Қ А У Л Ы
2025 жылғы 23 қазан №6003-25-00-2к/1212 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
прокурор О.С.Пернеевтың, талап қоюшы өкілдері А.Ж.Турабаеваның және А.М.Мақсаттың, жауапкер өкілдері Э.К.Аубакированың, Д.Б.Сандыбаеваның және А.Б.Шумановтың, аудармашы С.М.Кенесовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланның «6506 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) жауапкер «RIVOS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық сомаларын өндіру туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
Бөлім аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағанымен негіздеген.
Сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Серіктестіктен мемлекет пайдасына 766 325 теңге тұрақсыздық айыбы және 22 990 теңге мемлекеттік баж өндірілген, талаптың мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде тану туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Алқа қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, Серіктестік мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған және мемлекет кірісіне 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген, шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Cеріктестік кассациялық шағымында оқиға орын алған күні сарбаздар сауда орталығында тамақтанғандарын, асхана қызметкерлерінен және әскери бөлімнің 231 сарбазынан ішек инфекциялары анықталмағанын, шарт талаптары тиісінше орындалғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,
заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот осындай бұзушылықтарға жол берген.
Анықталғаны, 2023 жылғы 1 наурызда тараптар арасында «Азық-түлік өнімдерін сатып алу жеке құрамды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша мемлекеттік сатып алу туралы» №1 келісім-шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалған. 2024 жылға Шарттың жалпы сомасы 766 325 000 теңге болған.
2025 жылғы 9 қаңтарда тараптардың арасында Шартқа қосымша келісім түзіліп, оның сомасы 2025 жылға 696 369 919 теңге құраған.
2025 жылғы 27 қаңтарда Бөлімнің 8 сарбазы жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, «Жедел ішек инфекциясы. Өткір гастроэнтерит, ауыр дәрежелі» диагнозымен оқшауланып жатқызылған.
2025 жылғы 28 қаңтарда Бөлімнің 36 мерзімді әскери қызметшілерінің улану фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304бабының 1-бөлігімен (санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) қылмыстық ісі тіркелген. Азаматтық істің жергілікті соттарда қаралу кезінде аталған қылмыстық іс бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданбаған.
2025 жылғы 31 қаңтардағы №№2274, 2276, 2277, 2278, 2279, 2280, 2281 және 2282 нәжістің бактериологиялық зертханалық тексерулерінің нәтижесінде сарбаздарда «Clebsiela pnevmonia» бактериялары анықталған. Сол « себепті, оларға Басқа да нақтыланған бактериалды ішек инфекциясы» қорытынды диагнозы қойылған.
Шымкент қаласының Тұран ауданының санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының (бұдан әрі - Басқарма) 2025 жылғы 28 қантардағы қаулысымен Бөлімнің асхана қызметі тоқтатылған.
Басқарманың 2025 жылғы 31 қаңтары мен 10 ақпаны аралығында тергептексеруі барысында Бөлімдегі асханадан бактериологиялық зерттеуге сыртқы ортадан 10 гигиеналық сүртінді, 10 сүртінді патфлораға шайындыларды «Микробиологиялық зерттеу хаттамасы» нәтижесінде №106 азық-түлік тақтайы стафилококк ауреус (St.aureus), №107 шұжық тақтайынан стафилококк ауреус (St.aureus), №117 таза ыдыс тұратын орын, №120 таразыдан, №121 балық кесетін үстел, №122 балық кесетін аппараттан, №124 нан тақтайынан, №125 ет тақтайынан - ішек таяқшалары тобының бактериялары анықталған.
Басқармамен тергеп-тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар жөнінде акті түзіліп, Серіктестікке орын алған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыным берілген.
2025 жылғы 20 ақпанда және 19 наурызда Серіктестік Басқарманың ұсыным актісінде көрсетілген талаптардың толық орындалғаны жөнінде дәлелді құжаттарды және залалсыздандыру жұмыстарының орындалғаны жөнінде актіні қоса тіркей отырып, жауап хаттар берген.
Апелляциялық сот алқасы сот шешімін өзгерту барысында Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 272-бабын басшылыққа алып, Серіктестік санитарлық тергеп-тексеру барысында анықталған кемшіліктермен келіскен және оларды ерікті түрде жою жөнінде шаралар қолданған, сол себепті Бөлімнің 8 сарбазының тағамнан токсикологиялық улануы мен асханадағы ас дайындауда жіберілген кемшіліктер арасында себеп-салдарлы байланыс бар деп тануға жеткілікті негіз бар, 8 сарбаздың «Гиперхаус» сауда орталығында орналасқан «Burgerking» жедел тамақтандыру орнынан тамақтанып, аталған тамақтандыру орнынан сарбаздардан анықталған ішек ауруларын тудыратын қоздырғыштары бар «Clebsiela pnevmonia» бактериясы табылғанын бекітетін дәйекті деректер анықталмаған, Серіктестік асханасында 2024 жылғы 24 қазандағы таңғы асқа дайындалған әрбір кісіге салмағы 20 граммнан берілуі тиіс сары май 17 граммнан беріліп жатқаны анықталған, сол жөнінде Серіктестіктің асхана меңгерушісі А.Лесованы қатыстыра отырып, тиісті акті жасақталған, сол себепті Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп танылуға жатады деген тұжырым жасаған.
Алайда, апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымы асығыс жасалған және іс құжаттары мен істің мән-жайларына негізделмеген.
Алқа қаулысында «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 нормативтік қаулысының 11-тармағына сай, шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес екендігі көрсетілген.
Алайда, Басқарма тарапынан берілген және орындауға міндетті болып табылатын ұсынымның орындалуы, оған сот арқылы шағымданбауы Серіктестіктің улану фактісінің мойындағаны деп танылуы негізсіз.
Істің мән-жайларына қарағанда Серіктестік Бөлімде 2023 жылғы 1 наурыздан бастап қызмет атқаруда, осы оқиғаға дейін қандай да бір улану фактілері немесе өзге де кемшіліктер орын алмаған, асхана қызметі Бөлімнің қызметкерлерімен үнемі тексеріліп отырған және күнделікті бақылауда болған, ал Басқарманың ұсынымында көрсетілген кемшіліктер бір күнде пайда болған бұзушылықтар емес екені анық көрінеді.
Тиісінше ұзақ уақыт бойы орын алып келген кемшіліктердің салдары тек ғана 2025 жылғы 25 қаңтарда, яғни улану фактісі орын алған күні өзінің теріс нәтижесін берді деп тұжырымдауға қандай да бір нақты дәлелдемелер анықталмаған. Өз кезегінде, апелляциялық сот алқасы Бөлімнің 8 сарбазының тағамнан токсикологиялық улануы мен асханадағы ас дайындауда жіберілген кемшіліктер арасында себеп-салдарлы байланыс бар деген тұжырымын болжамдарға ғана негіздеген. Себебі, алқа қаулысына қарағанда сот алқасы бірінші саты сотында анықталған мән-жайларды тізбектеп көрсетумен шектелген, ал істің мәнжайларын толық зерттеуге бағытталған шаралар жасалмаған.
Атап көрсеткенде, Серіктестіктің тұрақты түрде алға тартып келе жатқан улану фактісі орын алған күні 8 сарбаз «Гиперхаус» сауда орталығында орналасқан «Burgerking» жедел тамақтандыру орнынан тамақтанған, сол жерде сарбаздардан анықталған ішек ауруларын тудыратын қоздырғыштары бар болуы мүмкін деген уәжі мүлдем тексерілмеген.
Сот алқасы бұл уәжді теріске шығаратын нақты дәлелдемелерді анықтамастан және тексеруге бағытталған шараларды жасамастан, болджамды түрде «бұл уәжді бекітетін дәйекті деректер анықталмаған» деп қысқаша түйіндеген.
Бұл ретте аталған тамақтану орны іске қатысуға тартылмаған және оның қызметкерлерінен оқиғаға байланысты жауаптар алынбаған, себеп-салдарлы байланыстың бар жоғы маманның ресми немесе сараптама қорытындысымен де нақтыланбаған.
Сарбаздар оқиға болған күні аталған тамақтану орнына барып, тамақтанғандарын жоққа шығармады, іс құжаттарына тіркелген медициналық құжаттарға қарағанда сарбаздардың жауаптары бірнеше рет өзгертілген, бірінші саты сотында сарбаздар сырттан келген күні кешкі асты ішпегендерін көрсеткен.
Осы қарама-қайшы мән-жайлар да апелляциялық сот алқасымен нақты айқындалуы тиіс болған, тиісінше АПК-нің 72-бабына сәйкес тараптар өз уәждерін дәлелдеуге міндетті.
2024 жылғы 24 қазанда жасалған асханада таңғы асқа дайындалған әрбір кісіге салмағы 20 граммнан берілуі тиіс сары май 17 граммнан беріліп жатқаны туралы актіге Серіктестіктің атынан асхана меңгерушісі деп А.Б.Лесова қол қойған, бірақ іске тіркелген Серіктестіктің 2024 жылғы 20 қарашадағы №15 л/с бұйрығына қарағанда А.Б.Лесова 2024 жылғы 20 қарашада жұмысқа қабылданғаны көрінеді.
Ал, жоғарыда аталған қылмыстық іс Серіктестіктің асхана меңгерушісі А.Б.Козыбаковаға қатысты қозғалған.
Яғни, актіге қол қойған күні нақты кім асхана меңгерушісі болғаны және қол қоюға кім құқылы болғаны нақтыланбаған.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 24 қазанда жасалған актіге қарағанда Серіктестікпен Шарт талаптары тиісінше орындалмай жатқаны туралы Бөлімге сол күні белгілі болған, ал сол кезде қолданыста болған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №434-V ЗРК Заңының 12-бабының 4-тармағында бұл санаттағы даулар бойынша талап қою мерзімі күнтізбелік отыз күн деп көзделген.
Алайда, апелляциялық сот алқасымен бұл мән-жайға құқықтық бағасы берілмеген.
Сонымен қатар, бүгінгі күні Серіктестікке немесе оның қызметкерлеріне қатысты улану фактісі бойынша заңды күшіне енген сот үкімі жоқ.
Істің мұндай тұрғысында, яғни АПК-тің 427-бабының 1-бөлігінің 1) тармақшасына сай іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмауына және анықталмауына байланысты, алқа қаулысының күші жойылып, азаматтық іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілуге, Серіктестіктің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 3) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысының күші жойылып, азаматтық іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілсін.
Жауапкер «RIVOS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.