ВС РК - Постановление от 12.09.2024 по делу 6001-24-00-6ап/657 (Административное)

№6001-24-00-6ап/657

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 12 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры

Н.А.Молдаханов,

талап қоюшының өкілі А.Н.Шайбекованың қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының (бұдан әрі – Мұражайлар дирекциясы) «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттiк мекемесiне (бұдан әрі – Департамент) бұзушылықты жою туралы нұсқаманы, әрекетсіздікті заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қаңтардағы ұйғарымы мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі А.Н.Шайбекованың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Мұражайлар дирекциясы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюы кері қайтарылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы талап қоюшының пікірін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.

Іс материалдарын анықталғандай, 2023 жылғы 23 мамырда талап қоюшыға қатысты аудиторлық есеп жасалған.

2023 жылғы 22 қыркүйекте мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша аудиторлық қорытынды шығарылған және 2023 жылғы 26 қыркүйекте анықталған бұзушылықтарды жою, оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама қабылданған.

Осы нұсқамамен талап қоюшыға 200 819,3 мың теңге қаржылық бұзушылық сомасын бюджет кірісіне өтеу, анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылған. Нұсқаманың орындау мерзімі – 2023 жылғы 20 қазан.

Жергілікті соттар талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартып, өтінішті қанағаттандыру үшін негіздің жоқтығын көрсеткен.

Алайда, соттардың бұл тұжырымы негізсіз болып табылады.

Соттармен анықталғандай, талап қоюшы 2023 жылғы 26 қыркүйекте даулы нұсқамамен танысып, онда аудиторлық қорытындымен сотқа дейінгі тәртіппен келіспейтіндігін көрсетіп, 2023 жылғы 18 қазанында жазбаша жауап келтірген. Талап қоюшының уәждеріне жауапкермен жауап берілмеген.

ӘРПК-нің 91 - бабының 1-4 бөліктеріне сай әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы. Осы Кодексте көзделген жағдайларда әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.

Егер әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодексте белгіленген мерзімдерде әкімшілік актіні қабылдамаса, әкімшілік әрекет жасамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік актіні қабылдаудан, әкімшілік әрекет жасаудан бас тартты деп есептеледі.

Шағымды әкімшілік тәртіппен (сотқа дейінгі) қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді. Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, Қазақстан Республикасының Үкіметін қоспағанда, әкімшілік орган, лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдарды қарауға уәкілеттік берілген өзге де әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодекстің мақсаттары үшін шағымды қарайтын орган деп танылады.

Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі. Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді. Бұл ретте әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.

Іс бойынша жауапкер тарапынан жоғарыда көрсетілген тәртіп сақталмағаны, Департаментпен талап қоюшының шағымы жоғары тұрған органға жіберілмегені, шағымның мәні бойынша талап қоюшыға жауап берілмегені анықталған.

Бұл жағдайда, осы талап қоюды беруге арналған мерзім әкімшілік актіге сотқа дейінгі тәртіппен шағымдану мерзімдері өткен сәттен бастап есептелуге тиіс.

ӘРПК-нің 92 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсiздiкке) шағым әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актіні қабылдау немесе әкімшілік әрекет жасау (әрекетсiздiк таныту) туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірмей әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.

ӘРПК-нің 99 – бабына сәйкес шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды. Талап қоюшының шағымын қарау мерзімі 2023 жылғы 17 қарашада аяқталғанын назарға ала отырып, ӘРПК-нің 136-бабы 1-бөлігінің талаптарына сәйкес оған талап қою құқығы осы күннен бастап 19 желтоқсанға дейін пайда болды.

«Төрелік» ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, осы талап қою талап қоюшымен 2023 жылғы 19 желтоқсанында, яғни заңда белгіленген процестік мерзім шегінде тапсырылған. Алайда жергілікті соттар аталған мән-жайларды ескермей, талап қоюды заңсыз кері қайтарған.

Сондықтан іс бойынша шағым беріліп отырған сот актілерінің күшін жоюға, іс бірінші сатыдағы сотқа негізімен қарауға жіберілуге жатады. Іс жаңадан қарауға жолдануына байланысты кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қаңтардағы ұйғарымы мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымының күші жойылсын.

Әкімшілік іс Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына негізімен қарауға жолдансын.

Талап қоюшының өкілі А.Н.Шайбекованың кассациялық шағымды қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.