6001-23-00-3г/4362(2)
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 11 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С.Иманиязова талап қоюшы Ю[...] жауапкер М[...], үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Сайрам аудандық тіркеу және жер кадастры бөліміне заңсыз салынған темір қоршау мен бастырманы жауапкердің есебінен мәжбүрлеп бұзу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 30 наурыздағы шешімін және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Ю[...] сенімді өкілі Н[...] өтінішхатын азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап ,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ю[...] жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 30 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы өтінішхатында істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға жатады.
АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Ю[...] Сайрам ауданы, Ақсукент ауылы, Зиябеков көшесі, №16 тұрғын үйдің меншік иесі болып табылады.
М[...] Ақсукент ауылы, Зиябеков көшесі, №[...] үйдің меншік иесі болып табылады, яғни тараптар көршілес жер учаскелерінің меншік иелері.
2004 жылғы 29 маусымдағы Сайрам ауданы Ақсукент [...] шешімінің негізінде Ю[...] Сайрам ауданы Ақсукент [...] орналасқан, алаңы 0,0965 га болатын, тұрғын үй салу үшін, №16 жер учаскесіне жеке меншік құқығы табысталып, №[...] сәйкестендіру актісі рәсімделген.
Осы жер учаскесін өлшеу барысында Ю[...] жер учаскесінің көлемі 0,0739 га (739 ш.м) құраған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Сайрам аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің маманы П[...] 2023 жылғы 27 ақпанда жасалған далалық зерттеу актісіне сай: М[...] кадастрлік №[...] жер учаскесі Ю[...] жер учаскесіне 0,0046 га (46 ш.м) беттесетіні, ал Ю[...] жер учаскесі М[...] жер учаскесіне 0,0213 га (213 ш.м) беттесетіні анықталған.
Өтінішхат беруші жергілікті соттар талап қоюды алдын ала тыңдау кезінде ұсынған дәлелдемелерге нақты баға бермей және іс бойынша мәнжайларды зерттемей, заңсыз шешім қабылдаған деп уәждеген.
Сот шешімінде жер учаскелері беттесетіні көрсетілген, алайда кадастр бөлімінің көрсеткен беттесулермен ешкімнің де дауы болмаған және ол бөлігі бойынша сотта дау айтылмаған. Дау тек қана жауапкердің заңсыз пайдаланып отырған темір қоршауы мен бастырмасы жөнінде сотқа талап қойылған.
Өтінішхатта талап қоюшы көршілес жер учаскесінің иесі жауапкердің үйінің жаңынан айналып өтетін жерінде заңсыз темір қоршау орнатып, сондықтан ол үйінің артқы жағындағы ауласына қарай өте алмай, үйдің іші арқылы кіріп-шығып жүретінін, үлкен жиындар болған кезде қазан, ошақ, отын сияқты заттарды үйінің ішінен алып өтуге мәжбүр екенін көрсеткен.
Сонымен қатар, қоршалған жер учаскесі жауапкердің мемлекеттік актісіне кірмейді және аталған акті бойынша оның жері ауытқулар орын алып, Сұраншы батыр көшесінің үстінде, яғни үлкен жолдың үстінде тұрғанын уәждеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 188-бабының 1 және 2-тармақтарына сай меншiк құқығы дегенiмiз субъектiнiң заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы. Меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы болады.
Алайда қазіргі таңда өзіне тиесілі болған жерін пайдалана алмай және құжаттарды рәсімдей алмай жүргенін арызданушы өтінішхатта уәждеген.
Арызданушының өтінішхатта көршілес жер учаскелері иелерінің арасындағы дау туындаған жағдайда, жер учаскелерінің шекаралары бір-
біріне қабаттасып орналасқаны анықталса, учаскелердің тарихи қалыптасқан шекарасын сот негізге алуға тиіс деп шешімді жариялағаннан кейін түсүндіргеніне назар аударған.
Өтінішхат иесінің пікірінше, ол өзіне тиесілі болған жер учаскесін ашып беруді міндеттеуді сұрағанын біле тұра, соттар дауды нақты шешпеген.
Сондай-ақ, көршілес жер учаскелері иелерінің арасында төрт-бес жыл дау болып жатқанын, жауапкер коршауды өз еркімен бұзудан бас тартқанын және олар келісімге келмегендерін ескермеген.
Іс құжаттарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатта келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 30 наурыздағы шешімін және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Ш.Иманиязова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.