6кп-63-24
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 29 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Мәукен,
судьялар Н.К.Құрманғалиев, Г.Ғ.Исамберлиева, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры А.Төремұратұлы, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Түркістан облысының полиция Департаментінің өкілі Б.М.Дилдабек,
әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға С.Б.Таштеев, оның қорғаушысы - адвокат Е.М.Бимештің қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,
Султанхан Батырханович Таштеевке қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 613-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен С.Б.Таштеев ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты іс жүргізу тоқтатылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзуына байланысты соттың қабылдаған қаулысы қайта қарауға жататыны көрсетілген.
Ұсыну уәждерін қолдаған уәкілетті орган өкілінің, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға және оның адвокатының ұсынуға қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсыну уәждерін қолдап, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот қаулысының өзгеріссіз қалдырылуға жататыны туралы прокурордың қорытындысын тыңдап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай жағдайлар орын алған. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдары мен анықталған мән-жайларына сәйкес келмейді, ал әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өткізіп алынғаны туралы сот тұжырымы негізсіз болып табылады. Іс материалдарына сәйкес С.Б.Таштеев 2024 жылғы 10 наурыз күні сағат 02.15 шамасында, маркасы «NISSAN QASHQAI» 270, мемлекеттік тіркеу белгісі 467 AGU13 санды көлік құралын Түркістан қаласы, Мұңайтпасов көшесі бойында алкогольдік масаң күйде басқарды деген күдікпен, полиция қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамаған.
Аталған факті бойынша С.Б.Таштеевке қатысты ӘҚБтК-нің 613бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Егер белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамаған жағдайда ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылық көзделген.
Бірінші сатыдағы соттың әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс материалдарын негізге ала отырып, С.Б.Таштеевтің құқық бұзушылық жасаудағы кінәсінің дәлелденгені туралы қорытындысы дұрыс болып табылады, яғни С.Б.Таштеевтің әрекеті дұрыс сараланған, әкімшілік жауаптылыққа тартуы заңды.
Аталған құқық бұзушылық әрекетті жасағанын С.Б.Таштеевтің өзі де жоққа шығармаған.
ӘҚБтК-нің 62-бабының 1-бөлігінде көзделгендей, осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа кезде, тұлға әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екі ай өткеннен кейін әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды. Аталған баптың 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолдану мерзімінің өтуі сараптама тағайындалған кезден бастап, прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін қарау кезеңіне, өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған, сондай-ақ іс сотқа немесе мемлекеттік органның әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген лауазымды адамына жіберілген кезден бастап тоқтатыла тұрады.
Іс материалдарына қарағанда, С.Б.Таштеев әкімшілік құқық бұзушылықты 2024 жылғы 10 наурызда жасаған, оған қатысты жасалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жинақталған іс құжаттарымен бірге әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс жүргізудің бірыңғай тізілімі арқылы 2024 жылғы 29 наурызда сотқа жолданып, электрондық құжат айналымы арқылы сотқа келіп түскен, сол кезден бастап мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрған.
Сондықтан бірінші сатыдағы соттың әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен бастап істі сотқа қарауға жолдап, сотқа түскен күнге дейін екі ай, яғни әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтпегені туралы тұжырымы дұрыс.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №12 Нормативтік қаулысының 16-тармағына сай, ӘҚБтК-нің 62-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жазаны қолдану мерзімінің өтуі істі сотқа немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген мемлекеттік органның лауазымды адамына жіберген кезден бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ереже әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау үшін ведомстволығы бойынша басқа мемлекеттік органға берілмейтін жағдайларға да қатысты. Ескіру мерзімін тоқтата тұрудың басталғаны істің сотқа немесе лауазымды адамға мәні бойынша қарауға іс жүзінде жіберілген күнінен айқындалады (поштаға тапсыру, электрондық құжат айналымы арқылы алған күні, тиісті хат-хабарды тізілімде тіркеу күні және тағы басқалары).
ӘҚБтК-нің 829-14-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот қаулысы заңды және негізделген болуға тиіс.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы аталған заң талаптарына сай келмейді, күші жойылуға жатады.
ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігіне сәйкес он төрт жасқа толмаған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге әкімшілік қамаққа алуды қолдануға болмайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің құжаттарымен бекітілгендей, С.Б.Таштеевтің он төрт жасқа толмаған балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әке екені нақты анықталған.
Осыған байланысты кассациялық алқа бірінші сатыдағы сот қаулысы жаза тағайындау бөлігінде өзгертілуге жатады деп санайды. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігі бойынша С.Б.Таштеевке қатысты Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.
Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.
С.Б.Таштеевке қолданылған он бес туәлікке қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазасы жойылсын.
Қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Е.Мәукен
Судьялар Н.Құрманғалиев
Г.Исамберлиева Көшірмесі дұрыс Судья Г.Исамберлиева
Г.Исамберлиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.