ВС РК - Постановление от 22.12.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1218 (Административное)

6001-22-00-6ап/1218

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 22 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмеденов., Г.К.Нурбаев,

талапкер өкілі Ә[...].,

жауапкер И[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Т[...] жауапкер жеке сот орындаушысы И[...] (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушысы), «СКБК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сот орындаушының қаулысын заңсыз және жылжымайтын мүлікті бағалау есебін жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 сәуірдегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 мамырдағы қаулысына мүдделі тұлғаның өкілі А[...] кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Т[...] жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, негіздемесінде сот орындаушысы И[...] жылжымайтын мүлліке қатысты бағалау тағайындау туралы қаулыны тиісті заң талаптарын бұза отырып қабылдағанын, аталған қаулымен уақтылы таныстырмағандығын негіздеген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, «СКБК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2021 жылғы 16 қарашадағы №578 мүлікті бағалау есебі жарамсыз деп танылған.

Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылған.

Мүдделі тұлға өкілі А[...] кассациялық шағымында жергілікті соттар материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергенін, істің мән-жайларына біржақты қарағанын, дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға бермегенін көрсете келе, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талапкер өкілі Ә[...] кассациялық шағым уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер И[...] сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Жергілікті соттар талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, даулы мүліктің бағасы нарықтық бағадан әлде қайда төмен бағаға бағаланған деп тұжырымдаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келіседі. Қазақстан Республикасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 68-бабының 2-тармағының талаптарына сай, бағалаушы тағайындау туралы сот орындаушысы қаулысының көшірмелері атқарушылық іс жүргізу тараптарына оны шығарған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей жіберіледі. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2021 жылғы 8 қаңтарда Шымкент қаласының нотариусы А[...] пайдасына Т[...] 160 147 309 теңге өндіру туралы атқару парағы қабылданған.

Атқару парағы негізінде сот орындаушысы И[...] атқару өндірісін қозғап, 2021 жылғы 15 қарашадағы қаулысымен, кепілге қойылған Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Жұлдыз тұрғын алабы, [...] учаскеде орналасқан жалпы аумағы 1156,0 кв.м, жер учаскесі 0,8840 га. жылжымайтын мүлікті бағалауды «СКБК[...]» ЖШС-не міндеттеген.

2021 жылғы 16 қарашадағы №578 бағалау туралы есепке қарағанда, даулы жылжымайтын мүліктің құны 58 337 000 теңгеге бағалаған.

ӘРПК-нің 155-бабының 4-бөлігіне сәйкес, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартылатыны көрсетілген.

Сот орындаушысы даулы қаулыны борышкерге кешіктіріп жолдағаны, оны заңсыз деп тануға негіз болып табылмайды, себебі даулы қаулыны ЖСО өзінің құзырет шегінде, Заң талаптарына сай қабылдаған. Істі негізінен қарау барысында тағайындалған сот сараптамасының 2022 жылғы 24 наурыздағы №465 қорытындысына қарағанда, даулы мүлік 107 187 349 теңгеге бағаланған, ал 2021 жылдың мамыр айындағы оның бағасы шамамен 96 838 120 теңгені құрағаны анықталған.

«СКБК[...]» ЖШС-мен бағалау жүргізілу кезінде «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 10) тармақшасының талаптарын бұзылуына жол берген, яғни сарапшы бағалау объектiсін тiкелей зерттеп-қарамастан, оны сырттай борышкердің қатысуынсыз бағалап, нәтижесінде даулы мүліктің бағасын нарықтық бағадан төмен бағалаған.

Бұндай жағдайда, даулы мүліктің нарықтық құны дұрыс есептелмегендіктен оның күші жойылуға жатады деп, жергілікті соттар дұрыс қорытынды жасап, оның күшін жойған.

Істің мұндай тұрғысында төмеңгі саты соттарының талапкердің талабы ішінара қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымын сот алқасы ӘРПК-нің 8-бабына, яғни әділдік қағидатына сай келеді деп санайды.

Төмеңгі саты соттарымен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Мүдделі тұлға өкілінің сотпен тағайындалған сараптаманы өткізу барысында тек жер телімі ғана есептелуі қажет болған деген уәжі төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ, деп сот алқасы есептейді.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 сәуірдегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлғаның өкілі А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Дуйсенбаев Судьялар Б.Нажмиденов Г.Нурбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.