ВС РК - Постановление от 24.05.2017 по делу 6001-18-00-6КГ/6 (Об административном правонарушении)

6кг-6-18 көшірме

Қ А У Л Ы

2017 жылғы 24 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева, судьялар М.Балкен, Н.Жолдасбеков,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры Т[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған Б[...],

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі А[...] қатысуларымен кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс құралын қолдану арқылы Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 27 қарашадағы және Қызылорда облыстық сотының 2017 жылдың 27 желтоқсандағы қаулыларына келтірген наразылықпен түскен Б[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 608-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 27 қарашадағы қаулысымен Б[...] әрекетінде ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты оған қатысты қозғалған әкімшілік іс сот өндірісінен тоқтатылып, соңғы әкімшілік жауаптылықтан босатылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгерізсіз қалдырылған.

Бас Прокурордың орынбасары наразылығында соттың қаулыларымен келіспей, олардың күшін жойып, әкімшілік істі қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған. Себебі қабылданған сот актілері құқық нормаларын қолданудағы бірізділікті бұзатын жағдайға жатады, сондай-ақ осыған ұқсас істер бойынша қабылданған сот актілеріне қайшы келеді. Наразылықты қуаттаған прокурор Т[...], онымен толық келіспей, сот қаулыларын өзгерізсіз күшінде қалдыруды сұраған Б[...], Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі А[...] тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді. Жергілікті соттар істі қысқартканда Б[...] 9 күннен кейін 2017 жылғы 31 қазанда Қызылорда облысы бойынша Сот - сараптамалары институтында (бұдан әрі Институт) ақылы тәртіппен өзінің наркология орталығына тапсырған қанын қайта зерттеуді сұрағаны туралы, нәтижесінде сол қанды зерттегенде оның құрамында 0,395% промилле этил спирті бар екендігі туралы Институттың 2017 жылғы 31 қазандағы №2 қортындысына сүйенген.

Алайда соттардың мұндай тұжырымдамасы негізсіз және заңға

сәйкес келмейді.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Б[...] 2017 жылғы 21 қазанда сағат 11:00 шамасында өзінің басқаруындағы мемлекеттік тіркеу нөмірі [...] «Honda» маркалы автокөлігін Қызылорда қаласы, [...] тұсында алкогольдік масаң күйде басқарған. Полициямен оның автокөлігі сол күні автотұраққа қойылған.

Кейіннен, Б[...] масаңдық дәрежесін анықтау үшін ол сол күні облыстық наркология орталығына жеткізілген. Сол жерде Б[...] клиникалық жан-күйі тексеріліп, бірақ ол алкотесттен өтуден бас тартып, қанын зерттеуді сұрап, қанын тапсырған.

Адамның масаң күйін анықтау үшін тек оның қанындағы алкогольдің өлшемі жеткілікті емес, сонымен бірге адамның жалпы жағдайы зерттелеуі қажет (сөйлеу қабілеті, қозғалу күйі, ромберг кейпінде тұру, ауызынан алкогольдік иіс шығу және тағы басқалар). Яғни, екі көрсеткіштің жиынтығы нәтижесімен қорытынды шығарылады.

Бастапқы 2017 жылғы 23 қазандағы №4503 медициналық қорытындыға сәйкес, Б[...] клиникалық жай-күйі, яғни терісі қызарып тұрғаны, Ромберг кейпінде шайқалғаны, қолдары дірілдегені, ауызынан спецификалық алкогольдің иісі шыққаны анықталған.

Осы деректердің және қан құрамындағы алкоголь өлшемі көрсеткішінің нәтижесімен дәрігер А[...] жүргізуші Б[...] жеңіл дәрежедегі алкогольді масаң күйде болғаны туралы қорытынды берген. Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 13 шілдедегі №504 бұйрығымен бекітілген «Психикалық белсенді затты пайдалану фактісін және мас күйін анықтау үшін медициналық куәландыру жүргізу туралы» Қағиданың (бұдан әрі-Қағида) 21 және 22 тармақтарына сәйкес, егер куәландырылушы адам куәландыру нәтижелерімен келіспеген жағдайда, қайталама медициналық куәландыру жүргізіледі және ол алғашқы куәландырудан кейін екі сағаттан кешіктірмей өткізіледі.

Алайда, Б[...] осы наркология орталығына қайталама тексеру жүргізу туралы өтініш білдірмей, бастапқы куәландырудан 9 күннен кейін эксперттік мекеме - Институтқа қанын тексеру туралы жүгінген. Оның үстіне Б[...] қанын тексеру жөнінде басқа сараптама мекемесіне жүгінген, Институт оның тек қанын ғана тексерген, ал Қағида талабы қажет ететін клиникалық жай-күйі тексерілмеген.

Демек, Институттың сараптамасы оның жай-күйін толық ашпаған.

Қызылорда облыстық наркология орталығының бас дәрігері Н[...] 2017 жылғы 5 желтоқсанда берген хатында 10 күндік мерзім өтуіне байланысты және қан сақталған пробирка бірнеше рет ашылғандықтан, қандағы этанол буланып, оның құрамында алкогольдің өлшемі өзгерілетінін көрсеткен.

Сонымен қатар, ӘҚБтК-тің 772-бабында сараптама тағайындау және жүргізу тәртібі көзделген. Осы баптың 3-бөлігіне сәйкес, сараптама жүргізуінде әкімшілік іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) тараптардың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамашылығымен тағайындалады. Бірақ, Б[...] полиция органына немесе сотқа сараптама тағайындау туралы жүгінбеген, мұндай құжаттар істе жоқ.

Аталған мән-жайлар жергілікті соттардың назарынан тыс қалған.

Сондай-ақ, Б[...] өзінің Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының атына берген түсінігінде 2017 жылғы 20 қазанда сағат 22:00-де 2 стакан коньяк және ертеңіне 21 қазан күні сағат 11:00-де 2 бөтелке сыра ішкенін көрсеткен.

Кейіннен Б[...] аталған түсінікті осы органның жедел уәкілі Ш[...] қорқытып, жаздыртып алғанын көрсеткен. Алайда, оның бұл уәжін Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің Өзіндік қауіпсіздік тобы тексерген. 2017 жылғы 30 қарашадағы қызметтік тексеру қорытындысына сәйкес, Б[...] оған қысым келтірілгені жөніндегі уәждері өз дәлелін таппаған. Қызметтік тексеру аясында жүргізілген полиграфиялық зерттеу нәтижесі бойынша Ш[...] жауабының күмәндігіне ешқандай белгі болмаған, ал Б[...] жауабында айтарлықтай ауытқу белгілері анықталып, оның шағымында келтірген деректері жалған екені көрсетілген.

ӘҚБтК-тің 819-бабының 1-бөлігіне сәйкес, судья, әкімшілік істі қарау кезінде құқық бұзушылықтың жасалғанын-жасалмағанын, тұлғаның кінәлілігін-кінәсіздігін, жауаптылыққа жататынынжатпайтынын, сондай-ақ істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға міндетті. ӘҚБтК-нің 840-бабының 1)-тармақшасында судьяның іс бойынша қаулыда жазылған істің нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, наразылықты қарау кезінде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі іс бойынша қаулының күшін жоюға негіз болып табылады.

Осыған орай, сот актілерінің күші жойылуға және әкімшілік іс Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына өзге құрамда қайта қарауға, ал Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандыруға жатады.

Қайта қарау барысында бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған барлық мән-жайларға тиісті құқықтық баға бере отырып, заңды шешім қабылдау қажет. Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Б[...] қатысты Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 27 қарашадағы және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы қаулыларының күші жойылып, әкімшілік іс өзге құрамда қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.

Іс бойынша өндіріс қайта жаңғыртылсын. Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар М. Балкен

Н. Жолдасбеков

Көшірмесі дұрыс. Судья Н. Жолдасбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.