ВС РК - Постановление от 08.08.2023 по делу 6001-23-00-3гп/339 (Гражданское)

6001-23-00-3гп/339

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 8 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші –алқа төрағасы Н.К.Шәріпов,

судьялар Ж.М.Қашқынбаева, Н.Қ.Сұлтанов,

«Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі Б[...],

«ТК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Н[...]

қатысуымен мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы «Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма, салық органы) жауапкерлер «ТК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік), Серіктестіктің басшысы Ш[...], Серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы Т[...], Серіктестіктің бұрынғы құрылтайшылары М[...], Т[...], «ДН[...]» ЖШС-не, нотариус С[...], нотариус Д[...], «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (далее - Қоғам) Серіктестіктің жарғылық капиталының үлесін сатып алу-сату шарттарын және Серіктестіктің мемлекеттік қайта тіркеулерін жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қабылданған

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысын қайта қарау туралы Серіктестіктің өкілі Н[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен электрондық азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Басқарма жауапкерлер Серіктестікке, Серіктестіктің басшысы Ш[...], Серіктестіктің құрылтайшысы Т[...], Серіктестіктің бұрынғы құрылтайшылары М[...], Т[...], «ДН[...]» ЖШС-не, нотариустар С[...] және Д[...], Қоғамға:

  • Т[...] пен Т[...] арасында 2013 жылғы 26 маусымда жасалған, нотариус Д[...] куәландырған Серіктестіктің жарғылық капиталының 100% үлесін сатып алу-сату шартын (бұдан әрі – №1

Шарт) және Серіктестіктің 2013 жылғы 27 маусымдағы мемлекеттік қайта тіркеуін,

  • Т[...] пен М[...] арасында 2016 жылғы 15 сәуірде жасалған, нотариус Д[...] куәландырған, Серіктестіктің жарғылық капиталының 50% үлесін сатып алу-сату шартын (бұдан әрі – №2 Шарт) және Серіктестіктің 2016 жылғы 5 мамырдағы мемлекеттік қайта тіркеуін,

  • М[...] пен Т[...] арасында 2016 жылғы 4 тамызда жасалған, нотариус Д[...] куәландырған, Серіктестіктің жарғылық капиталының 50% үлесін сатып алу-сату шартын (бұдан әрі – №3 Шарт) және Серіктестіктің 2016 жылғы 23 қыркүйектегі мемлекеттік қайта тіркеуін,

  • Т[...] пен «ДН[...]» ЖШС арасында 2022 жылғы 20 қыркүйекте жасалған, нотариус С[...] куәландырған, Серіктестіктің жарғылық капиталының 100% үлесін сатып алу-сату шартын (бұдан әрі – №4 Шарт) және Серіктестіктің 2022 жылғы 21 қыркүйектегі мемлекеттік қайта тіркеуін жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 13 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған.

Іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. Д[...] және олардың негізінде Серіктестіктің мемлекеттік қайта тіркеулері жарамсыз деп танылып, сот шығыстары өндірілген.

Серіктестіктің өкілі өтінішхатта апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергендіктен апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырып немесе істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Ж[...].Ш[...], Т[...], М[...], Т[...], «ДН[...]» ЖШС, нотариустар С[...] мен Д[...] осы азаматтық істің кассациялық сот алқасында қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген бола тұра, өздері және өкілдері сот отырысына қатысу үшін бейнебайланысқа қосылмай, істің қаралуын олардың қатысуынсыз өткізуді сұрамаған. Мұндай тұрғыда Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 450-бабының 2-бөлігінің негізінде кассациялық сот алқа істі аталған жауапкерлердің қатысуынсыз қарады.

Кассациялық сот алқасы Серіктестік өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, Басқарма өкілінің қарсы пікірін, өтінішхат уәждерін талқылап, азаматтық іс құжаттарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сот алқасы тарапынан жол берілген.

Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, Серіктестік 2002 жылғы 25 қаңтарда Шымкент қаласының Еңбекші ауданында бастапқы мемлекеттік тіркеуден өткен. Жалғыз құрылтайшысы Т[...] болған.

2013 жылғы 26 маусымда жасалған №1 Шарт бойынша Д.Е.Т[...].Т[...] 100% мөлшердегі жарғылық капитал үлесін сатып алған, 2013 жылғы 27 маусымда заңды тұлға мемлекеттік қайта тіркеуден өткен.

2016 жылғы 15 сәуірде жасалған №2 Шарт бойынша М[...] Т[...] Серіктестік жарғылық капиталының 50% мөлшердегі үлесін сатып алған, 2016 жылғы 5 мамырда Серіктестік мемлекеттік қайта тіркеуден өткен.

2016 жылғы 4 тамызда жасалған №3 Шарт бойынша Т[...] М[...] Серіктестік жарғылық капиталының 50% мөлшердегі үлесін сатып алған, 2016 жылғы 23 қыркүйекте Серіктестік мемлекеттік қайта тіркеуден өткен.

2022 жылғы 20 қыркүйекте жасалған № 4 Шарт бойынша «ДН[...]» ЖШС-і Т[...] Серіктестік жарғылық капиталының 100% мөлшердегі үлесін сатып алған, заңды тұлға 2022 жылғы 21 қыркүйекте Серіктестік мемлекеттік қайта тіркеуден өткен.

Салық органы жүргізген құжаттық салықтық тексерудің қорытындысы бойынша 2020 жылғы 16 қарашада жасалған №125 актісіне сәйкес Серіктестікке қосымша 1 952 882 943 теңге мөлшерінде корпоративтік табыс салығы (бұдан әрі – КТС) және 1 142 160 042 теңге мөлшерінде қосылған құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) есептелген.

2021 жылғы 21 қазандағы Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Серіктестік банкрот деп танылған. Алайда, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 маусымдағы қаулысымен аталған шешімінің күші жойылып, Серіктестіктің банкрот деп тану туралы арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.

Басқарма Серіктестіктің жарғылық капиталының үлесін сатып алу-сату шарттарын және мемлекеттік қайта тіркеуін сотқа даулап, әкімшілендіру жұмыстарын жүргізу барысында Серіктестіктің тіркеу деректерінде көрсетілген мекенжайы бойынша орнында анықталмағанымен, Серіктестік қатысушыларының заңды түрде кәсіпкерлік қызметімен айналысу ниеті

болмағанын, даулы шарттар заңды құқықтық қатынастар туғызу ниетісіз, тек салықтан жалтару схемасын қолдану ниетімен жасалған деп негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот, талап қоюдан бас тартуын Серіктестік кәсіпкерлік қызметімен айналысатының дәлелі болып табылатын 2020 жылғы 16 қарашадағы салықтық тексеру актісі деп көрсеткен. Актіге сәйкес Серіктестік сатып алушылар «БНІ[...]», «РИП[...]», «К[...]», «АК[...]», «BGG[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен өзара есеп айырысу жүргізіп, мәмілелерді орындағаны анықталған, алайда Серіктестік салықтық декларацияларында сатып алушылармен айналым сомасын дұрыс көрсетпеуіне байланысты, салық сомалары қосымша есептелген.

Апелляциялық сот алқасы, бірінші сатыдағы сот шешімін бұзып, талап қоюды қанағаттандыруын Серіктестіктің тіркелген мекенжайында болмауымен, оның материалдық-техникалық ресурстарының болмағанымен, іс жүзінде жұмыстар орындамағанымен, жалған шот-фактуралар жазғанымен, салықтық міндеттемелерін орындамауы және заңды түрде кәсіпкерлікпен айналыспағандығымен тұжырымдаған.

Кассациялық сот алқа мұндай тұжырымдар іс бойынша анықталған мән-жайларға қайшы келетінін және апелляциялық сот алқа материалдық құқық нормаларын дұрыс колданбағанынан туындаған деп табады.

Осы азаматтық істі жергілікті соттар қарау кезінде қолданыста болған «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы №4 нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес заңды тұлғаны тіркеуді (қайта тіркеуді) жарамсыз деп тану үшін негіздердің бірі ретінде заңды тұлғаның тіркелген орны бойынша болмауын талап қою арызында көрсету кезінде соттар мұндай істер бойынша заңды тұлғаның мекенжайының анықтығымен байланысты мәселелерді зерттеу және оларды шешу маңызды болып табылатынын ескеру қажет.

Заңды тұлғаның орналасқан жері туралы мәліметтердің жеткіліксіздігі туралы, атап айтқанда, мынадай мән-жайлар куәландыра алады: заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) кезінде ұсынылған құжаттарда көрсетілген мекенжайы, олардың барлығына немесе олармен байланыс бұл мекенжай бойынша мүмкін болмайтыны (заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін органы осы мекенжай бойынша орналаспағаны, жүргізілген салықтық тексерулер нәтижелері теріс, хат-хабар ұйымның жоқтығы туралы белгімен қайтарылады) туралы мәліметтері бар көпшілік бөлігіне қатысты өзге де заңды тұлғалардың көп санының мекенжайы ретінде белгіленген, ұсынылған құжаттарда көрсетілген мекенжай іс жүзінде жоқ не үй-жайларды жалға алуға қатысты жалған құжаттар ұсынылған.

Апелляциялық сот алқа Серіктестік тіркелген орны бойынша болмауы Басқарма ұсынған 2021 жылғы 18 наурызда, 16 маусымда, 17 және 30 қыркүйекте, 12 қазанда, 2022 жылғы 24 маусым және 5 шілдеде жасалған салықтық зерттеп-қарау актілерін дәлелдеме деп көрсеткен.

Алайда, көрсетілген салықтық зерттеп-қарау актілерінің белгілі болғандай «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы Кодексінің 607-бабының 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделгендей бірде-бір хабарлама Серіктестікке жолданбаған.

Басқарма тарапынан салықтық зерттеп-қарау жүргізуге негіз болмауына байланысты жүргізілген салықтық зерттеп-қарау актілері заң талабына сәйкес келмеуіне байланысты олар дәлелдеме ретінде жол берілмейтін мәліметтер қатарына жатқызуына тиіс.

Салықтық зерттеп-қарауды жүргізуге Салық кодексінің 607-бабының 2- тармағының 7) тармақшасында көзделген хабарламаны орындамаған салық төлеушінің іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау қажеттілігі негіз болған.

Салық кодексінің 96-бабының 4-тармағына сай салық органы камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны бұзушылық жойылмаған немесе бұзушылық толық көлемде жойылмаған жағдайларда орындалмады деп таниды.

Сонымен қатар, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалмады деп танылған кезде салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындалмаған деп тану туралы шешiм шығарады.

Салық органы талап қоюға қоса немесе азаматтық іс жергілікті соттарда қаралу барысында камералдық бақылау нәтижелерi бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалмаған деп тану туралы бірде-бір шешім ұсынылмаған.

Талап қоюшы азаматтық іс материалдарына салық органының лауазымды адамның және тартылған куәгерлердің салықтық зерттеп-қарау актілеріне Салық кодексінің 71-бабының 7-тармағына сәйкес қол қойған даналарын ұсынбаған.

Мұндай жағдайда Салық кодексінің 71-бабының 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген салықтық зерттеп-қарау жүргізуі тіркелмеген және расталмаған болып саналады.

Сонымен қатар, Басқарманың бас маманы [...] 2022 жылы 24 маусымда 19.33 сағатта жүргізілген салықтық зерттеп-қарау актісі Салық кодексінің 70-бабының 1-тармағында көрсетілген салықтық зерттеп-қарау салық төлеушінің (салық агентінің) тіркеу деректерінде көрсетілгендей орналасқан жері бойынша жұмыс уақытында жүргізіледі - деген талабын өрескел түрде бұзып отыр.

Сот алқасы, Серіктестіктің штаттық бірлігінде оның қызмет түрлерімен айналысатын жұмыскерлер болғаны және сол жұмыскерлермен еңбек шарттары жасалғаны анықталмаған деген шындыққа сәйкес келмейтін тұжырымдар жасаған.

Апелляциялық сатыдағы сот «Салық төлеушінің кабинеті» ақпараттық жүйесі арқылы тапсырылған, Серіктестіктің жұмыс күшінің бары туралы салықтық есептілік нысандарын зерттемеген.

Материалдық-техникалық ресурстары бойынша ақпараттар азаматтық іс сотта қаралған кезде тіркелемегені көрсетілген. Алайда, жылжымайтын мүліктің жоқтығы (барлығы) туралы анықтамаға сәйкес Серіктестіктің меншігінде бұрын цех, қойма, жер телімдері, бастырма, асхана жылжымайтын мүліктері болғаны көрсетілген.

Бірінші сатыдағы соттың Серіктестік заңды түрде кәсіпкерлікпен айналысқаны салық органы оған қатысты 2019 жылғы 12 қыркүйектен 2020 жылғы 16 қараша аралығында құжаттық салық тексерудің қорытындысымен жасалған актісімен дәлелденетіні туралы тұжырымды кассациялық сот алқа негізді деп табады.

Апелляциялық сот алқа көрсеткен 2020 жылғы 6 ақпандағы заңды күшіне енген сот шешімімен Серіктестік пен «ПК[...]» ЖШС-нің арасындағы жалпы құны 204 278 319 теңге құрайтын мәмілелер жарамсыз деп танылған, өйткені Серіктестік іс жүзінде жұмыстар орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей, жалған шот-фактуралар жазғандығы туралы негіздемелер істің мән-жайына сәйкес келмейді. Көрсетілген сот шешімі бойынша жарамсыз деп танылған мәмілелерде Серіктестік сатып-алушы, ал жабдықтаушы «ПК[...]» ЖШС-і екендігі көрінеді.

Iс бойынша дәлелдемелердi қарап-тексеру, оларға құқықтық баға беру процестік нормалараның талаптары сақталмағаны салдарынан апелляциялық сот алқасымен материалдық құқық нормалары бұзылып, даудың дұрыс шешілмеуіне, салық органының талап қоюын негізсiз қанағаттандыруына әкеп соқтырды.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде осы iс бойынша қабылданған апелляциялық сот алқа қаулысының күші жойылып бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға тиіс. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысының күші жойылып, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 13 қазандағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «ТК[...]» ЖШС-нің өкілінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н. Шәріпов

Ж. Қашқынбаева

Судьялар

Н. Сұлтанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.