ҚАУЛЫ
2025 жылғы 30 шілде 6003-25-00-4к/431 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Р.М.Айнақұлова, Н.М.Кабдрахманова,
талап қоюшы Г.Т.Есенгалиева және оның өкілі Т.Э.Саитгалиевтың қатысуымен
өзінің ашық сот отырысында сот мәжіліс залында талап қоюшы Гульмира Тыныштыковна Есенгалиеваның «Ақтау қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, Ақтау қаласының әкіміне 2022 жылғы 10 қаңтардағы меморандумның №1 қосымшасындағы тізімге қоспау әрекетін заңсыз деп тану және тізімге қосуды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Талап қоюшы Г.Т.Есенгалиева сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы ұйғарымымен Г.Т.Есенгалиеваның талап қоюы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігінің 11)тармақшасына сәйкес қайтарылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымында талап қоюшы жоғарыда аталған соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, ұйғарымдардың күшін жоюды сұраған.
Мүдделі тұлға «Юпитер Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кассациялық шағымға қарсы пікір жолдап, істі өздерінің қатысуынсыз қарауды сұрады.
Тиісті түрде хабарланған жауапкерлердің өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, талап қоюшы мен оның өкілін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттармен анықталғаны, Г.Т.Есенгалиева мен «RICH AQTAU» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында 2020 жылғы 20 тамызда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату туралы алдынала келісім шарты жасалған.
Ақтау қалалық сотының 2022 жылғы бірнеше үкімдерімен «RICH AQTAU» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысының орынбасары Ф.Р.Валиева Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190бабымен кінәлі деп танылып, оған бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалған.
Ақтау қаласының әкімдігі мен «Юпитер Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында 2022 жылғы 10 қаңтарда меморандум келісімі жасалып, оның №1 қосымшасында жәбірленуші деп танылған 43 үлескердің тізімі көрсетілген. Осы меморандумға сәйкес, «Юпитер Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үлескерлердің талаптарын қанағаттандыруға, жаңа тұрғын үй кешенінен оларды пәтермен қамтамасыз етуге міндеттенген. Бұл меморандум үлескерлерге көмек көрсету, қоғамдық ахуалды тұрақтандыру мақсатында жасалған.
Ақтау қалалық сотының 2024 жылғы 30 тамыздағы үкімімен «RICH AQTAU» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысының орынбасары Ф.Р.Валиева Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190бабының үшінші бөлігінің 1)-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, Г.Т.Есенгалиеваның пайдасына 8190000 теңге өндірілген.
Г.Т.Есенгалиева 2024 жылғы 16 қазанда Ақтау қаласының әкімдігінен өзін меморандумның №1 қосымшасындағы тізімге қосуды сұраған, алайда 2024 жылғы 5 қарашада оған бұл тізімге қосу мүмкіндігі жоқ екендігі туралы жауап берілген. Соттар тараптар арасындағы жария-құқықтық қатынастар туындамағанын, меморандум ешқандай міндеттеме жүктемейтінін көрсетіп, талап қоюды қайтарған.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.
Өйткені ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11)-тармағына сәйкес, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот (судья) мынадай негіздер бойынша талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Меморандум мәміле болып табылады, одан талап қоюшы мен жауапкерлер арасында ешқандай жария-құқықтық қатынас туындамайды, келісім-шартқа өзгеріс енгізу немесе оны тоқтату әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды, сондықтан талап қоюшының уәждері төменгі саты соттарымен зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Сонымен қатар, «Юпитер Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазіргі таңда міндеттерін орындағаны анықталды.
Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылдың 23 қаңтарындағы ұйғарымы, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Төлеев
Судьялар:
Р. Айнакулова Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.