ВС РК - Постановление от 18.10.2023 по делу 6001-23-00-3гп/426 (Гражданское)

6001-23-00-3гп/426

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 18 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Б.Ж.Тоқтарова,

судьялар Е.Ж.Айтжанов, Г.Қ.Жүсіпбекова,

талап қоюшы С[...],

жауапкер Ч[...], аудармашы Т[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшылар С[...], И[...], Ч[...], С[...], Д[...] жауапкер Ч[...] ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау, моральдық зиянды өтеу және материалдық шығынды өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Жамбыл облысы Сарысу аудандық сотының 2023 жылғы 5 сәуірдегі шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы жауапкер Ч[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

С[...], И[...], Ч[...], С[...], Д[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Жамбыл облысы Сарысу аудандық сотының 2023 жылғы 5 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Ч[...] Қазақстан Республикасы Бас әскери прокурорына, 2023 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министріне жазған хаттарындағы мәліметтер С[...], И[...], Ч[...], С[...], Д[...] ар-намысына, қадірқасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп танылған.

Жауапкерден талап қоюшылардың әрқайсысының пайдасына 100 000 теңгеден моральдық зиян өндірілген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушы жергілікті соттардың іс бойынша қабылдаған сот актілерімен келіспей, олардың заңсыз әрі негізсіз екенін көрсетіп, соттардың іс үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс анықтамауына байланысты дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Сот алқасы өтінішхат уәждерін қолдаған Ч[...], талап қоюшы С[...] өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, келесі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 143бабының 1-бөлігіне сай азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.

«Сот тәжірибесінде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және іскерлік беделділігін қорғау жөніндегі заңдылықты қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 6 нормативтік қаулысының 2-тармағына сәйкес АК-нің 141, 143-баптарымен, АПК-нің 23 және 150-баптарымен көзделген тәртіпте және негіздер бойынша қозғалған азаматтық істерді қарағанда соттар мынадай жағдайларды толық анықтау керек: талап бойынша бекерге шығару туралы көрсетілген мәліметтер таратылған ба, олар ұйымның атағына, азаматтың ар-намысына және абыройына кір келтіре ме, мәліметтер шындыққа жата ма.

Іс материалдарынан анықталғандай, жауапкер Ч[...] Қазақстан Республикасы Бас әскери прокурорына, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министріне хаттар жолдап, онда талап қоюшылар А[...] мемлекетінің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатыспаған алаяқтар, олардың ұрыс қимылдарына қатысқандарын дәлелдейтін әскери билеттері немесе басқа да құжаттары жоқ деп көрсетіп, жалған құжаттарды пайдаланғаны үшін қылмыстық іс қозғап, барлық медальдардан айыруды сұраған.

Жергілікті соттар жауапкер Ч[...] өзі таратқан мәліметтерді растайтын дәлелдемелерді ұсына алмағанымен негіздеп, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымға келген.

Алайда осы азаматтық істі қарау барысында соттармен жауапкердің 2023 жылғы 19 қаңтардағы «Е-Өtinish.kz» ақпараттық жүйесі арқылы Қорғаныс министріне жала жабу хатын жолдағаны жөнінде талап қоюшылардың уәждері нақты тексерілмеген, себебі жауапкер апелляциялық

шағымында бұл туралы жазғанын және жолдағанын жоққа шығарған, ал іс материалдарына тіркелген хаттарда ешкімнің қолы қойылмаған.

Осыған орай, сотпен Қазақстан Республикасы Бас әскери прокурорынан, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінен Ч[...] атынан талап қоюшыларға қатысты түскен хаттар бойынша және онымен хат алмасу туралы мәліметтер, тексеріс болған жағдайда оның материалдары, жауаптары сұратылуы тиіс болған.

Сонымен бірге, жауапкер Ч[...] сот отырыстарының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істі оның қатысуынсыз қараған.

Бұдан бөлек, аталған азаматтық іс мемлекеттік тілде қаралған, алайда апелляциялық сатыдағы сот жауапкер Ч[...] қаулының орыс тіліндегі аудармасын ұсынған жөнінде іс-материаладарында мәлімет жоқ.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайлардың жиынтығы істің дұрыс шешілуі үшін елеулі маңызы бар және оларды толық анықтамай заңды және негізді шешім қабылдау мүмкін емес.

Осыған орай дау айтылған сот актілерінің күші жойылып, іс Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына бірінші сатыдағы соттың ережелері бойынша жаңадан қарауға жіберілуге жатады.

Істі жаңадан қарау кезінде жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, тараптардың дәлелдемелерін толық және объективті зерттеуге арналған құқықтарын жүзеге асыруы үшін тиісті жағдай жасап, туындаған қатынастарға, алынған дәлелдемелер мен анықталған мән-жайларға қарай дұрыс құқықтық баға беріп, іс бойынша заңды және негізді шешім қабылдау қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысы Сарысу аудандық сотының 2023 жылғы 5 сәуірдегі шешімінің және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.

Іс Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілсін.

Ч[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Б.Тоқтарова Судьялар Е.Айтжанов

Г.Жүсіпбекова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Жүсіпбекова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.