ВС РК - Постановление от 28.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2733 (Административное)

6001-24-00-6ап/2733

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 28 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар - Ш.Т. Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Нариман Акжолулы Саудбаевтың жауапкер «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 2 ақпандағы №9 хаттамасының төлем жүргізілуге жатпайды деп қабылданған бөлігін жарамсыз деп тану, тұрғын үй төлемдерін жүргізу туралы қолайлы акт шығаруға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,

Шымкент гарнизонының әскери сотының 2024 жылғы 12 сәуірдегі шешіміне, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Н.А.Саудбаев сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) шешімін даулаған. Шымкент гарнизонының әскери сотының 2024 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы Н.А.Саудбаев 2003 жылғы 22 мамыр және 2022 жылғы 1 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде шарт бойынша әртүрлі лауазымдарда әскери қызмет атқарған. Департамент бастығының 2022 жылғы 5 тамыздағы №191 бұйрығымен подполковник С.Н.Саудбаев жауынгерлік даярлық және әскерлер қызметі басқармасының консультанты лауазымына тағайындалған. 2024 жылғы 6 қаңтарда Н.А.Саудбаев өзін және отбасы мүшелері: әйелі – А.И.Егенбергенованы, ұлы – Р.Н.Акжолды, қызы - А.Н.Ақжолды, қызы – Р.Н.Ақжолды, ұлы – А.Н.Ақжолды, ұлы – А.Н.Ақжолды, ұлы – Т.Н.Ақжолды тұрғын үй алу кезегіне қою және тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы баянатпен жүгінген.

Департаменттің тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 2 ақпандағы отырысында, Н.А.Саудбаевтың өзін және отбасы мүшелерін тұрғын үй алу кезегіне қою және тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы баянаты қаралып, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 101-3-бабы 1-тармағы 1)-тармақшасының негізінде С.Н.Саудбаев және отбасы мүшелері тұрғын үйге мұқтаж деп танылған, алайда аталған Заңның 101-4-бабы 2-тармағының 7)-тармақшасына сәйкес, жылжымайтын мүлікті - Түркістан облысы, Леңгір қаласы, 1 мөлтек ауданы, №11 үй, 49 пәтерін жеке иелігіне алуына байланысты тұрғын үй төлемдері төленбейтіні туралы шешім қабылданған.

Н.А.Саудбаев Департамент шешімінің тұрғын үй төлемдері төленбейтіні туралы бөлігін даулап, жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, Н.А.Саудбаевқа тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыруға негіз болмағандығымен уәждеп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 7-бабында белгіленген заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

ӘРПК-нің 13-бабының 1-бөлігіне сай, әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады. Заңның 101-бабының 1-тармағына сәйкес, егер осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде өзгеше көзделмесе, әскери қызметшілердің (мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді, резервтегі әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшілерді қоспағанда) тұрғынжай құқығын іске асыруы осы тарауда белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы, жүзеге асырылады.

Әскери қызметші не оның зайыбы (жұбайы) осы баптың 6- тармағының бірінші бөлігінде немесе осы Заңның 101-1-бабы 6-тармағының бірінші бөлігінде көзделген тұрғын үй төлемдерін немесе өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алған немесе осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерді орындаған немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырған жағдайларда, тұрғынжай құқығын іске асыру қызметтік тұрғынжай беру арқылы жүзеге асырылады, ал тұрғынжай алаңы осы Заңда белгіленген нормаға сай келетін қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайда, тиісті жеке арнайы шотқа тұрғын үй төлемдері аударылады, олар тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін ғана пайдаланылады.

Департаменттің 2024 жылғы 18 наурыздағы №303 анықтамасы бойынша, подполковник Н.А.Саудбаев Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінде тұрғынжайға мұқтаж деп танылмаған, оған 29 955 744 теңге көлемінде ақшалай өтемақы төленген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2024 жылғы 2 сәуірдегі мәліметіне сәйкес, Н.А.Саудбаевтың атына жылжымайтын мүлік объектісі: меншік құқығы Түркістан облысы, Леңгір қаласы, 1 мөлтек ауданы, №11 үй, 49 пәтері деп тіркелген. Құқықтың пайда болу негізі: 2022 жылғы 6 маусымдағы пәтерді сыйға тарту шарты. Заңның 101-4-бабының 1-тармағының 7)-тармақшасына сәйкес тұрғын үй төлемдері Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында өзге тұрғынжай сатып алған жағдайларда тоқтатылады, бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің болуы не мұраға қалдырылған меншік құқығындағы тұрғынжайдың пайда болуы есепке алынбайды.

Жоғарыдағылар негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың Департамент шешімін заңды деп танып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымдары заңды әрі негізді деп есептейді. АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент гарнизонының әскери сотының 2024 жылғы 12 сәуірдегі шешімі, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б.Дуйсенбаев Судьялар Ш.Т.Даниярова Г.К.Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Судья Г.К.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.