Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 06.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/559 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/559

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 6 қазан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова,

судьялар А.К.Айкенова, Д.Д.Махметова,

талап қоюшы С.К.Тілеуқабылдың және оның өкілі Е.Е.Таженовтың, жауапкердің өкілі Т.У.Даутбековтың қатысуларымен,

бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Сүндет Қайсарұлы Тілеуқабылдың (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі «Түркістан облысының полиция департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне орташа жалақысын өндіру туралы іс бойынша шығарылған Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 наурыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электрондық форматтағы азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Департаменттің 2024 жылғы 30 шілдедегі №521 ж/қ бұйрығы (бұдан әрі - даулы бұйрық) заңсыз деп танылып, күші жойылған, талап қоюшы Департаменттің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі қызметіне қайта орналастырылған.

Департаменттен талап қоюшының пайдасына лажсыз бос жүрген күндеріне 1 748 128 теңге жалақысы, 50 000 теңге өкілдің көмегіне жұмсалған сот шығыны, мемлекет пайдасына 52 443,84 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Алқа қаулысымен аталған сот шешімінің күші жойылып, талап қоюшының талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында алқа қаулысымен келіспей, оның күшін жоюды сұраған, өйткені өзінің әрекеттері «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Занының (бұдан әрі - Заң) 80-бабы 2-1тармағында көрсетілген теріс қылықтарға жатпайды, өзі тәртіптік комиссияға шақыртылмаған, даулы бұйрық 2024 жылғы 14 тамызда ғана танысқан, медициналық куәландырудың қорытындысымен «мас емес, сау» екендігі анықталған, даулы бұйрық шығарылғанда еңбекке жарамсыз парағында болған, өзінен түсініктеме талап етілмеген, яғни жұмыстан шығару тәртібі сақталмаған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушыларды тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан,

материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот Заң талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге сот заңмен көзделген барлық шараларды жасаған. Анықталғандай, талап қоюшы 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Департаменттің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі лауазымын атқарған.

2024 жылғы 28 шілдеде азаматтар Ә.Ә.Есіркеп және Ә.Ә.Есіркеп Шымкент қалалық полиция департаментінің Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына арызданып, онда сағат 4.00 шамасында «Бенжамен» түнгі клубында өздерін бейтаныс ер адамдардың себепсіз ұрып-соққаны туралы көрсетілген.

Жедел тергеу тобымен төбелеске қатысты адамдар басқармаға жеткізіліп, олардың ішінде талап қоюшы да болған, тиісінше Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі 1) тармағымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Талап қоюшы тергеп-тексеру барысында берген түсінігінде оқиға болған күні тунгі клубта досымен бірге жүріп, спирттік ішімдік ішкенін, ерегістің салдарынан бейтаныс адамды ұрғанын, өз іс-әрекеттерін мойындайтынын және шын өкінетінін көрсеткен.

Ал, қызметтік тергеу барысында талап қоюшының Шымкент қаласында себепсіз жүргені, оған басқа гарнизонға шығуға ешқандай іссапар бұйрығы болмағаны анықталған.

Сонымен қатар, талап қоюшы 2024 жылғы 29 шілдеде Департаментке таңғы жиналысқа және күні бойы жұмыс орнына келмеген, бұл жөнінде басқарма бастығымен баянат жазылғаны анықталған. Осыған орай, яғни 2024 жылғы 28 шілдеде талап қоюшы полиция қызметкері бола тұра, қызмет атқару аумағынан басқа гарнизонға басшылықтың рұқсатынсыз шығып, түнгі клубқа барып, құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау, оны алдын алу тікелей міндетіне кіретініне қарамастан, онда бейтаныс адамдарды себепсіз ұрып, бұзақылық әрекеттерге жол беріп, полиция қызметкеріне тән емес теріс қылық жасағаны үшін және 2024 жылғы 29 шілдеде 1 күн жұмысқа себепсіз келмей, келмеу себептерін басшылыққа баяндамағаны даулы бұрықтың шығарылуына негіз болған.

Демек, Департамент тарапынан Заңның 80-бабының 1-тармағының 13) тармақшасы талап қоюшыға қатысты негізді қолданылып, тәртіптік жаза ретінде атқарып жүрген лауазымынан және ішкі істер органдарынан теріс қылықпен дұрыс шығарылған.

Талап қоюшымен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы №78 қаулысымен бекітілген «Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз ету» Қағидаларының талаптары бұзыла отырып ашылған, себебі ол тиісті емес медициналық ұйымдағы дәрігерге қаралып, ведомстволық медициналық ұйымдарына жүгінбеген. Істің мұндай тұрғысында, Заңның 57-бабына сай Департаментпен талап қоюшымен жасалған теріс қылықтың мазмұны мен сипаты, ауырлығы мен оқиғаның мән-жайлары нақты анықталып, тиісінше қызметкердің кінәлілік дәрежесі дұрыс бағаланған.

Өз кезегінде, талап қоюшы АПК-нің 72-бабына сәйкес Департаменттің уәждерін теріске шығаратын нақты дәлелдемелерді сотқа ұсынған жоқ.

Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы түйіндерімен келіседі.

Шағым уәждері алқа тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мәнжайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, шағымдалған сот актісінің күшін жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сондықтан сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 наурыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.С.Джаппарова

судьялар А.К.Айкенова

Д.Д. Махметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.