1
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 қыркүйек № 6399-2500-4а/754 іс Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев,
судьялар Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,
мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі» мемлекеттік мекемесінің өкілі А.Ж. Стамкулованың қатысуымен
ашық сот отырысында Салтанат Махамбеткаримовна Калдарханованың «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге «бюджеттік мекеме қызметкері» санаты бойынша кезегін қалпына келтіруге міндеттеу туралы әкімшілік талап қоюы бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қарашасындағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы С.М. Калдарханова «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» ММ-не (бұдан әрі - Тұрғын үй басқармасы) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қарашасындағы шешімімен С.М. Калдарханованың әкімішілік талап қоюы қанағаттандырылып, «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесі С.М. Калдарханованың 2014 жылғы 10 қаңтардағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге «бюджеттік мекеме қызметкері» санаты бойынша кезегін қалпына келтіруді міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық сатыдағы соттың күшін жоюды сұраған. Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алған.
С.М. Калдарханова 2009 жылғы 2 қазанда Шымкент қаласында орналасан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқытушы ретінде жұмысқа қабылданған. 2014 жылғы 10 қаңтарда талап қоюшы «бюджеттік мекеме қызметкері» санаты бойынша № 4063 санды кезекке қойылған.
2023 жылғы 2 қарашада Тұрғын үй басқармасы бюджеттік мекемемен еңбек қатынастары тоқтатылғанына байланысты талап қоюшыны тұрғын үйге есептен (кезектен) шығарған.
Есептен шығарылған уақыттағы кезек саны № 225 болған.
2024 жылғы 20 ақпанда талап қоюшы «көп балалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үйге кезекке қойылған, кезек саны № 13030.
2024 жылғы 16 қыркүйекте және 19 қыркүйекте талап қоюшы жауапкерге тұрғын үйге кезегін «бюджеттік мекеме қызметкері» санаты бойынша қайта қалпына келтіру туралы өтінішпен жүгінген.
Жауапкер өзінің 2024 жылғы 26 қыркүйектегі № ЖТ-2024-05319530 санды жауап хатында тұрғын үйге құқықтық қатынастардан туындайтын даулар сот тәртібімен шешілетінін көрсетіп, бас тартқан.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда талап қоюшы 2014 жылдың 10 қаңтарында тұрғын үйге кезекке қойылғанда бюджеттік мекеме қызметкері болғанын, осы аралықтарда тұрғын үймен қамтамасыз етілмегенін, есептен 2023 жылғы 2 қарашада шығарылғанда тұрғын үйге кезегі № 225-ші болғанын, ал «көп балалы ана» санаты бойынша тұрғын үйге кезегінің саны 13030 болғанын ескеріп, әділдік және мөлшерлестік қағидаттарын басшылыққа алған.
Апелляциялық сатыдағы сот шешімнің күшін жойғанда талап қоюшы тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен 2023 жылғы 2 қарашада шығарылған кезде, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi санатына жатпағанын, себебі университет коммерциялық емес акционерлік қоғамы ретінде қайта құрылуына байланысты бюджеттік ұйым болмағанымен уәждеген.
Апелляциялық сатыдағы соттың қорытындылары қате, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбауға негізделген.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 97 Заңының (бұдан әрі - Заң) 74-бабының 2- тармағына сәйкес (Заңның 2013 жылғы 4 шілдедегі редакциясы) ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж адамдар есебінің дара (бөлек) тізімдерін жүргізеді, олардың ішінде бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi аталған. Бюджеттік ұйымдар (мемлекеттік мекемелер және қазыналық кәсіпорындар) ұғымы Заңның 2-бабының ұғымдық аппаратына тек 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Заңмен енгізіліп, ол 2020 жылғы 7 қаңтардан бастап қолданысқа енді, яғни осы мезгілге дейін шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар да бюджеттік ұйымдарға жататын. Талап қоюшы 2014 жылғы 10 қаңтарда есепке тұрғанда университет шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылымында болған, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы № 752 қаулысының 1-тармағының 18)-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «М. Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттік университетi» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта құру жолымен жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «М. Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан университетi» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта ұйымдастырылғаны анықталды.
ӘРПК-нің 13-шші бабының бірінші, үшінші бөліктеріне сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады;әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді.
Қарастырылып отырған қатынастарға сенім құқығын қорғау қағидаты қолданылады, себебі жауапкердің әкімшілік әрекетсіздігі салдарынан талап қоюшы жұмыс істеген ұйым коммерциялық емес акционерлік қоғамға қайта құрылған кезден бастап тұрғын ұйге мұқтаждар есебінен шығарылмаған.
Тұрғын үй басқармасына Заңның 74-ші бабының 2-ші тармағының екінші бөлігі бойынша есеп жүргізу міндеттелген. Алайда ол әрекетсіздік танытты, және оның мұндай заңсыз іс-әрекеті талап қоюшы үшін қолайсыз салдарға әкеп соға алмайды.
Бірінші сатыдағы сотының қорытындылары мәні бойынша дұрыс, ал апелляциялық сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған, сондықтан оның қаулысының күші жойылуға жатады.
Мұндай жағдайларда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУ Л Ы ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысының күші толығымен жойылсын.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қарашасындағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі С.М. Калдарханованың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Тулеев
Судьялар
Р. Айнакулова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.