ВС РК - Постановление от 02.09.2019 по делу 6001-19-00-6кп/16 (Об административном правонарушении)

6кп-16-19

Қ А У Л Ы

Нұр-Сұлтан қаласы

2019 жылғы 2 қыркүйек

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Ж. Ермағамбетова,

судьялар М. Балкен, Б. Шермұхаметов,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Е[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы және Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 26 ақпандағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен

Е[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі - ӘҚБтК) 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Көкшетау қаласы «Красный Яр ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2018 жылғы 9 шілдедегі қаулысымен Е[...] ӘҚБтК-нің 505-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы баппен ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылған. Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысымен уәкілетті органның актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды сұраған.

Наразылықты қолдаған прокурор Т[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Е[...] пікірлерін, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы наразылықтан мынадай негіздер бойынша бас тартуға жатады деп есептейді.

ӘҚБтК-нің 840-бабына сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.

Аталған негіздер осы іс бойынша анықталмады. Әкімшілік іс құжаттарына сәйкес, 2018 жылғы 9 шілдеде Е[...] үйінің алдындағы шірінді қоқыстарды үйіп, жинамай, абаттандыру қағидаларын бұзған. Наразылықта жоғарыда аталған сот актілерінің күшін жоюды және Е[...] іс-әрекетін ӘҚБтК-нің 505-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет деп қайта саралауды сұраған.

ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға:

  1. қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын;

  2. қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын;

  3. қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Наразылық мазмұнының дәлелдерін зерделеу барысында наразылықты қанағаттандыру үшін айрықша негіздердің жоқ екені анықталды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 839-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын және 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,

Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы және Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 26 ақпандағы Е[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 505-бабының 1-бөлігі

бойынша қаулылары өзгеріссіз, Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Ж. Ермағамбетова

Судьялар М. Балкен

Б. Шермұхаметов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.