КСАД РК - Постановление от 29.07.2025 по делу 6003-25-00-4к/304 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 29 шілде №6003-25-00-4к/304 Астана қаласы

Қазақтан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья М.Туғанбаев,

судьялар - Н.Нуралыева, Ж.Оспанова болып,

жауапкер А.Саулебековтің қатысуымен ашық сот отырысында

талап қоюшы Ермахан Күнтуұлының Шымкент қаласының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы (бұдан әрі-ЖСО) Абдунаби Кенесбекович Саулебековке

тыйым салу туралы қаулылардың күшін жою және мүліктерді тыйымнан босату туралы талабы бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 қазандағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысы мен ұйғарымына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Е.Күнтуұлы жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 қазандағы шешімімен талап ішінара қанағаттандырылған.

2024 жылғы 23 қыркүйектегі жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге тыйым салу туралы қаулылардың күшін ішінара жоюға, талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартуға қаулы етілген.

Сондай-ақ осы сотпен жауапкер тарапынан орын алған бұзушылықтар жөнінде Шымкент қаласының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының назарына жеткізу үшін жеке ұйғарым қабылданған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысымен және ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Кассациялық шағымда ЖСО А.Саулебеков жоғарыда аталған сот актілерінің күшін жоюды сұрай отырып, келесі уәждерді келтірген:

  • талап қоюшы Е.Күнтуұлы іс жүзінде талап қоюды қамтамасыз ету шарасын ауыстыруды сұраған, мұндай арыз әкімшілік талап қою тәртібімен - қарап шешілмейді;

  • сот шешімінің қарар бөлігінде даулы қаулынының нақты қандай бөлігінің күшін жойылатыны, қандай мүлік тыйымнан босатылатыны көрсетілмеген, яғни сот актісі сот шешіміне қойылатын талаптарға сай емес. Тиісті түрде хабарланған талап қоюшы кассациялық сатыдағы сотқа келмеді, бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Жауапкердің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік - кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Істің мән-жайларына қарағанда, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты 2024 жылғы 19 қыркүйекте талап қоюшы «RZN» ЖШС-ның Е.Күнтуұлына қойған мәмілені жарамсыз деп тану және ақша қаражатын өндіру туралы талабын қамтамасыз ету мақсатында соңғының жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне 23 055 466 теңге мөлшерінде тыйым салуға ұйғарым шығарған.

Аталған ұйғарым негізінде ЖСО А.Саулебеков 2024 жылғы 23 қыркүйекте атқарушылық іс жүргізуді қозғап, борышкер Е.Күнтуұлының мүлкіне тыйым салу туралы келесі қаулыларды қабылдаған:

  • борышкердің банктердегі шоттары және онда ақша қаражаттарының бар-жоғы, банкте орналасқан мүліктің бағасы және сипаттамасы туралы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы туралы ақпарат алу және оларға тыйым салу туралы (бұдан әрі -№1 Қаулы);

  • борышкердің жылжымалы мүлкіне тыйым салу туралы (бұдан әрі -№2 Қаулы);

  • борышкердің жылжымайтын мүлкіне тыйым салу туралы (бұдан әрі - №3 Қаулы).

№2 Қаулымен борышкердің «MERCEDES-BENZ» E-280 маркалы, мемлекеттік нөмірі 777RKR07 автокөлігіне тыйым салынған.

№3 Қаулымен борышкерге тиесілі үш жылжымайтын мүлікке тыйым салынған.

Сотқа жүгінген талабында Е.Күнтуұлы бағалаушының есебіне сәйкес Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Батыр ата ауылы, Көкбұлақ көшесі, №8 және № 8/1 мекенжайындағы екі жылжымайтын мүліктің құны сәйкесінше 14592628 теңге және 20463648 теңге құрайтынын көрсетіп, осы екі мүлікті тыйымда қалдырып, өзге екі мүлікті тыйымнан босатуды, мүлікке тыйым салу туралы қаулылардың күшін жоюды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот әкімшілік істі осы екі талаппен қараған:

    1. мүліктерге тыйым салу туралы қаулылардың күшін жою;
    1. құны 35 056276 теңге болатын мүліктерден басқа тыйымдарды босатуды міндеттеу.

Бұл талаптар бірін-бірі жоққа шығаратын талаптар болып табылады, себебі біреуінің қанағаттандырылуы (тыйым салу туралы қаулының күшін жою), екіншісінің (қаулыны күшінде қалдырып, мүліктің бір бөлігін тыйымнан босату) қанағаттандырылуын жоққа шығарады.

Бір-бірін жоққа шығаратын сипатқа ие және дәлелдеу мәні мен анықталуға жататын мән-жайлар шеңберінде айырмашылықтар бар талаптардың бір мезгілде қаралуы процестік құқық нормаларына қайшы келеді.

Мұндай жағдайда сот ӘРПК-нің 16-бабында көзделген соттың белсенді рөлі қағидатын іске асыра отырып, талап қоюшының талабын нақтылауына, ондағы кемшіліктерді түзетуіне жәрдемдесіп, әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін қажетті процестік әрекеттерді жүргізуі тиіс болған.

Алайда мұндай процестік әрекеттер жүргізілмеген.

Нәтижесінде бұл олқылық заңсыз сот актілерін қабылдауға әкеп соқтырған.

Дәлелдеу нысанасы анық болмағаннан кейін, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңбері де дұрыс айқындалмаған. Бұл, өз кезегінде, қорытындылары қарама-қайшылықты, түсініксіз шешімнің қабылдауына себеп болған.

Сот тыйымның бүкіл мүлікке салынуын заңға қайшы, мөлшерлестік қағидатына сай емес деп тұжырымдай келе және ЖСО-ға нақты мүлікті тыйымнан босатуды міндеттей алмайтынын көрсете отырып, даулы қаулылардың күшін ішінара жою керек деген шешімге келген. Бірақ бұл қаулылардың күші неліктен ішінара жойылатынын, қаулылардың нақты қай бөлігі өзгеретінін, қай бөлігі күшінде қалатынын көрсетпеген негіздемеген.

Шағымдалып отырған шешімнің қарар бөлігінде сот нақты қандай қаулының күшін жойғанын анық көрсетпеген, тек 2024 жылғы 23 қыркүйектегі жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге тыйым салу туралы қаулылардың күші ішінара жойылсын деумен шектелген. Ал бұл датада (2024 жылғы 23 қыркүйек) жоғарыда келтірілгендей, ЖСОмен тыйым салу туралы үш қаулы қабылданған ( №1,№2,№3 қаулылар).

Одан бөлек, №2 Қаулымен бір ғана мүлікке («MERCEDES-BENZ» E-280 маркалы автокөлік) тыйым салынған. Сондықтан бұл тыйымның күшін ішінара жою қалай жүргізілетіні, шешімнің қалай орындалатыны айқын емес. Сот шешімінің мазмұнына қойылатын талаптарға сәйкес шешiмдi орындау кезiнде айқынсыздықтар мен даулардың болмауы үшiн оның қарар бөлiгiн сот анық және түсiнiктi болатындай етiп жазуға мiндеттi.

Бірінші сатыдағы сот тарапынан орын алған бұл кемшіліктер апелляциядағы сот назарынан тыс қалған.

Кассациялық сатыда бұл кемшіліктерді жоюдың мүмкіндігі жоқ.

Жоғарыда көрсетілгендей, істің дұрыс шешілуі үшін, ең алдымен, талап қоюшы талабын нақтылап, өз ұстанымын айқындап алуы керек. Сот өз бастамасы бойынша талап қоюдың нысанасын өзгертуге құқылы емес және талап шеңберінен шыға алмайды.

Сондықтан баяндалғандардың негізінде сот актілерінің күші жойылуға, әкімшілік іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жолдануға жатады.

Істі жаңадан қарағанда жоғарыда аталған кемшіліктерді жойып, дау бойынша негізді және заңды шешім қабылдау қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын, ӘРПК-нің 138-бабы 2- бөлігінің 11) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 қазандағы шешімі мен жеке ұйғарымының, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысы мен ұйғарымының күші жойылсын.

Әкімшілік іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жолдансын.

Жауапкер Шымкент қаласының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Абдунаби Кенесбекович Саулебековтің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші М.Туғанбаев

Судьялар Н.Нурлыбаева

Ж.Оспанова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.