6ап-46-17 көшірме
Қ А У Л Ы
2017 жылғы 16 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева, судьялар Н.Жолдасбеков, Б.Шермұхаметов,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Департаментінің (бұдан әрі - Департамент) өкілі Н[...] 2017 жылғы 08 қарашадағы сенімхат негізінде қатысуымен кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 10 ақпандағы, Ақтөбе облыстық сотының 2017 жылғы 09 наурыздағы қаулыларына келтірген наразылықпен түскен
Жеке кәсіпкер Ж[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 159-бабының 2-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 10 ақпандағы қаулысымен жеке кәсіпкер Ж[...] (бұдан әрі– Ж[...]) ӘҚБтК-тің 159-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған 1 485 090 теңге монополистік кірісі тәркілене отырып, 3 пайыз мөлшерінде 141 678 теңге айыппұл тағайындалған.
Ақтөбе облыстық сотының 2017 жылғы 09 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз, Ж[...] шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың қаулыларымен келіспей, олардың күшін жойып, Ж[...] әрекетінде ӘҚБтК-тің 159-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартуды сұраған.
Департаменттің басшысы М[...] наразылыққа қарсы пікірде қаулыларды өзгеріссіз, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Наразылықты қуаттаған прокурор Ч[...], керісінше қанағаттандырусыз қалдыру туралы Департаменттің өкілі Н[...] қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.
Жергілікті соттар Ж[...] ӘҚБтК-тің 159-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп тану туралы қаулыларында, оның басқа кәсіпкерлермен бірге сұйылтылған мұнай газ бағасын бөлшек саудада 44-45 теңге деңгейде келісіп және осы бағаны ұстап тұрғаны туралы тұжырым жасаған.
Алайда, соттардың аталған тұжырымы заң талаптарына сай келмеуіне байланысты негізсіз.
Іс құжаттарына сәйкес «Ақтөбе облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау депаратменті» РММ-сі (бұдан әрі – Департамент) монополияға қарсы заңнамасының сақталуына тексеру жүргізген.
Тексеру нәтижесінде жеке кәсіпкер Ж[...] және басқа да нарық субъектілері «NG[...]», «АГЛ[...]», «КГСЗ[...]», «ӨГ[...]», «Т[...]», «ГКБ[...]», «ТК[...]», «ТСА[...]», «КА[...]»/«КСА[...]», «АРГО[...]», «WO[...]», «ESS[...]», «АГГ[...]», «П[...]», «МГ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен (бұдан әрі – Газкомпаниялары) 2016 жылғы 1 қыркүйегі мен 14 қараша аралығында сұйылтылған мұнай газ үшін (1 литрге) бөлшек саудада бағаны 44-45 теңге деңгейінде келісіп қойып және осы бағаны ұстап тұрғаны анықталған.
Бірақ, Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабының 2-бөлігінің 6)-тармақшасында нарық субъектілерінің бәсекелестікті шектеуге бағытталған әрекеттері келісілген болып саналады, егер де тиісті тауар нарығындағы нарық субъектілерінің жиынтық үлесі 35 және одан да көп пайызды құраған шарттарды қанағаттандырса делінген. Бұл ретте тиісті тауар нарығындағы бір нарық субъектісінің ең төмен үлес шамасы 5 және одан да көп пайызды құрауы тиіс.
Тергеп-тексеру нәтижесінің қорытындысына сай жоғарыда көрсетілген заңды тұлғалардың тиісті тауар нарығындағы жиынтық үлесі 73,8 пайызды құраған.
Алайда, қорытынды да басқа нарық субъектілерінің үлестері көрсетілгенімен, Ж[...] үлесі мүлдем анықталмаған. Сонымен қатар, Департаменттің бұл қорытындысында талдау кезеңінде Ж[...] жұмыс атқармаған деп көрсетілген. Сөйтіп, оның газ сату нарығындағы үлесі анықталмаған.
Өз кезегінде, ӘҚБтК-тің 159-бабының 2-бөлігінің диспозициясында жауапкершілік нарық субъектілерінің Кәсіпкерлік кодексте тыйым салынған бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттер болғанда ғана туындайтыны анықталған. Яғни, аталған норма сілтемелі (бланкетті) болып табылады, мұнда нарық субъектісінің жауапкершілігі Кәсіпкерлік кодекстің талаптарын бұзғанда ғана туындайтыны нақты көзделген.
Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабының 2-бөлігіндегі тиісті тауар нарығындағы бір нарық субъектісінің ең төмен үлес шамасы 5 және одан да көп пайызды құрауы тиіс делінген нормасы 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген.
Департамент Ж[...] қатысты хаттаманы 2017 жылғы 09 қаңтарда толтырған және сотпен қаулы ағымдағы жылдың 10 ақпанында, яғни Кәсіпкерлік кодекске енгізілген өзгерістер заңды күшіне енгеннен кейін қабылданған.
ӘҚБтК-тің 5-бабының 1-бөлігінде әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жеңілдететін немесе оның күшін жоятын не құқық бұзушылық жасаған тұлғаның жағдайын өзге түрде жақсаратын заңның кері күші болады, яғни осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы орындалмаған құқық бұзушылыққа қолданылады делінген.
Мұндай жағдайда мамандандырылған сот алқасы жергілікті соттар тергеп-тексеру нәтижесінің қорытындысымен Ж[...] нарықтағы үлесі анықталмағанын және Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабының 2-бөлігіне енгізілген өзгерістер оның жағдайын жақсартатынын назарға алып, әкімшілік істі қысқартуы қажет еді деген наразылықтың уәждерімен толықтай келіседі.
ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) және 2)-тармақшаларына сәйкес, судьяның әкімшілік іс бойынша қаулыда жазылған істің нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, наразылықты қарау кезінде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі, сондай-ақ, әкімшілік жауаптылық туралы заңының дұрыс қолданылмауы әкімшілік іс бойынша қаулының күшін жоюға негіз болып табылады.
Осыған орай, Ж[...] қатысты қабылданған сот актілері бұзылып, оның әрекетінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты іс бойынша өндіріс жоғарыда баяндалған негіздермен қысқартылуға жатады.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 851-бабын басшылыққа ала отырып,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Жеке кәсіпкер Ж[...] қатысты Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 10 ақпандағы және Ақтөбе облыстық сотының 2017 жылғы 09 наурыздағы қаулыларының күші жойылып, оның әрекетінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты іс бойынша іс жүргізу қысқартылсын.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Қыдырбаева
Н. Жолдасбеков
Судьялар
Б. Шермұхаметов
Көшірмесі дұрыс.
Судья Н. Жолдасбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.