6001-21-00-3гп/259 6001-21-00-3гп/259(2) 6001-21-00-3гп/259(3)
ҚАУЛЫ
14 шілде 2021 жыл Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа төрағасы М.Таймерденов, судьялар Б.Д.Мақұлбеков және Н.Қ.Сұлтанов, прокурор Д[...],
жауапкер М[...], жауапкерлердің өкілі Б[...], Төлеби ауданы Алатау ауылдық округі әкімінің өкілі Ж[...], аудармашы М[...] қатысуларымен мобильді бейнеконференц байланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – ММ, Басқарма) жауапкерлер Б[...], М[...], Төлеби ауданы «Алатау ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «А[...] арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің Төлеби аудандық бөлімшесіне, жеке нотариус А[...] Алатау ауылдық округі әкімінің 6 ақпан 2017 жылғы №4 санды, 1 тамыз 2019 жылғы №50 санды шешімдерін, жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін кадастрлық №[...] санды сәйкестендіру актісін, жер учаскесіне құқық беруді анықтау комиссиясының 3 қараша 2009 жылғы №42 хаттамасын, Б[...] атына 14 000 шаршы метр жер учаскесіне жасақталған қорытындысын, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мен Б[...] арасындағы 9 ақпан 2017 жылғы №5 санды 14 000 шаршы метр жер учаскесін сатып алу-сату келісім шартын және Б[...] пен М[...] арасындағы 20 шілде 2019 жылғы №1319 санды сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 14 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы «G[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен, жауапкер М[...], Төлеби ауданы Алатау ауылдық округтік әкімінен келіп түскен кассациялық өтінішхаттарды қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Төлеби аудандық сотының 2020 жылғы 3 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 14 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, Басқарманың талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
«Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» ММ (бұдан әрі - Бөлім) мен Б[...] арасындағы 2017 жылғы 9 ақпандағы №5 санды алаңы 14 000 шаршы метр жер учаскесін және Б[...] пен М[...] арасындағы 2017 жылғы 20 шілдедегі №1319 санды сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылған.
Басқарманың Алатау ауылдық округі әкімінің 2017 жылғы 6 ақпандағы №04 санды, 2019 жылғы 1 тамыздағы №50 санды шешімдерін, жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру актісін, жер учаскесіне құқық беруді анықтау комиссиясының 2009 жылғы 3 қарашадағы №42 хаттамасымен Б[...] атына 14 000 шаршы метр жер учаскесіне жасақталған қорытындысын жарамсыз деп тану туралы бөліктері бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Осы сот алқасының 2020 жылғы 14 қазандағы жеке ұйғарымымен азаматтық істі қарау барысында анықталған заң бұзушылықтар жөнінде тиісті шаралар қолдану үшін Түркістан облысының прокурорына хабарланып, қабылданған шара жөнінде бір ай мерзім ішінде Түркістан облыстық сотына хабарлау міндеті жүктелген.
Өтінішхатта Төлеби ауданы Алатау ауылдық округінің әкімі, М[...], мүдделі тұлға «G[...]» ЖШС (әрі қарай - ЖШС) қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, сот алқасы істі қарау барысында материалдық құқық нормасын бұзғанын, іс бойынша мәнжайларды дұрыс анықтамағанын көрсетіп, қабылданған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Сонымен бірге, өтінішхаттың бұрын уақытында беріліп, кемшіліктерді жою үшін қайтарылуына байланысты кассациялық шағым келтіру мерзімін өткізіп алғандықтан, оны қалпына келтіруді сұраған.
Осыдан бұрын берілген өтінішхаттардың уақтылы беріліп, алайда процестік заңнаманың талаптарына сәйкес ресімделмегеніне байланысты кері қайтарылғанын ескеріп және әділеттілік қағидаларын негізге алып, сот алқасы өтініште көрсетілген уәждерді дәлелді себептер деп танып, дау айтылған сот актісіне шағым жасау мерзімін қалпына келтіру қажет деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Аталған азаматтық істі қарау және шешу барысында төмендегідей мәнжайлар анықталған:
Түркістан облысы, [...] мекен-жайында орналасқан, кадастрлық нөмірі №[...] санды жер учаскесі (әрі қарай – даулы жер) дау нысаны болып табылады.
Атап айтқанда, Алатау ауылдық округі әкімінің 4 қараша 2009 жылғы №77 санды шешіміне сәйкес, Төлеби аудандық жер учаскесіне құқық беруді анықтау комиссиясының 2009 жылғы 3 қарашадағы №42 санды хаттамасының қорытындысына сәйкес, Алатау ауылында орналасқан көлемі 1 400 шаршы метр халыққа техникалық қызмет көрсету орталығының жер учаскесі жауапкер Б[...] бағалық құнымен жеке меншік құқығымен сатылып берілген.
Ары қарай, аталған ауылдық округі әкімінің 4 қараша 2009 жылғы №77 санды шешіміне өзгерістер енгізу туралы Алатау ауылдық округі әкімінің 6 ақпан 2017 жылғы №04 санды шешіміне сәйкес «жалпы жер көлемінің ауданы 1 400 ш.м.» деген сөздер «А[...][...] пайдалануындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жер учаскесі бағалық құнымен жеке меншік құқығымен сатып берілсін. Жалпы жер көлемінің ауданы 14 000 ш.м. деген сөздермен өзгертіліп оқылсын» - деген толықтырулар енгізілген.
9 ақпан 2017 жылғы №05 санды жер учаскесін жеке меншік құқығымен сатып алу-сату шартына сәйкес «Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімімен» жауапкер Б[...] арасында шарт жасалып, даулы жер учаскесі 3 094 000 теңгеге сатылған.
Өз кезегінде, 20 шілде 2017 жылғы жер телімін сатып алу-сату келісім шартына сәйкес жауапкер Б[...] даулы жер учаскесін азамат М[...] 7 000 000 теңгеге бағалап, сатып жіберген.
Қаралып отырған іс бойынша жауапкер деп танылған М[...] даулы жер учаскесіне минералды және шырынды сусындар шығаратын цех салған. Талап қоюшы мемлекеттік мекеме өзінің талап қою арызын Алатау ауылдық округінің әкімі 6 ақпан 2017 жылғы №04 санды шешімді қабылдау барысында Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (әрі қарай – Жер кодексі) 43-бабының талаптарын сақтамай, Төлеби аудандық тұрақты жер комиссиясының оң қорытындысын алмай, заңнама нормаларын бұзған деген уәждермен негіздеген.
Бірінші сатыдағы сот даулы жер учаскесін жекеменшік құқығымен иелікке беру және сату барысында ауылдық округтің әкімі өзіне Жер кодексімен реттелген өкілеттіктердің шеңберінде әрекет жасаған, заң бұзушылықтарға жол берілмеген деген қорытындыға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасы қолданыстағы заңнамаларға сілтеме жасай отырып, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талап қою арызының бір бөлігін өндірісімен қысқартып, ал даулы жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану бөлігінде жаңа шешім қабылдап, осы бөлікте талап қою арызын қанағаттандырған.
ЖШС өзінің өтінішхатында заңды тұлға ретінде 6 желтоқсан 2016 жылы мемлекеттік тіркеуден өткенін, ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы жауапкер М[...] болып табылатынын, 2019 жылғы 25 қарашада М[...] ЖШС-нің жарғылық капиталының 60 %-ы мөлшеріндегі бөлігін инвестор К[...] сатқанын, осы шешім 13 қаңтар 2020 жылы тіркеуден өткенін, қабылданған сот актілерімен ЖШС ретінде өзінің құқықтарының бұзылғанын, яғни сот отырысына шақырылмағанын және қатыспағандығын көрсеткен.
Ж[...].М[...] өтінішхатын даулы жер учаскесін адал сатып алушы екенін, ЖШС-нің өндірісін көтеруге өзінің және шетелдік инвестордың мол қаржысы жұмсалғандығы туралы уәждермен негіздеген.
Алатау ауылдық округі әкімінің өтінішхатында даулы жер учаскесін беру және сату, оның нысаналы мақсатын өзгерту барысында қолданыстағы жер қатынастарын реттейтін заңнамалардың талаптары толық сақталғандығы көрсетілген.
Азаматтық істің материалдарымен, өтінішхаттардың уәжімен танысып, тараптардың пікірлерін, прокурордың дауланып отырған сот актісінің күшін жойып, істі қайта қарауға жолдау туралы қорытындысын тыңдап, кассациялық сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Жер қатынастарынан туындайтын осы дауды қарап, шешу барысында жергілікті соттар қолданыстағы материалдық және процестік заңнамалардың өрескел сақталмауына жол берген.
Атап айтқанда, ЖШС заңды тұлға ретінде 6 желтоқсан 2016 жылы мемлекеттік тіркеуден өтіп, оның жалғыз құрылтайшысы ретінде жауапкер М[...] танылғаны жоғарыда айтылған. ЖШС-нің жарғылық капиталы 300 000 теңгені құраған.
2019 жылдың 26 ақпанында М[...] даулы жер учаскесін және онда салынған ғимараттарды жарғылық капиталына қосу жөнінде шешім қабылдап, ЖШС-нің жарғылық капиталын 12 000 000 теңгеге дейін ұлғайтқан.
Ары қарай, ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы ретінде М[...] 2020 жылдың 25 қарашасында ЖШС-нің 11 400 000 теңгеге бағаланған жарғылық капиталының 60 %-ы мөлшеріндегі бөлігін инвестор К[...] сатқан.
Нәтижесінде, ЖШС-нің қатысушыларының құрамы өзгеріп, аталған
ЖШС 2020 жылғы 13 қаңтарда қайтадан мемлекеттік тіркеуден өткен.
Аталған ЖШС-нің 2016 жылы құрылғанына және тіркеуден өткеніне, азаматтық істің 2020 жылы қаралғанына қарамастан, жергілікті соттар оны осы істің қарауына шақырмаған және қатыстырмаған.
Соның нәтижесінде ЖШС-нің заңмен қорғалатын мүліктік мүдделеріне нұқсан келіп, оның құқықтары мен міндеттерінің бұзылуына жол берілген.
АПК-нің 427-бабы 4-бөлігінің 4)-тармақшасының талаптарына сәйкес сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешкен болса кез келген жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалуына және анықталуына жеткілікті назар аудармаған.
АПК-нің 224-бабының 1-бөлігінің талаптарына сәйкес сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс.
Бірінші сатыдағы соттың шешімі процестік заңнаманың көрсетілген қағидаларына да сай келмейді.
Сот шешімінде даулы құқықтық қатынастардың қолданыстағы қандай материалдық заңнамалардың нормаларымен реттелетіні, қабылданған шешімнің құқықтық негіздері көрсетілмеген. Атап айтқанда, Алатау ауылдық округі әкімінің мемлекеттік жер телімін жер пайдаланушыларға беру жөніндегі Жер кодексімен реттелетін қызметтік өкілеттіктері талқыланбаған және әкімнің 4 қараша 2009 жылғы №77 санды және 6 ақпан 2017 жылғы №04 санды шешімдерді қабылдауына құқықтық тұрғыдан баға берілмеген.
Сонымен қатар, даулы жер учаскесінің нысаналы мақсаты 4 қараша 2009 жылғы №77 санды шешімге сәйкес Б[...] пайдалануындағы халыққа техникалық қызмет көрсету орталығының жер учаскесі ретінде анықталған.
Ал, 6 ақпан 2017 жылғы №04 санды шешімнің мазмұнына сәйкес даулы жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертілмеген және осы жер учаскесі кейіннен қандай негіздермен сатып алу-сату шартының объектісі болғаны бірінші сатыдағы сотта зерттелмеген.
2017 жылғы 12 шілдедегі сатып алу-сату келісім шартына сәйкес жауапкер М[...] даулы жер учаскесін жеке тұлға ретінде сатып алған, ал ЖШС аталған келісім шарттың тарабы ретінде көрсетілмеген.
Іс материалдарына сәйкес, даулы жер учаскесінің жоғарыда көрсетілген нысаналы мақсаты ауылдық округ әкімінің 7 тамыз 2019 жылғы №50 санды шешіміне сәйкес минералды және шырынды сусындар шығаратын цехтің құрылысы үшін деп өзгертілген.
Алайда, осы шешімді қабылдауда ауылдық округтің әкімі Жер кодексінің қандай нормаларын басшылыққа алғаны және өзінің қызметтік өкілдіктерінің шеңберінде әрекет жасағаны айқындалмаған.
Тағы бір назар аударатын мәселе – Бөлімнің басшысы минералды және шырынды сусындар шығаратын цехтің, алаңы – 1,4 га, жерге орналастыру жобасын 2019 жылғы 30 мамыр күні №51 санды бұйрығымен бекіткен.
Ал, жоғарыда көрсетілгендей, даулы жердің нысаналы мақсаты әкімнің 7 тамыз 2019 жылғы №50 санды шешімімен өзгертілгенін ескерсек, жердің нысаналы мақсаты өзгертілмей тұрып, цехтің құрылысы жүргізіліп, оны жерге орналастыру туралы бұйрықтың қабылданғанын аңғаруға болады.
Іс бойынша осы қарама-қайшылықтарға құқықтық баға берілмеген. Сондай-ақ, іс бойынша Төлеби ауданы «Алатау ауылдық округінің аппараты» мемлекеттік мекемесі жауапкер ретінде тартылған.
Алайда аталған мемлекеттік мекеме қаралып отырған даулы жер учаскесіне қатысты ешқандай шешім қабылдамаған және сатып алу-сату келісім шарттарының тарабы ретінде көрсетілмеген.
Қолданыстағы заңнамалардың талаптарына сәйкес іске аталған мемлекеттік мекеме емес, Алатау ауылдық округінің әкімдігі жауапкер ретінде қатысуы қажет еді.
Дегенмен, бірінші сатыдағы сот тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен алмастыру туралы мәселені талқыламаған. ЖШС-нің өтінішхатында талап қоюшы мемлекеттік мекеме талап қоюдың үш жылдық мерзімін дәлелсіз себептермен өткізіп алған деген уәждер келтірілген.
Қорыта айтқанда, азаматтық дауды қарау және шешу барысында жіберілген материалдық және процестік заңнамалардың талаптарының сақталмауы өрескел заң бұзушылық деп танылады және дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіз болады.
Соттың іске қатысуға тартылмаған тұлғалардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешуіне байланысты азаматтық іс бірінші сатыдағы сотқа басқа сот құрамымен қарау үшін жолданады.
Істі қайта қарау барысында даулы қатынастарға қатысты құқықтары мен міндеттері қозғалатын барлық тұлғаларды анықтап, талап қою арызының нысанасы мен негіздерін толық айқындап, жауапкерлердің қарсылықтарының уәждерін жан-жақты, объективті түрде зерделеп, жиналған дәлелдемелер негізінде заңды сот актісін қабылдау қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы,
Өтінішхаттарды беру мерзімі қалпына келтірілсін.
Төлеби аудандық сотының 2020 жылғы 3 тамыздағы шешімінің және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 14 қазандағы қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс негізінен қайта қарау үшін Төлеби аудандық сотына жіберілсін.
Ж[...] өтінішхаттары ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
М.Таймерденов
Судьялар Б.Мақұлбеков
Н.Сұлтанов Көшірмесі дұрыс Судья Б.Мақұлбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.