құрылыс материалдары мен ресурстарын жұмсауға (локальдық ресурстық смета №2-2, уақытша айналма жолды салу және күтіп ұстау фотосуреттері қосымша тіркелген) мәжбүр болған.
Бірақ, уақытша айналма жол салу және күтіп ұстау жобалық сметалық құжаттамада қаралмаған.
Уақытша айналма жол салу және оны ұстап тұру нысанға дайындалған жобалық сметалық құжаттамада қарастырылмаған, бірақ оның салынғаны және пайдаланылғандығы Басқармаға белгілі (уақытша айналма жол қазіргі таңда бұзылмай сақталған).
Бұдан бөлек, Басқармамен жасалған 2019 жылғы 22 мамырдағы № 70 шарттың 7.2-тармағы бойынша «КА[...]» ЖШС-і күрделі жөндеуді бітірген соң автомобиль жолын пайдалану мерзіміне 5 жылдық кепілдеме берген.
Осы нысандағы жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын, пайдалануға берілгеннен кейінгі техникалық, пайдалану сапаларын сақтау мақсатында «КА[...]» ЖШС-і өзінің қаражатына ЖСҚ-та қарастырылған құрылыс материалдарынан сапасы және бағасы жоғары материалдарды қолданып, жұмыс атқарған.
«КА[...]» ЖШС-і өзінің жол-құрылысы саласындағы көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, жол жамылғысының сапасын жақсарту мақсатында, тапсырыс беруші мен жобалаушы мекемеге сметалық құны шегінде локальдық сметада көрсетілген «ыстық қара қиыршық тасты» сапасы жоғарғы «ыстық жоғары кеуекті» асфальтобетонды қабатқа (қалыңдығы 12 см, ені 8 м, ұзындығы 30 шқ) ауыстыру жөнінде ұсыныс жасаған (20.07.2019 жылғы № 401 ұсыныс хат).
«Ыстық қара қиыршық тастың» базалық құны - 5 469, 4 теңге, ал «ыстық жоғары кеуекті» асфальтобетонның құны - 11 455, 8 теңге.
Технологиялық көрсеткіштер бойынша нысандағы жол жамылғысына салынған жоғары кеуекті шағал тасты асфальтобетонның сапасы ыстық қара қиыршық тастың сапасынан едәуір жоғары, осыған байланысты жолдың жамылғысының ұзаққа шыдауына және оны пайдалану мерзімінің ұзартылуына әсер етеді.
Жол жамылғысына қалыңдығы 12 см қара қиыршықтас төсейтін болса, онда:
ауа қысымы жоғарғы температурасында асфальт еріп кетеді де, орнында жарамсыз жолдар пайда болады;
ауа қысымының төменгі температурасында төселінген қара қиыршық тастар үгітіліп, майда тастарға айналып кетеді, орнында шұңқырлар пайда болады.
Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 229 бұйрығының 11-тармағы 19) тармақшасын басшылыққа алып, тапсырыс беруші (мердігердің, авторлық бақылаушы және техникалық бақылаушылардың қатысуымен) өткізілген техникалық кеңесінде орындалатын жұмыстардың материалдардан көрсетілген ыстық қара қиыршық тасты алып тастау, оның орнына ыстық жоғары кеуекті шағал тасты асфальтобетонды қосу жөнінде шешім қабылдаған (20.08.2019 жылғы № 1 хаттама).
Тапсырыс беруші (08.08.2019 жылғы № 24-04-09/1702 хат) және жобалаушы мекеме ««JG[...]»» ЖШС (08.08.2019 жылғы №301 хат) ыстық жоғары кеуекті асфальтбетон қоспасын қолдануға келісімдерін берген.
«КА[...]» ЖШС-нің нысандағы күрделі жөндеу жұмыстарына ыстық жоғары кеуекті шағал тасты асфальтобетонды пайдаланып атқарған жұмыстарына жұмсалған нақты шығыны 342 394 607 теңгені құраған, бұл жобалаушылардың қателігінен есепке алынған 308 434 402 теңгеден едәуір асып түскен. Қабылдау комиссиясы жол жамылғысы ауыстырылып салынған жұмыстарды ешбір ескертпесіз және қарсылықсыз қабылдаған.
Шын мәнінде келтірілген нақты шығындардың көлемін анықтау үшін, тапсырыс берушінің төлеген қаражатының «К[...]» ЖШС-і атқарған құрылыс-монтаждау жұмыстарына сәйкестігі жөнінде сараптамалық зерттеуді жүргізу, сарапшылардың қорытындысын қажет етеді.
- Сот алқасы апелляциялық шағымды қарау кезінде «К[...]» ЖШС-нің республикалық бюджетке аударған салық төлемдері жөніндегі уәждері назарға алынбаған және зерттелмеген.
Жалпы, КХ-2 «Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолын күрделі жөндеу бойынша (645-675км) «К[...]» ЖШС-мен мемлекетке 477,5 млн.теңге салық төлемдері, соның ішінде 345 929 098 теңге қосымша құн салығы, 131 642 329 теңге корпоративтік табыс салығы төленген.
Сот алқасымен қанағаттандырылған Басқарманың талап арызы бойынша «КА[...]» ЖШС-нен өндірілуге жататын 263 315 461 теңгеден, мердігермен жалпы 75,232 млн.теңге салық төлемдері, соның ішінде 28 212 371 теңге қосымша құн салығы, 47 020 618 теңге корпоративтік табыс салығы төленген.
Бұл тұрғыда, сот алқасы «КА[...]» ЖШС-нен ақша өндіру жөніндегі істі қарау және шешім қабылдау кезінде жоғарыда көрсетілген объективті түрде талап ақы мөлшері кемитінін ескеруі қажет.
- Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (әрі қарай – АҚ) 8-бабының 3-тармағына сәйкес азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектілерінің құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерін бұзбауға тиіс.
Осыған байланысты, бір тараптың мүддесін қорғау «КА[...]» ЖШС-нің құқықтарын шектеу арқылы іске асырылуға болмайды, себебі мердігерге материальдық залал келтіруге әкеліп соқтырады.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 3-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сай кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылының қағидаттарының бірі болып кәсіпкерлік субъектілерінің адалдық презумпциясы және мемлекет пен кәсіпкерлік субъектілерінің өзара жауапкершілігі танылады.
Мемлекеттік орган қарап жатқан мән-жайлар туралы кәсіпкерлік субъектілері ұсынған нақты деректер сот немесе мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес керісінше деп белгілегенге дейін анық деп есептеледі (ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 14-бабы 4-тармағы).
Азаматтық істі талқылау барысында «К[...]» ЖШС-нің ЖСҚ-да көрсетілмеген бірқатар құрылыс жұмыстарын атқарғандығын, бұл жұмыстардың құны өндірілу қаражатынан едәуір асып түсетіндігін Басқарма жоққа немесе теріске шығармайды.
- Мемлекеттік сараптаманың қорытындысына (соның ішінде Басқарма басшысының 22.12.2017 жылғы № 371 бұйрығымен бекітілген жобалық сметалық құжаттамасына) сәйкес нысанның жалпы сметалық құны 3 488 520 000 теңге (соның ішінде 45 956 000 ПИР және сараптама) құрайды.
Бірақ Басқарма «КА[...]» ЖШС-мен 2019 жылы
22 мамырда №70 шартты 3 228 662 300 теңгеге жасаған.
Сонымен, (ПИР мен сараптамаға жұмсалған қаражатты есепке алмағанда) мемлекеттік сатып алу Басқарма тарапынан 213 901 700 теңге қысқартылған сомаға іске асырылған.
- АК-нің 9-бабының 4-тармағына сәйкес құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиісті шығыстар, оның мүлкінің жоғалуы немесе зақымдануы (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмаған болса, дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бірақ алынбай қалған табыстары (айрылып қалған пайда) залалдар деп түсініледі.
Осы баптың 5-тармағын сай мемлекеттік өкімет билігі органының, өзге де мемлекеттік органның заңдарға сай келмейтін құжат шығаруы, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының әрекеті (әрекетсіздігі) салдарынан азаматқа немесе заңды тұлғаға келтірілген залалды Қазақстан Республикасы немесе тиісінше әкімшілік-аумақтық бөлініс өтеуге тиіс. Жобалаушы жіберген қателіктері, осы қателіктерді дер кезінде анықтамаған мемлекеттік сараптаманың әрекеттері үшін «КА[...]» ЖШС-і материальдық жауапкершілікке негізсіз тартылған. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысына келтірілген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Ж.Қашқынбаева Көшірмесі дұрыс Судья Ж.Қашқынбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.