Қ А У Л Ы
2026 жылғы 8 сәуір №6003-25-00-2к/5002 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья А.А.Даненова, судьялар: А.Б.Тоқсанбаев, Қ.Р.Айтжанов, талап қоюшының өкілі Н.А.Абдиева, жауапкердің өкілі Н.М.Тамабаевтың қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау Министрлігі санитарлық-эпидемияологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жауапкер «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тарифті қолдану жөніндегі әрекетін заңсыз деп тану, қызметтердің ақысын қайта есептеп беруді міндеттеу туралы талап қоюымен қабылданған Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы қаулысына жауапкер «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшы өзінің талап қоюында шарт жасалған кезде жауапкер «1,3 топқа кірмейтін басқа тұтынушылар» 1м3-538,35 теңгеден есептеу қажет болсада, суды бөлу қызметі үшін мемлекеттік ұйымдарға 1м3-767,26 теңгеден есептегенін, одан басқа, «1,3 топқа кірмейтін басқа тұтынушылар» 1м3- 377,46 теңгеден есептеу қажет болсада, ағын суларды жою қызметі үшін мемлекеттік ұйымдарға 1м3-511,19 теңгеден есептегенін көрсетіп, жауапкердің тарифті қолдану жөніндегі әрекетін заңсыз деп танып, қызметтердің ақысын қайта есептеп беруді міндеттеу туралы талабымен сотқа жүгінген.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «мемлекеттік ұйымдар» тарифін қолдану жөніндегі әрекеті заңсыз деп танылған. «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 31 наурызға дейін төленген қызметтердің ақысын 1,3 топқа кірмейтін басқа тұтынушылар тарифі қолданып, қайта есептеу жүргізу міндеттелген.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен шешім өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкер «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і (бұдан әрі-жауапкер) сот актілерімен келіспей, жергілікті соттар талап қоюшының уәждерін басшылыққа алып, бір жақты сот қаулыларын шығарғанын, дәлелдемелеріне дұрыс құқықтық баға бермегенін, осыған байланысты материалдық құқық нормалары да дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
Кассациялық сот шағым уәждерін зерделеп, жауапкердің өкілінің шағымды қолдаған түсіндірмесін, талап қоюшының өкілінің қарсылығын тыңдап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi. АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
2025 жылғы 20 қаңтарда «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау Министрлігі санитарлық-эпидемияологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығы» филиалы (бұдан әрі-тапсырыс беруші) мен «Су ресурстарыМаркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі-қызмет көрсетуші) арасында тікелей шарт тұжырымы бір дерекөздерден тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы №02 шарты (әрі қарай - шарт) жасалған.
Шарттың №1-қосымшасына сәйкес, жауапкер жалпы сомасы 333 840 теңгеге суды бөлу және ағын суларды кетіру бойынша қызметтерді көрсетуге міндеттелген.
Сондай-ақ, тараптар арасында 2023-2024 жылдар аралығында ұқсас шарттар жасалған.
Аталған шарттар бойынша жауапкер талап қоюшыға суды бөлу және суларды жою бойынша қызметтері үшін «мемлекеттік ұйымдарға» бекітілген тарифті қолдануда.
Жауапкер өзінің міндеттемелерін орындаған.
Талап қоюшы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлға ретінде танылмайтынын көрсете отырып, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алады, сондықтан тарифтер «1,3 топқа кірмейтін басқа тұтынушылар» үшін есептелуі қажет деп санайды.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отыра, талап қоюшының қаржылық-шаруашылық қызметі тек өз қызметінен алынған қаражат есебінен жүргізілетінін және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржыланбайтынын негізге алған. Сондықтан, жауапкердің «мемлекеттік
ұйымдар» тарифін қолдану жөніндегі әрекетін заңсыз деп таныған және талап қоюшы мемлекеттік ұйымдарға жатпайтындықтан, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 31 наурызға дейінгі мерзімде «мемлекеттік ұйымдар» тарифінен 1,3 топқа кірмейтін басқа тұтынушылар тарифіне қайта есептеуді жүргізуді міндеттеуді жауапкерге жүктеген.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырып, оның тұжырымдарымен келіскен. Сонымен қатар, жауапкер тарапынан талап қоюшы қаржылық-шаруашылық қызметі тек өз қызметінен алынған қаражат есебінен жүргізілетінін және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржыландырылатыны туралы, оның 3 топқа жататын тұтынушылар санатына кіретіні туралы дәлелдемелер бермеген деп көрсеткен.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымдары қолданыстағы заң нұсқауларына қайшы келеді деп санайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің 2024 жылғы 24 маусымдағы №41 бұйрығы негізінде жауапкер өз тұтынушыларына суды таратушы желілер арқылы беру қызметтеріне 2024 жылғы 1 қазаннан 2025 жылғы 30 маусымға дейін 1м3 тарифі 2024 жылғы 1 қазаннан бастап төмендегі көрсетілген тарифтерді бекіткен:
1-топ: тұрғындар және жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорындар;
2-топ: 1,3 топқа кірмейтін басқа тұтынушылар;
3-топ: мемлекеттік ұйымдар.
Тарифтерді зерттеу барысында, «мемлекеттік ұйымдар» үшін тарифі «1,3 топқа кірмейтін басқа тұтынушылар» тарифіне қарағанда жоғары.
Осылайша, тарифтер құзыретті органмен белгілеген, ал тұтынушының осы немесе басқа санатқа жатқызылуы жауапкермен жасалатын шартта көзделген.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылдың 16 сәуіріндегі №94 Заңында «бюджеттік ұйымдар» ұғымы анықталған. Заң бойынша, бұл мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындар.
Осылайша, «бюджеттік ұйым» мемлекеттің толық қамқорлығында болуын білдіреді.
Тарифтерді бекіту уәкілетті органның құзыретіне жатады. Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 26-бабы 2- тармағының 3) тармақшасына сәйкес табиғи монополия субъектісі тек бекітілген тарифтерді қолдануға міндетті.
Осы заңға сәйкес табиғи монополия субъектісі: бекітілген тариф бойынша реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуға, тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділіктің тең жағдайларын ұсынуға, ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне тұтынушылармен үлгiлік шарттарға сәйкес жеке шарттар жасасуға міндетті. Шымкент қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің 2025 жылғы 7 сәуірдегі №79-02-07/230-И хаты да осыны растайды, сондықтан тарифтерді қолдану «Су ресурстары - Маркетинг» ЖШСі үшін міндетті, оларды өз бетінше өзгертуге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі - заң) 1-бабының 7-тармақшасында коммуналдық заңды тұлғалар - мүлкі коммуналдық меншікте тұрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелер деп танылған.
Аталған заңның 1-бабының 14) және 37)-тармақшыларына сәйкес мемлекеттік заңды тұлғалар - мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер болып бөлінеді.
Мемлекеттік мекеме - басқарушылық, әлеуметтік-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекет құрған және қаржыландырудың қосымша көздері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленбесе, тек қана бюджет немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен қамтылатын коммерциялық емес ұйым болып табылады.
Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын - мемлекет шаруашылық жүргізу құқығында бөліп берген мүлкі бар және өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауап беретін коммерциялық ұйым.
Көрсетілген заңның 132-бабына сәйкес мемлекеттік кәсіпорындарға: 1) шаруашылық жүргізу; 2) жедел басқару (қазыналық кәсіпорындар) құқықтарына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар жатады.
Осы Заңның 140-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік кәсіпорынның қызметі даму жоспарына сәйкес өз табысы және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен алынған бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Бұл мән-жай талап қоюшының 2015 жылғы 8 шілдедегі Жарғысымен де бекітіледі, оның 41-тармағында қызметі өз табысы және бюджет қаражаты есебінен қаржыландыратыны көзделген.
Кәсіпорынның даму жоспарын әзірлеу және бекіту тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды. Республикалық субъектінің мүлікке меншік құқығын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті жүзеге асырылады және құрылтайшысы болып табылады.
Осылайша, кәсіпорын мемлекетпен құрылған. Заң және Жарғыда кәсіпорын мемлекеттік бюджеттен де қаржыландыратыны көрсетілгендіктен, талап қоюшы кәсіпорын тек өзінің табысынан қаржыландыратынын дәлелдей алмады.
Монополияға қарсы органмен бекітілген «Мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын заңды тұлғаларға» деген тариф тек мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын тұтынушыларға қатысты емес, бұл тариф басқа, өзінің табысынан және бюджеттен қаржыландыратын, мемлекеттік мекемелерімен құрылған заңды тұлғаларға арналған.
Қолданыстағы заңменен, талап қоюшының Жарғысымен де, сонымен қатар сотқа берілген дәлелдемелерімен де талап қоюшы қаржылық-
шаруашылық қызметі тек өз қызметінен алынған қаражат есебінен жүргізілетінін дәлелдей алмады.
Жоғарыда көрсетілген негіздерге байланысты, жауапкердің тарифті қолдану кезінде «мемлекеттік ұйымдар» санатын пайдалану дұрыс әрі заңды болып табылады. Жауапкер уәкілетті орган бекіткен тарифтерден тыс өз бетінше ешқандай өзгеріс енгізбеген.
Осылайша, жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтап, құқықтық баға беру барысында заң нормаларын дұрыс қолданбай, негізсіз сот актілерін қабылдаған. Сондықтан сот актілерінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюшының «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау Министрлігі санитарлық-эпидемияологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жауапкер «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тарифті қолдану жөніндегі әрекетін заңсыз деп тану, қызметтердің ақысын қайта есептеп беруді міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылуға жатады.
Жауапкердің кассациялық шағымдағы уәждері сот актілерінің күшін жоюға негіз болып табылады. Сондықтан жауапкердің шағымы қанағаттандыруға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8)- тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 11 тамыздағы шешімінің және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы қаулысының күші жойылсын, іс бойынша жаңа шешім шығарылсын.
«Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау Министрлігі санитарлықэпидемияологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жауапкер «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тарифті қолдану жөніндегі әрекетін заңсыз деп тану, қызметтердің ақысын қайта есептеп беруді міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
«Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау Министрлігі санитарлықэпидемияологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына мемлекеттік бажға төленген 1 966 (бір мың тоғыз жүз алпыс алты) шығыны өндірілсін.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағатандырылсын.
Төрағалық етуші судья
А.А.Даненова
А.Б.Тоқсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.