6001-23-00-3г/3420
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 14 тамыз
А с т а н а қ а л а с ы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы Н[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қызылорда облысының Әділет департаменті» РММ-ге, жауапкер жағындағы даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» РММ-ге тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру және жалақы айырмасын өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 02 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қызылорда облысының Әділет департаменті» РММ-нің өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
Талап қоюшы Н[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қызылорда облысының Әділет департаменті» РММ-ге (бұдан әрі – Әділет департаменті), жауапкер жағындағы даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» РММ-ге тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру және жалақы айырмасын өндіру туралы талаптарымен сотқа жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 30 қарашадағы шешімімен Н[...] талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 02 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім шығарылған:
Әділет департаментінің 2022 жылғы 23 тамыздағы № 25ж тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, оның күші жойылған;
Н[...] бұрынғы жұмыс орны Әділет департаментінің филиалы «Қызылорда қаласының № 1 сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімі» басшысы - аға сот орындаушысы қызметіне қайта орналастырылған;
Әділет департаментінен Н[...] пайдасына жалақысының айырмасы 658692 теңге өндірілген.
Әділет департаменті өтінішхатында Қызылорда облыстық сотының сот алқасының тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық заң нормаларына қайшы екенін көрсетіп, апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жоюды сұраған.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Анықталғандай, талап қоюшы Н[...] 2022 жылғы 23 тамызға дейін Әділет департаментінің филиалы «Қызылорда қаласының № 1 сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің» басшысы – аға сот орындаушысы қызметін атқарған.
Әділет департаментінің 2022 жылғы 01 сәуірдегі № 11-Ж бұйрығымен Н[...] «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасы қолданылған.
Қызылорда облысының прокуратурасының 2022 жылғы 24 маусымдағы № 2-10-22-06232 санды заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы келіп түскен ұсынуында Н[...] «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптары сақталмағаны, атқарушылық құжаттардың орындау мерзімдерінің бұзылуына жол берілгені көрсетілген.
Н[...] 2022 жылғы 29 маусымда берген түсініктерінде, борышкер «А0[...]» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 61 260 теңге өндіру және борышкер ««СПБ[...]»» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 58 340 теңге өндіру туралы атқарушылық өндірістері бойынша орындау мерзімдері бұзылғанымен, атқару құжаттары толық орындалып заң бұзушылықтың жойылғандығы көрсетілген.
Әділет департаментінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № 130-Н санды бұйрығымен қызметтік тергеп-тексеру тағайындалып, ол бұйрықпен Н[...] таныстырылған.
2022 жылғы 14 шілдеде қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы жасалып, Әділет департаментінің тәртіптік комиссиясының қарауына ұсынылған, талап қоюшы Н[...] тексеру қорытындысымен таныстырылған.
2022 жылғы 20 шілдеде тәртіптік комиссиясының отырысы Н[...] қатысуымен өткізіліп, шешімімен оған «мемлекеттік лауазымынан төмендету» түріндегі тәртіптік жазасын қолдану ұсынылып, Әділет департаментінің 2022 жылғы 23 тамыздағы № 23-ж бұйрығымен жұмыскерге «мемлекеттік лауазымын төмендету» түріндегі тәртіптік жазасы қолданылып, Ж.Н[...] департаментінің тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына төмендетілген.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы № 416-V Заңының (бұдан әрі – № 416-V Заң) 44-бабының 1-тармағына сай мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы – мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерін құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы.
№ 416-V Заңның 44-бабының 3, 4-тармақтарында тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге қолданылатын жаза түрлері айқындалған. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза уақытша бос мемлекеттік лауазымды қоспағанда, кез келген төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану Қағдаларының (бұдан әрі – Қағида) 27-тармағына сәйкес алып тасталмаған ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түрiнде қолданылған жаза болған кезде мемлекеттік әкімшілік қызметші жасаған теріс қылық елеулі теріс қылық болып табылады, ол үшін қызметшіге қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түрiндегi жаза қолданылады.
Қызылорда қалалық соты талапты қанағаттандырусыз қалдыра отырып, тәртіптік жазаның қолдану мерзімі бұзылмағандығын, теріс қылықтың орын алғандығы тәртіптік комиссия шешімімен анықталғанын, Әділет департамент басшысына тәртіптік жаза қолдану туралы ұсынысымен Н[...] еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінен жұмысқа шыққаннан кейін 2022 жылғы 23 тамызда тәртіптік комиссия хаттамасымен таныстырылғанын, сол күнмен тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық шығарылып, аталған бұйрықпен талап қоюшы таныстырылғанын көрсеткен. Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің жалпы саны Қағиданың 60-тармағына сәйкес қатысқанымен негіздеген.
Қызылорда облыстық сотымен бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары жалпы материалдық заңның талаптарына және іс бойынша анықталған мәнжайларға сәйкес келмейді деп танылған.
Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшы Н[...] атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті атқарушылық әрекеттер жасалып, атқару құжаттары толық орындалғанын, сот актісінің заңда белгіленген мерзімде борышкермен орындалмауына талап қоюшы жауапты емес екенін, сол себепті еңбек тәртібі, қызметтік міндеттері бұзылмағанын көрсеткен.
Өтінішхат иесі, «СПБ[...]» ЖШС мен «A0[...]» ЖШС атқару құжаттарын орындау барысында Н[...] құжат айналымы жүйесі арқылы өндірісте көрсетілген мерзімде шығыс хаттары жолданбағаны анықталғанын, қызметтік тергеп-тексеру және сот барысында талап қоюшымен атқарушылық өндіріске хаттар негізсіз, алдау мақсатында тігілгенін мәлімдеген.
2022 жылғы 25 мамырдағы № 08-8/508 хат осындай шығыс нөмірмен құжат айналымы арқылы Каспий Банк АҚ ҚФ-ға, 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 08-8/410 хаты шығыс нөмірмен құжат айналымы арқылы Қазақстан Халық Банк АҚ ҚФ-ға жолданылғанын, ал Н[...] алдау мақсатында «A0[...]» ЖСШ-ге жолданылғаны жөнінде хат атқарушылық өндіріске тігіліп, қызметтік тергеп-тексеру жүргізгендерге және сотқа ұсынылған.
Ал, «СПБ[...]» ЖШС-ге 2022 жылы 27 сәуірдегі № 08-8/328, 2022 жылғы 25 мамырдағы № 08-8/303 хатттары мүлдем жолданылмай жалған шығыс нөмірлері қойылып, атқарушылық өндіріске тігілген.
2023 жылғы 12 маусымда аталған құжаттар бойынша Қызылорда облыстық прокуратурасымен қылмыстық құқық бұзушылықтың анықталғаны жөнінде Н[...] қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 416-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс белгілерінің жеткілікті деректері жинақталғанын ескеріліп, аталған факті бойынша ақпараттар есепке алу кітабына тіркеліп, тиісті деректер процестік шешім қабылдау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне (әрі қарай - СЖҚІА Департаменті) жолданған.
Өз кезегінде СЖҚІА Департаменті 2023 жылғы 12 маусымдағы № 2-10-2304956 хатымен ол деректерді Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 181-бабының 5-бөлігіне сай тергеп-тексеру үшін Әділет департаментіне жолдаған, қазіргі таңда Әділет департаментімен тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Өтінішхат иесі, Әділет департаментімен жоғарыда аталған мән-жайлар көрсетіліп дәлелді құжаттар ұсынғанымен, Қызылорда облыстық сотының сот алқасы оларға тиісті баға бермей, талапкер тарапынан ұсынылған күмән келтіретін құжаттарды басшылыққа алып, екі ай мерзімі ішінде Н[...] атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті атқарушылық шаралар қолданылғаны, атқару құжаттары толық орындалғаны, орындалу мерзімінің бұзылуында сот орындаушының кінәсі жоқ екені туралы қате тұжырымдар жасаған деп жазған.
Сонымен қатар, сот актісінің заңда белгіленген мерзім ішінде борышкермен орындалмауына, сот орындаушы Н[...] жауапты болуға тиісті емес деген апелляциялық сот алқасының тұжырымы қолданыстағы заң талаптарына қайшы келетінін көрсеткен. Өйткені, заңда нақты көрсетілген мерзімді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгіленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық іс жүргізу қозғалған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде аяқталуы тиіс екенін ескерткен.
Нақтылап айтқанда, Әділет департаментіне 2022 жылғы 24 маусымда Қызылорда облыстық прокуратурасының № 2-10-22 06232 санды заң бұзушылықты жою туралы ұсынуы келіп түскеннен кейін ғана жоғарыда аталған екі атқарушылық өндірістер сол жылғы 28-29 маусымда орындалғанын апелляциялық сот алқасы назарынан тыс қалдырғанын көрсеткен.
Өтінішхат иесі Н[...] қатысты тек 2022 жылы жүргізілген қызметтік тексерулер нәтижесінде анықталған өрескел тәртіптік теріс қылықтар орын алғанын, оның тарапынан бірнеше миллиондаған қаржының мемлекет қазынасына түсуіне салғырттық танытқанын, тәртіптік комиссия шешім қабылдағанда сол жағдайларға Қағиданың 31, 32-тармақтарына сәйкес аса мән бергенін атап өткен.
2022 жылғы 31 наурыздағы тәртіптік комиссияның ұсынысымен бөлім басшысының қызметтік жазбасы бойынша Н[...] тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен келісуіне байланысты, оған атқарушылық іс жүргізуде және мемлекеттік қызмет көрсетуде бірнеше заң бұзушылықтарға жол бергені үшін Департамент басшысының 2022 жылғы 01 сәуірдегі № 11ж бұйрығымен қатаң сөгіс түріндегі жаза қолданылғанын ескерткен.
Кейін тәртіптік комиссиясымен жасалған теріс қылықты жасауда Н[...] кінәсінің анықталғанына, алдындағы «қатаң сөгіс» түріндегі тіртіптік жазасының күші жойылмағанына байланысты № 416-V Заңның 44-бабы 3-тармағының 4-1) тармақшасына және 4-тармағына сәйкес «мемлекеттік лауазымын төмендету» түріндегі тәртіптік жазасы заңды және негізді қолданылған деп уәждер келтірген.
Судья өтінішхатта көрсетілген осы және басқа уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 02 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қызылорда облысының Әділет департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты электрондық іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға, тараптарға жолдансын.
Судья
Е. Исмаилов
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.