ВС РК - Постановление от 29.01.2024 по делу 6001-24-00-3Г/121 (Гражданское)

6001-24-00-3г/121

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 29 қаңтар

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Н.К.Сұлтанов,

талап қоюшы «Аяла» дара кәсіпкері атынан әрекет етуші Қ[...] жауапкер «Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының № 8 Жаңақорған ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Мекеме) мемлекеттік сатып алу туралы шарты бойынша жеткізілген тауарды қабылдауды міндеттеу туралы талап қоюымен қозғалған электрондық азаматтық ісі бойынша қабылданған

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы Мекеменің өтінішхатын алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«Аяла»» дара кәсіпкері атынан әрекет етуші Қ[...] (бұдан әрі – «Аяла» ДК) жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда шарт бойынша жеткізілген спорттық тауарды Мекеменің қабылдамауы негізсіз деген уәждерімен оларды қабылдауды міндеттеуді сұраған.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 16 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Мекемеге 2023 жылғы 28 наурызда жасалған №48 тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарты бойынша жеткізілген техникалық ерекшелігіне сәйкес келетін тауарды қабылдау міндеттелген.

Сот шығындары туралы сұрақ қаралған.

Өтінішхат иесі апелляциялық сот актісімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, аталған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін өз күшінде қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық алқаның тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға негіз бар.

Іс құжаттарынан көрінгендей, тараптар арасында 2023 жылғы 23 наурызында мемлекеттік сатып алу туралы шарты (бұдан әрі – Шарт) жасалғаны анықталған. Шарттың талаптары бойынша «Аяла» ДК тауарды жеткізуге, ал Мекеме тауарды қабылдап, төлем жасауға міндеттенген. Тауардың сипаттамасы - 98 дана спорттық татами, оның ішінде 32 сары түсті, 66 дана қызыл түсті. Орындау уақыты – шартқа қол қойылған күннен бастап 16 жұмыс күні болып белгіленген.

Дегенмен аталған шарт 2023 жылы 29 наурызда тіркелгендіктен, тауарды жеткізу 2023 жылдың 19 сәуіріне дейін орындау қажет болған.

Іс құжаттарынан мәлім болғандай, талап қоюшы 2023 жылдың 4 мамырында тек 68 дана татами ғана жеткізген. Бірақ, жеткізілген тауар шарттың талаптарына сәйкес келмейтініне байланысты жауапкермен қабылданбаған және бұл туралы акт толтырылған.

Алайда талап қоюшы жауапкердің бұл әрекеттерімен келіспей жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының бұл талабынан келесі негіздермен бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Сонымен, шарттың 2-қосымшасына сәйкес тауардың техникалық ерекшеліктері бойынша спорттық татами «А» санатындағы дзюдо күресі бойынша өткізілетін жарыстарға арналған халықаралық стандарттарға сай болу керек.

Сот, шарттың қосымшасында татами салмағының екі түрлі көрсетілгенін анықтаған. Яғни, қосымшада 16-18 киллограм деп көрсетілген болса, соңынан 7,7 немесе 3,8 киллограм деп көрсетілген. Сондай-ақ, бұл параметрлер тапсырыс берушімен келісу қажет деп көрсетілген.

Азаматтық істі қарау барысында бірініш сатыдағы сот, талап қоюшының жеткізген тауары техникалық ерекшеліктерге сәйкес емес деген пікірге келген. Өйткені сот істі зерделеу кезінде, талап қоюшының техникалық сипаттамада көрсетілген спорттық татамидың қалыңдығы 4 сантиметр, салмағы 3,8 киллограм, көлемі 2 метр х 1 метр деп көрсетілген техникалық ерекшеліктегі талапты ғана ескере отырып тауарды жеткізгегін, ал жауапкердің сотқа ұсынған дәделдемелерін (фото, видео) зерттеу кезінде татамидің арасында бос кеңістіктер бар екенін анықтаған.

Негізінен сотта анықталғандай, жеткізілуге жататын 98 дана татамидің тек 68 данасы ғана жеткізіліп, 29 данасы істі қарау барысында жеткізілген, қалған 1 татами мүлдем жеткізілмеген. Осы мән-жайларды ескере отырып сот, талап қоюды қанағаттандыруға негіз жоқ деген тұжырымға келген.

Өз кезегінде, апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен келіспеген. Апелляциялық сот талап қоюды

қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығара отырып, тауардың техникалық ерекшеліктері бойынша оның салмағына және басқа да талаптарына екі бөлек талап қойылғандықтан, талап қоюшының жеткізген тауары стандартқа сәйкес келеді деп есептеген.

Сонымен қатар, қабылдау актісі жауапкермен біржақты толтырылған немесе оның толтыру күні көрсетілмей жасалған, сондай-ақ, тауардың қандай техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтіні туралы актіде көрсетілмеген деген пікірге келе отырып, бірінші сатыдағы соттың бұл мән-жайларға дұрыс баға бермей, тек жауапкердің ұсынған фото-видео жазбасына сілтеме жасаған деген түйінге келген.

Өйткені, техникалық ерекшелікте татамидің салмағы 7,7 немесе 3,8 киллограм деп көрсетілгенін біле тұра, талап қоюшының жеткізген 5 киллограмм татамиды қабылдамауы қисынға сай келмейді деп есептеген.

Бұған қоса, апелляциялық алқамен «Аяла» ДК атынан әрекет етуші Қ[...] тарапынан тауарды шартта көрсетілген мерзімде жеткізілмеу фактісі анықталғандықтан, Мекеме Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мемлекеттік сатып алудың жозықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен жүгінгені де анықталған. Бірақ, осы соттың 2023 жылғы 13 маусымдағы шешімімен Мекеменің бұл талабы қанағаттандырусыз қалдырылған, сот шешімі апелляциялық алқада дауланбаған.

Өтінішхат иесі апелляциялық алқаның бұл шешімімен келіспей олардың

істі бір жақты қарағанын көрсетіп, келесі уәждерді келтірген:

  • шарт 2023 жылы 29 наурызда тіркеліп, оны орындау мерзімі 2023 жылдың 19 сәуіріне дейін болған. Жеткізуге тиіс болған 98 дана татамидің 68 данасы мерзімінен кешіктіріліп 2023 жылдың 4 мамырында жеткізілгенін;

  • жіберілген татамилердің салмағы және көлемі жағынан стандартқа сәйкес келмейтінін;

  • осы күнге дейін тауар түгелдей жеткізілмегендіктен, шарттың тиісінше орындалмағанын көрсеткен.

Өтінішхат уәждерін және электрондық іс материалдарын алдын ала зерделеп, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер мен дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға негіздердің бар екенін көрсетеді.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья,

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы «Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының № 8 Жаңақорған ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья

Н.К. Сұлтанов

Көшірмесі дұрыс судья

Н.К. Сұлтанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.