6001-21-00-3гп/87
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 17 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья М.Т. Таймерденов,
судьялар Г.Қ. Жүсіпбекова, Т.Ә. Ибрашев,
арызданушы Б[...] өкілі О[...] қатысуымен мобильді бейнеконференцбайланыс жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында арызданушы Б[...] жеке сот орындаушылар Т[...], А[...] іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы шағымымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының 2020 жылғы 1 сәуірдегі шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 10 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы арызданушының өкілі О[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Б[...] сотқа жоғарыда аталған шағымымен жүгініп, талабында жеке сот орындаушылардың атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыларын заңсыз деп тануды, қайтадан алимент өндіру туралы өндірісін қозғап, орындауды міндеттеуді сұраған.
Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының 2020 жылғы 1 сәуірдегі шешімімен шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 10 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арызданушының өкілі О[...] іс бойынша қабылданған сот актілерінің заң талаптарына сай келмейтінін, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын, бірінші сатыдағы соттың шешімімен және апелляциялық алқаның қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, іс бойынша заңды шешім шығаруды сұраған.
Жеке сот орындаушысы А[...] өтінішхатқа келтірген жазбаша пікірінде, оны қанағаттандырусыз қалдыруды, сот отырысын өзінің қатысуынсыз қарауды сұраған.
Сот отырысына тиісті түрде хабарландырылған жеке сот орындаушысы Т[...] пен борышкер С[...] қатысқан жоқ, бұл өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 445-бабының 3-бөлігіне сәйкес істі қарауға кедергі болмайды.
Сот алқасы О[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілерінің күші жойылып, іс бойынша шағымды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады деген тұжырымға келеді.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2017 жылғы 18 мамырдағы сот бұйрығымен Б[...] пайдасына С[...] кәмелетке толмаған үш балаларын күтіп-бағу үшін табысынан және өзге де кірісінен ½ мөлшерде алимент өндірілген.
Осы сот бұйрығы негізінде қозғалған атқару өндірісі Б[...] 2017 жылғы 21 желтоқсандағы нотариалды арызы негізінде жеке сот орындаушысы Т[...] 2017 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен тоқтатылған.
2019 жылғы 17 маусымда арызданушы өкілінің арызы негізінде жеке сот орындаушы А[...] атқарушылық іс жүргізу қайта қозғалған.
Орындау барысында А[...] жоғарыдағы күші жойылмаған қаулысымен атқару өндірісі тоқтатылғанын анықтап, 2020 жылғы 11 ақпандағы қаулысымен атқару өндірісін тоқтатқан. Жергілікті соттар Б[...] нотариуспен куәландырылған алимент алудан бас тарту туралы арыз бергенін, мұндай жағдайда сот орындаушыларының әрекеттері заңды екенін көрсетіп, шағымды қанағаттандырусыз қалдырған.
Сонымен қатар, арызданушыға балаларын күтіп-бағу үшін С[...] алимент өндіру туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы екенін түсіндірген.
Алайда бұл тұжырымдар заң талаптарына сәйкес келмейді.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 175, 176-баптарының талаптарына сай сот тәртібімен белгіленген алимент мөлшерін өзгертуге немесе алимент төлеуге міндетті адамды оны төлеуден босату жөніндегі құқық тек ғана сотқа берілген.
Сот тәртібімен өндірілетін алиментті төлеуді тоқтатуға негіз болатын мән-жайлар тізімі Кодекстің 176-бабында көзделген.
Бұл тізімде соттар қолданған негіз көрсетілмеген.
Өндіріп алушы өндіріп алудан бас тартқан жағдайда, сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді тоқтату үшін «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48бабын негізге алуы қажет.
Алайда, соттардың түйіндері аталған заң нормаларына қайшы келеді, себебі арызданушының алимент өндіруден бас тарту туралы арызы, алименттік төлемдерді белгілеген сот актілерінің күшін жоя алмайды, өзгерте алмайды және алдағы уақытта оның қолданылуына кедергі келтіре алмайды.
Бұл ретте, жергілікті соттармен алимент өндіру туралы, күші жойылмаған сот бұйрығы назардан тыс қалған және мұндай жағдайда алимент өндіру туралы арызбен сотқа қайта жүгіну қисынсыз.
Сонымен сот орындаушылардың заңсыз әрекеттері, арызданушының кәмелет жасқа толмаған балаларды күтіп-бағуға алимент өндіру құқығын шектеп, олардың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеп соққан.
Істің бұл тұрғысында кассациялық сот алқасы арызданушы Б[...] шағымын негізді деп табады және АПК-нің 250-бабының 3-бөлігіне сәйкес сот орындаушыларының әрекеттерін заңсыз деп тану туралы шешім шығарып, оны жол берілген бұзушылықты толық көлемде жоюға міндеттеу қажет деп санайды.
Аталған жағдайда жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған, бұл өз кезегінде, АПК-нің 427-бабы 1-бөлігінің 4) тармақшасының талаптарына сәйкес өтінішхатты қанағаттандыруға және қабылданған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.
Іс бойынша жаңа дәлелдемелер жинау талап етілмейтіндігін, маңызы бар мән-жайларды соттар толық анықтағанын, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда және түсіндіруде қате жіберілгенін ескеріп, кассациялық сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жою және шағымды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотының 2020 жылғы 1 сәуірдегі шешімінің және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 10 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.
Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.
А[...] Б[...] жеке сот орындаушылар Т[...], А[...] іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы шағымы қанағаттандырылсын.
Жеке сот орындаушылар Т[...] 2017 жылғы 22 желтоқсандағы, А[...] 2020 жылы 11 ақпандағы алимент өндіру туралы атқару өндірісін тоқтату туралы қаулыларын шығару жөніндегі әрекеттері заңсыз деп танылсын.
Жеке сот орындаушы А[...] жол берілген бұзушылықтарды жою міндеттелсін.
А[...] Б[...] өкілі О[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші М. Таймерденов
Судьялар Г. Жүсіпбекова
Т. Ибрашев Көшірмесі дұрыс Судья Т. Ибрашев
Т. Ибрашев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.